Қызылорда-Жезқазған жолының құрылысы қашан басталады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4497

Даулы жол учаскесін қаржыландыруға халықаралық қаржы институттары қызығушылық танытуда.

Қызылорда-Жезқазған жолының құрылысы қашан басталады

Қызылорда-Жезқазған жолына қатысты мәселе көп. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, даулы жол учаскесін қаржыландыруға Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкі қызығушылық танытып отыр.

"Қызылорда-Жезқазған жолының құрылысына қатысты мәселелер пысықталып жатыр. Жол учаскесін қаржыландыруға бірнеше халықаралық қаржы институттары қызығушылық танытуда. Сондай-ақ аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін мемлекеттік органдармен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жобалық жұмыстар 2019 жылы басталады. Оған қажетті қаржы бюджет жобасында қарастырылған", – деді Жеңіс Қасымбек мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Министрдің сөзінше, үйлестіру кеңесінің шешіміне сәйкес, Қызылорда-Жезқазған жолының құрылысына 2020 жылы халықаралық қаржы институттарынан қарыз алу жоспарланған.

Үкімет сағатында парламент мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко автокөлік жолдарының құрылысы жоспарланған мерзімде аяқталмайтынын сынға алды. Сондай-ақ ақы төлеу жүйесін енгізу жоспары да сақталмайды, дейді ол.

"Жол нысандары мен инфрақұрылымын іске қосу жоспары сақталмайды. Мәселен, Орталық-Батыс жобасы бойынша (Астана-Арқалық-Шалқар) 2017-2019 жылдарға арналған жобалау-іздестіру жұмыстары уақытылы аяқталмайтын секілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 909 млн теңге бөлінген. Биыл Ақмола облысының аумағындағы жұмыстарды жүргізуге бөлінген 101 млн теңгенің тек 16,5 млн теңгесі ғана игеріліп отыр. Демек, жобаның басталуы мен аяқталу жоспары тағы да өзгереді деген сөз", – деді Владимир Божко.

Мәжілістің вице-спикері республикалық маңыздағы автокөлік жолдарына ақы төлеу жүйесін енгізуге қатысты мәселе барын еске салды.

"Үкіметтің жоспарына сәйкес, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 2015 жылы жолдың 211 шақырымы, 2016 жылы 469 шақырымы, 2017 жылы 5 296 шақырымы, 2018 жылы 480 шақырымы ақылы жүйеге көшірілуі керек. Бұл ретте, Щучинск-Астана автожолы ғана ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Аталған жол арқылы жылына 1,5 млрд теңге түсіп отыр. "ҚазАвтоЖол" биыл Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас, Астана-Теміртау учаскелерін іске қосуды жоспарлауда. Сондай-ақ тағы 13 ақылы учаскенің бақылау жүйесінің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге кірісті. "ҚазАвтоЖол" аталған жұмыстарды әлдеқашан жүргізуге тиіс еді. Ақылы учаскелерді іске қосу жұмысының үнемі кешіктірілетіні түсініксіз", – деді Владимир Божко.

Оның айтуынша, жол құрылысына қажетті жер учаскелерін бөлу ісінде де  проблема бар. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы министрлігінің орман қорына тиесілі 11 жер учаскесін жол құрылысына беру келісімін ұзақ уақыт бойы жүргізуі негізсіз, дейді ол.  

Жеңіс Қасымбектің сөзінше, Орталық-Батыс жобасы бойынша жол құрылысының кешіктірілуінің өзіндік себебі бар. Үкімет аталған жобаны қаржыландыруда Ислам даму банкінің қаржысынан бас тартты. Осылайша, жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыру туралы шешім шығарылды.         

"Еліміздің орталығы мен батысын байланыстыратын Орталық-Батыс жобасына Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Қандыағаш, Ақтөбе-Атырау-Астрахань және Атырау-Бейнеу-Ақтау бағыттары еніп отыр. Бүгінде жалпы ұзындығы 798 шақырымды құрайтын Атырау-Бейнеу-Ақтау учаскесі толықтай қалпына келтірілді. Қазір Қандығаш-Мақат (299 шақырым) учаскесінде жұмыстар жүргізілуде. Жобаның кешіктірілуі қаржыландыру көзінің өзгеруіне байланысты. Осыған орай, Ақтөбе-Қандығаш (60 шақырым) және Атырау-Астрахань (60 шақырым) учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізіле бастады. Ал 2019 жылы Орталық-Батыс жобасының барлық учаскесінде жұмыс басталады. Жоба 2021 жылы аяқталады", – деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің сөзінше, келер жылы Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Қандыағаш учаскесі бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу аяқталмақ. Жол құрылысы 2020 жылы басталады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу