Қызылорда облысында апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағының бортында болған үш экипаж мүшесі мен тоғыз әскери қызметшінің аты-жөні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Апатта экипаж командирі Роман Костыгов, экипаж командирінің көмекшісі, лейтенант А.Б.Айтбаев және борт технигі, майор Тимур Әділқанұлы Құдайбердиев қаза тапқан. Бортта болған майор Д.А.Қоңырбай, капитан С.М. Масалим, аға сержант М.Р. Шәріпов; кіші сержант А.Т. Абдулманов, аға лейтенант Г.К. Рахымбаев, евфрейторлар – Б. Байбақов, М.А. Жұматов, А.Т. Әбділдинов, К. Сарқытбаевтар да көз жұмды.
Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады.
"27наурыз күні сағат 17:35 кезінде "112" пультіне Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырағаны туралы хабарлама келіп түсті. Тікұшақ анықталмаған себептер бойынша құлап, толығымен өртеніп кетті", – делінген комитеттің хабарламасында.
Аталмыш әуе кемесі ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі екені анықталып отыр. Қазіргі уақытта апаттың мән-жайы анықталу үстінде.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысында құлаған тікұшақта болған экипаж мүшелерінің отбасына көңіл айтты.
"Қызылорда облысында Қорғаныс министрлігінің тікұшағы апатқа ұшырады.Әскери жаттығу кезінде Ақтау – Шымкент бағытында ұшқан. Өкінішке қарай, экипаж мүшелері қаза тапты. Тергеу жұмыстары жүргізіледі. Қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтамын. Отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі", – деп жазды президент Twitter-дегі парақшасында.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің "Алтын жебе" кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғы уақытта әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.
"Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен апат орнына арнайы құрылған ҚР Қорғаныс министрлігінің комиссия жіберілді. Қазіргі уақытта төрт тікұшақтың екеуі Қызылорда қаласына қонды. Ал қалған бір тікұшақ оқиға орнына қайта оралды. Қорғаныс министрлігі ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болған әуе апатының себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр", – делінген министрліктің хабарламасында.