Жалпы, "Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" акционерлік қоғамы пайдалануында 10121 шақырым электр желісі бар.
"Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы аясында электр желілеріндегі жалпы тозу деңгейін 15-20 пайызға төмендету жоспарланған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Егембергенов электр желілеріндегі жаңғыртылатын және қайта қалпына келтірілетін нысандар сапалы болу керек деп есептейді.
"Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын басшылыққа ала отырып, "ҚЭТТК" АҚ 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламаға тозу дәрежесін 68 пайыздан 66 пайызға дейін төмендету мақсатында қосалқы стансалар мен кабель желілерін ауыстырып жатыр.
2023 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында барлығы 1 миллиард 345 миллион теңге бөлінген. Оның 371,5 млн теңгесіне ұзындығы 27,04 шақырым 10/0,4 кВ электр желілерін қайта құру және жаңғырту, №9 ОТП-10 кВ екінші секциясын жаңғырту, электр энергиясын есепке алу аспаптарын жаңғырту және АСКУЭ-ге қосу, 1 бірлік автотехника сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 10/0,4 кВ қосалқы стансаларын 35 дана ҚТПБ үлгісіндегі қосалқы стансаларға ауыстыруға, ұзындығы 21,15 шақырым 10 кВ кабель желілерін ауыстыруға және ұзындығы 10,5 шақырым 0,4 кВ кабель желілерін ауыстыруға 973,3 млн теңге бөлінді, - деді ол.
"Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" АҚ пайдалануындағы электр желілерінің жалпы ұзындығы – 10121 шақырым, қосалқы станциялардың саны – 1867 дана, құрылғылардың жалпы тозу деңгейі 68 пайызды құрайды.
Компания активтерінің сенімділігін қолдау, техникалық қайта жарақтандыру мақсатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және Қызылорда облысы бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бірлескен бұйрығымен меншікті және бюджеттік қаражаты есебінен 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілген.
Инвестициялық бағдарламада көзделген жұмыстарды орындау электр жабдықтарының сенімділігі мен жұмысқа қабілеттілігін жақсартуға, электр желілерінің тозуын азайтуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда "Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" АҚ бойынша 582 қосалқы станса бар. Оның тозу деңгейі электр желілерімен алғанда 68 пайыз болып тұр. Бұл – облысқа тән статистика. Ал, Қызылорда қаласы бойынша электр желілерінің тозуы 72 пайызды құрап отыр. Осы күні 345 миллион теңгеге 27 шақырым электр желілері жаңартылады. №9 орталық тарату пунктінде екінші секциясын толық алмастыру жұмыстары жүргізілді. Оған қоса 762 электр есептегіш ауысты. Интернет арқылы барлық көрсеткіш бақыланып отырады, - дейді "Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" акционерлік қоғамының директоры Ерболат Каленов.
Жалпы, қайта құру және жаңғырту жөніндегі жұмыстар берілетін электр энергиясының сапасы мен сенімділігін арттыру, сонымен қатар желілердің нормативтік ысыраптары мен тозуын азайту мақсатында жасалады.
Осы күні мамандар Қызылорда облысының электр желісінің алдағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін жанталасып жатыр. Қызылордада "сәл жаңбыр сіркіресе болды, жарық өшеді" деген пікір бар. Мұны жауапты мамандар мойындайды, себебін сол тозығы жеткен электр желілерінен көреді. Статистикаға сүйенсек, мұндай қиындық әлі де жалғаса бермек. Өйткені, жаңғыртуды қажет ететін электр желілері өте көп.