Қызылордалықтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін себептер аталды

42769

Өңір басшылығы қойнауы қазынаға толы жердің ен байлығын ел игілігіне жарата алмай тұр.

Қызылордалықтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін себептер аталды Фото: gov.kz

Ұлттық статистика бюросы Қызылорда облысына қатысты дабыл қағуға тұрарлық деректерін жариялады. Сонымен, 2024 жылғы бірінші тоқсан қорытындысында Қызылорда облысында небәрі 843,4 мың адам қалғаны мәлім болды. Соның ішінде қалалықтар – 396,3 мың немесе жалпы санның 47%-ы ғана. Ауылдықтар – 447,1 мың адам (53%).

Яғни, урбанизация процесі аққұла осы өлкеде тоқыраған. Жалпы, ауылдар гүлденсе, ауылдықтар шаһарға аумас еді. Бірақ статистика бұл өңірде ауылдың өркен жайып жатпағанын паш етті. Мысалы, 2024 жылғы қаңтар-сәуірде облыста 181,1 мың шаршы метр баспана ғана пайдалануға берілген. Соның ішінде 93,7%-ы – көппәтерлі тұрғын үйлер. Бұл ретте іске қосылған ауылдық баспананың – жеке тұрғын үйлердің жалпы алаңы 4%-ға азайып кеткен.

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығының "алшаң" басып, алға адымдағаны шамалы, керісінше стагнация байқалады: 2024 жылғы қаңтар-сәуірде облыстық ауыл экономикасының көрсеткіші – ауыл шаруашылығы өнімдерінің және қызметтерінің жалпы шығарылымы 25 млрд 56,8 млн теңге ғана болған немесе 2023 жылғы ұқсас кезеңнен бергі өсім бар-жоғы 1,7%.

Бірақ алаңдатарлығы бұл емес, облыстан жұрт жаппай кетіп жатқанға ұқсайды және бұл үрдіс соңғы жылдары белең алған.

"Қызылорда облысында көші-қонның теріс айырмасы қалыптасты: 2024 жылғы қаңтар-наурыз айларында өңірден қоныс аударғандар саны көшіп келгендерден 2 216 адамға асып түсті, салыстырғанда, 2023 жылғы қаңтар-наурызда бұл көрсеткіш 924 адамды құраған еді", – деп хабарлады Ұлттық статбюро.

Көңіл жабырқататын статистика мұнымен шектелмейді. 2024 жылғы қаңтар-наурызда облыста 4 772 сәби ғана дүние есігін ашқан, сөйтіп, 2023 жылғы қаңтар-наурыздағыдан 2,2% кеміді.

Қызылордалықтардың өлім-жітімі көбейген. Биылғы үш айда қайтыс болған қызылордалықтар саны 1 102 адамды құрады және 2023 жылғы қаңтар-наурыздағыдан 1,4%-ға көп.

ҰСБ биылғы өз есебінде бұл өңірге қатысты "азайды" деген сөзді біраз қолданыпты.

"Тіркелген заңды тұлғалар саны 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 10 581 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегіден 2,7% азайды, оның өзінде басым көпшілігі немесе 10 222 бірлігі – 100 адамнан аз қызметкері бар ұсақ компаниялар. Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпорын саны 7 922 бірлікті құрап, былтырғыдан 3,1% азайды. 2024 жылғы қаңтар-наурызда еуразиялық одақ елдерімен өзара саудасы 25 млн долларды құрап, 2023 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда 7,2% азайды", – деп мәлім етті Ұлттық статбюро.

Есесіне, облыста инфляция шарықтап бара жатыр. Тіпті ресми статистика бойынша Қызылорда облысында тұтыну бағасының индексі 2024 жылғы қаңтар-мамыр аралығында 108 пайызға жеткен. Бұл – орташасы ғана. Мәселен, өңірде биыл алкогольді ішімдіктер және темекі бағасы 117,5%, қызылордалықтар үшін аса маңызды, қат медициналық қызметтер – 114,1%, қонақүйлер – 113,5%, киім және аяқкиім – 112%, ақылы қызметтер – 110,6%, демалыс және мәдениет қызметтері – 110,4%, тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және отынның басқа да түрлерінің бағасы – 110,2% шарықтап кетті.

