Қызылорда облысында коронавирустың он шақты ошағы анықталды

Бес мыңға жуық студенттер бақылауға алынып, карантинге жатқызылған.  

Қызылорда облысында коронавирустың он шақты ошағы анықталды

Облыста бүгінгі күні инфекцияның 15 ошағы тіркелген. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовтің мәлімдеді.

Аймақта алғашқы науқас тіркелген бері 8 күн өтті. Коронавирустық инфекцияның 15 ошағы анықталып, 31 науқас тиісті ем-домын алып жатыр.

"Осы уақытта Қармақшы және Шиелі аудандарында – 3 ошақтан, Жаңақорған ауданында – 4 ошақ, Қызылорда қаласында – 5 ошақ тіркеліп тұр. Облыс орталығындағы "Мерей", "Ақмешіт" мөлтек аудандарында және Достық, Сүтемген көшелерінде анықталды. Барлық жерлерге дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, бақылауда. Ошақтардағы жағдай қанағаттанарлық", – дейді басқарма басшысы.

Өткенде ғана Жаңақорған ауданында коронавирус жұқтырған 8 науқас бір отбасынан шыққан еді, ал бүгін бір ошақтан 21 адам індет жұқтырған. Бұларда – бір үйдің адамдары екені белгілі болды.

"Тұрғындар карантин және оқшаулану талаптарын сақтамаудың соңы қауіпті індеттің өршуіне апарып отыр. Аймаққа шетелдерден келгендердің арасынан 2 адамнан, өзге өңірлерден келгендердің ішінен 3 адамнан қауіпті індет анықталды. Басқа қалаларда оқитын студенттер карантин, оқшаулау талаптарын өрескел бұзып отыр. Осы орайда карантин тәртібін қатаң сақтап, өзіңіздің де, өзгенің де өмірлеріне қауіп төндірмеңіздер", – деді басқарма басшысы.

Қауіпті аймақтардан келген бес мыңға жуық студенттер бақылауға алынып, карантинге жатқызылған. Бұлардың көбісі карантинде болу уақыты аяқталуына байланысты бақылаудан алынған.

Бүгінде Covid-19 індетін жұқтырған өңірдегі 31 науқаспен 740 адам байланыста болған. Жақын қарым-қатынаста – 254, потенциалды байланыста болғандар – 486 адамды құрап отыр. Бүгінде барлығы бақылауға алынып, оқшауланған.

Коронавирустың кесірінен оқушылар 4-ші тоқсанды қашықтан оқыту форматында бастайды. Өңірдегі 293 мектепте 161 779 оқушы білім алады. Мектептердің 78% ауылдарда орналасқан. Еді осы ауылдардағы интернеті мен ұялы байланысы жоқ елді мекендердің саны 25-ті құрап отыр. Ондағы мектептерде 2 696 оқушы білім алады. Бұл оқушылар қандай жолмен білім алатынын облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов айтып берді.

"Бұл бағытта тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. Интернеті жоқ елді мекендерде кері байланыс алдын ала жасалып, дайындалған тапсырмалар үйлеріне санитарлық қауіпсіздік талаптары сақтала отырып жеткізілетін болады. Бұл кезең – өтпелі кезең. Қашықтан оқыту форматы елімізде бірінші рет қолданылып отыр. Әрине, түрлі ақаулар, түсінбеушіліктер болуы мүмкін. Қиындыққа қарамастан біз үшін әр баланың білім алуы маңызды. Барлық ата-аналарды ұстаздарға қолдау көрсетуге шақырып, бірлікте жұмыс істеуге шақырамын", – деді Н.Байқадамов.

Нұрбек Дәуренбеков

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу