Биыл күріштікке су жеткізе алмай қиыншылық көрген Қызылорда облысы алдағы уақытта судан тағы тапшылық көрмес үшін қала маңындағы Қараөзек ауылынан жаңа су қоймасын салмақ. Жобалық-сметалық құжаттамасы биыл сараптамаға ұсынылса, қаржылық мәселелерін шешу келесі жылға жоспарланған. Бұл жоба іске асса диқандардың проблемасы шешілгелі тұр.
Бұдан бөлек облыс орталығындағы гидроторапта күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жайлы "Қазсушар" РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Хамит Биімбетов былай дейді.
"Қызылорда су торабын жөндеуге биылғы жылы 481 млн теңге, 2021 жылы 1 млрд 420 мың теңге, 2022 жылға 709 млн теңге қарастырылған. Осы үш жылда барлық жұмыстар аяқталуға тиіс. Аталған су торабы 1956 жылы пайдалануға берілген, бірақ осыған дейін күрделі жөндеу көрмеген. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары Әйтек және Жиделі су қоймаларында да жүргізілуде. Бұл қоймалардағы жұмыстар осы жылдың соңына қарай аяқталады. Жиделі су қоймасы желтоқсан айының басында іске қосылады", - деді филиал басшысы.
Хамит Биімбетов, биылғы жылы вегетациялық кезеңнің басында Көксарай контрреттегіші 3 млрд текше метр орнына 2 млрд текше метр ғана су жиғанын, осы себепті судың аз көлемде болып фермерлердің қиын жағдайға тап болғанын атап өтті.
"Жағдайды шешу үшін әкімдік күріш өсіретін шаруашылықтармен бірлесіп, 300 шақырымға жуық ішкі каналдарды тазартты. Біз 61 шақырым магистралдық арнаны тазарттық. Барлығы 90 мың гектар жерге күріш отырғызылды, оларды суару үшін бекітілген кестеге сәйкес су жеткізілді", - деді Х.Биімбетов.
Осылайша кезең-кезеңімен суарылған күріштік алқаптары суармалы судан қатты тарықпаса да мол өнімге қол жеткізді.
Нұрбек Дәуренбеков