Сонымен бірге, 2024 жылғы мамырда Қызылорда облысының аудандары мен қалаларында ең төмен күнкөріс деңгейі небәрі 44 121 теңге болды. Оның өзінде статистика облыс "астанасының" есебінен көркейіп тұр: Қызылорда қаласында ең төменгі күнкөріс деңгейі 44 755 теңге. Жалағаш ауданында – 42 311, Сырдария ауданында – 42 233, Қазалы ауданында – 41 913 теңге, өзгелері де алысқа ұзамаған.

Сарапшылар қазыналы облыс тұрғындарының кедей болатын жөні жоқтығына назар аудартып жүр. Алайда тіпті сол қазба байлықты жете зерттеп, геологиялық барлауға баса мән берілмейтін, инвестиция тартылмайтын көрінеді.

Қызылордалық, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз жолдауында Қазақстанда геологиялық барлау көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу міндетін жүктегенін еске салды.

"Елде геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту көздері мен қаржы бөлу жұмыстары өз деңгейінде емес. Біз келешекті кемел еткіміз келсе, геологиялық зерделеу жұмыстарына үлкен серпін беруге тиіспіз. Қызылорда облысы – жаңа, мол инвестиция тартуға болатын қатты пайдалы қазбалар қорларының басты көздерінің бірі. Алайда аймақта өткен ғасырдың 40–60-шы жылдарынан бері пайдалы қазбаларға ауқымды геологиялық зерттеулер мен барлау жұмыстары жүргізілмеген! Көршілес Қарағанды облысында қатты пайдалы қазбалардың 109 кен орны игеріліпті. Қызылорда облысында тек 2-ақ кен орны жұмыс жасап тұр", – деді Мархабат Жайымбетов.

Айтқандай, биыл AMANAT фракциясы аймақтағы перспективалы учаскелерге зерттеу жүргізуді жеделдетуді, геологиялық барлау саласын дамыту жоспарларын жергілікті жұртшылықпен талқылап, оның ашықтығын қамтамасыз етуді талап еткен болатын. Дегенмен, бұл талапқа шенеуніктер құлақ асатын емес.

Қалай болғанда, Президенттің тапсырмасы аяқасты қалып тұрғандай.

Қызылорда облысында перспективалы учаскелерге зерттеулер жүргізу жағы кемшін екенін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да жоққа шығармады. Бұл іске салынып жатқан қаражат ауқымы да мардымсыз, бірер миллион доллардан аспайды.

"Өңірде жаңа кен орындарын іздеу мақсатында геологиялық барлау жұмыстары, оның ішінде Шу-Сарысу, Сырдария және Арал бассейндерін зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонау 2022 жылы Шу-Сарысу бассейнінде республикалық бюджет есебінен 2,2 млрд теңгені құрайтын жер қойнауын зерттеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, кешенді жүргізілген геологиялық-геофизикалық зерттеулердің нәтижесінде аумақтық тектоникалық-құрылымдық элементтері негізінде тұзды құрылымдардың деңгейі анықталды. Геологиялық-геофизикалық деректер базасы жасақталып, оған Шу-Сарысу шөгінді бассейні мен іргелес аумағында ендігі 100 шақырым болатын заманауи сапалы геофизикалық деректер енгізілді", – деді Р.Скляр.

Бұл жерде жеткілікті қаржыландырудың болмауы кесірінен қызылордалық қазба байлықты анықтау жұмыстарының ұзаққа созылып кеткені аңғарылады.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, Арал бассейнінің шикізат әлеуетін бағалау үшін "Батыс" және "Шығыс" бөліктерінде жүргізіліп жатқан геологиялық-геофизикалық жұмыстар тек ағымдағы жылы аяқталуы мүмкін. Соның нәтижесінде болжамдық ресурстар алдын ала бағаланады, перспективалық құрылымдар анықталады деп күтілуде екен. Бұл жобаның қаржыландыру көлемі 6,3 млрд теңге.

Қаржыландыру жағы қолбайлау болса, зерделеушілердің тым тереңге үңіліп, жан-жақты барлай алуы неғайбыл. Мәселен, 2021-2023 жылдары мемлекеттік жер қойнауын геологиялық зерттеу аясында облыста Солтүстік-Батыс Қаратау ауданының Бүртескен-Ақжар кенді аумағында 1:200 000 масштабта геологиялық-минерагендік карталау жұмыстары жүргізіліпті.

Оның қорытындысында болжамдық ресурсы 13,3 млн тонна болатын мырыш және қорғасынның жалғыз перспективалы учаскесі табылды. Үш жылда бір кен орны ғана.

Сарапшылар Арал теңізінің құрғаған түбін тереңірек зерттеуді ұсынады. Бірақ соның қам-қарекетін жасап жатқан шенділердің қарқынды, қызу тірлігі көрінбейді.

Роман Скляр инвесторларды бұрын зерттелмеген аумақтарға, аз зерттелген және бұрын келешегі аз деп танылып келген шөгінді бассейндерге тарту мақсатында "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексіне түзетулер әзірленгенін жеткізді.

Оның алдын ала атауы – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы". Жаңа заң жобасы аясында билік жер қойнауын пайдаланушыларға, соның ішінде шетелдік инвесторларға көмірсутек шикізатын барлауға және одан әрі өндіруге айрықша құқық бермек.

Қызылорда облысының әкімдігі экономикалық даму көрсеткіштерінің кері кеткенін өңірде мұнайдың таусылып қалғанымен ақтауға тырысып жүр. Үкімет басшысының бірінші орынбасары болса, облыстың жерінің астында басқа да байлық тұнып жатқанын алға тартады.

Қызылорда облысында мұнай сыртында, уран, қатты және кең таралған пайдалы қазбалар, соның ішінде алтын, темір, қорғасын, ванадий, әк, тұз, кварц құмы, доломит, саздақ, құрылыс материалдары және басқасы толып жатыр. Бірақ оларға халықтың қолы жетпейтін түрі бар.

Роман Скляр Сырдария бассейнін зерттеуге республикалық бюджеттен 2024–2025 жылдарға ешқандай қаражат бөлінбегенін хабарлады.

"2024-2025 жылдарға арнап, Сырдария бассейнін зерделеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлу – 2024 жылға арналған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу саласындағы басқа жоспарланған жұмыстар бойынша конкурстық рәсімдер аяқталғаннан кейін және қаржы үнемделген жағдайда ғана мүмкін болады", – деді бірінші вице-премьер. Мұны "үнемделмесе, болмайды" деп түсінуге де болар.

Қазірдің өзінде Қызылорда облысында:

  • жалпы баланстық қоры 29 миллиард тоннаны құрайтын 50 мұнай кен орындары бар: Солтүстік Майбұлақ, Бестөбе, Сұлутабан, Қараколь, Дощан, Батыс Ақшабұлак және тағы да басқа;
  • 8 алтын кен орны: Аммонит, Қарасақал, Батыс Қарасақал, Кендер, Промежуточное, Археолит, Орталық және Оңтүстік Қарамұрын.
  • Қоры 30 миллион тоннаға жуық мырыш және қорғасынның 3 кен орны: Бурабай-Жалғызағаш, Талап, Шалкия;
  • Уранның 5 кен орны: Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын, Солтүстік Хорасан, Иіркөл, Баласауысқан бар.

Әкімқаралар мен орталық биліктегілер "аузын қу шөппен сүртіп" отырғанда, қызылордалықтар бұл өңірде өзі мен ұрпағының болашағы үшін тірек таппай, облыстан үдере көшуін жалғастыруда.

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2024 жылғы қаңтар-сәуір айы бойынша атқарған жұмыстарының қорытындысы.

Қызылорда облысы халқының саны 2024 жылдың қаңтар-наурызында 843,4 мың адамды құрады (2023 жылдың қаңтар-наурызында 836,5 мың адам), оның ішінде қала халқы – 396,3 мың адамды немесе жалпы санның 47% (2023 жылдың қаңтар-наурызында 392,7 мың адам немесе 46,9%), ал ауыл халқы – 447,1 мың адамды немесе 53% (2023 жылдың қаңтар-наурызында 443,8 мың адам немесе 53,1%) құрады. Тиісті кезеңмен салыстырғанда Қызылорда облысы бойынша 0,8%-ға көбейіп, оның ішінде қала халқы – 0,9%-ға және ауыл халқы – 0,7%-ға өскенін байқауға болады.

2024 жылғы қаңтар-сәуірде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 181,1 мың шаршы метрді құрады, соның ішінде, көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы алаңы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 93,7%-ға өсті. Ал, пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің жалпы алаңы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,0% азайды.

2024 жылғы қаңтар-сәуірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы шығарылымын 25056,8 млн теңгені немесе 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 1,7%-ға өскен.

2024 жылғы қаңтар-наурыз айларында көші-қон легінің қарқындылығы әлеуметтік, экономикалық, саяси, экологиялық және басқада факторларға байланысты теріс айырымы – 2 216 адамға (2023жылғы қаңтар-наурыз -924 адам) қалыптасып өңірден қоныс аударғандар саны 11 326 адамды (2023 жылғы қаңтар-наурыз 5 414 адам), ал көшіп келгендерден 9 110 адамды (2023 жылғы қаңтар-наурыз 4 490 адам) құрады. Ол дегеніміз өңірден қоныс аударғандар саны тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,1 есеге өссе, көшіп келгендер саны 2 есеге көбейген.

2024 жылғы қаңтар-наурызда облыста 4 772 сәби дүниеге келген, ал 2023 жылғы қаңтар-наурызда 4 878 сәби немесе 2,2% кеміген.

Қызылорда облысы халықтың табиғи қозғалысы есебі бойынша 2024 жылдың қаңтар-наурызында қайтыс болғандар саны 1 102 адамды құраса, 2023 жылғы қаңтар-наурызда 1 087 адамды құрап 1,4%-ға көбейген.

Тіркелген заңды тұлғалар саны 2024 жылғы 1 мамырға жағдай бойынша 10 581 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 2,7% азайды, оның ішінде 100 адамнан кем қызметкерлері барлар 10 222 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 8 831 бірлікті құрады, оның ішінде шағын кәсіпорындар 8 472 бірлік құрады. Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар (заңды тұлғалар) саны 7 922 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,1% азайды.

Алдын ала деректер бойынша 2024 жылғы қаңтар-наурызда ЕАЭО елдерімен өзара сауда 25 млн АҚШ долларын құрап, 2023 жылғы қаңтар-наурызымен салыстырғанда 7,2% азайды, оның ішінде экспорт 14,9 млн АҚШ долларын (3,4%-ға өсті), импорт 10,1 млн АҚШ долларын құрады (19,2% азайды).

Қызылорда облысында тұтыну бағасының индексі 2024 жылғы қаңтар-мамыр аралығында 108%-ды құраса, 2023 жылдың қаңтар-мамырында 118,5% болған, бұл дегеніміз 10,5%-ға төмендегенін байқауға болады.

Алкогольді ішімдіктер және темекі бағасы 117,5% (2023 жылы 122,8%), денсаулық сақтау 114,1% (2023 жылы 114,3%), Мейрамханалар мен қонақ үйлер 113,5% (2023 жылы 124,1%), киім және аяқкиім – 112% (2023 жылы 119,4%), ақылы қызметтер – 110,6% (2023 жылы 112,8%), демалыс және мәдениет қызметтері – 110,4% (2023 жылы 111,5%), тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және отынның басқа да түрлерінің бағасы – 110,2%-ды (2023 жылы 110,5%) құрайды.

2024 жылғы мамырда Қызылорда облысының аудандары мен қалаларында ең төмен күнкөріс деңгейі 44 121 теңге болса, 2023 жылдың тиісті кезеңінде 43 060 теңгені құраған және 2,5%-өскен. Қызылорда қаласында ең төменгі күнкөріс деңгейі 44 755 теңге. Жалағаш ауданында – 42 311 теңге, Сырдария ауданында – 42 233 теңгені құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу