Қызылордада неке сарайы ашылды

594

АХАЖ-дың жаңа ғимаратында некені тіркеп қана қоймай, түрлі сұрақтар бойынша консультациялар мен көмек көрсетілетін болады.

Қызылордада неке сарайы ашылды Фото: inbusiness.kz

Арал өңірінде 141 мыңнан астам отбасы тұрады. Оның 48 мыңнан астамы көпбалалы отбасы болса, 17 мыңға жуық отбасында "Күміс" және "Алтын алқа" төсбелгілері бар, деп жазады inbusiness.kz

Қызылордадағы Неке сарайы қалың көпшіліктің қатысуымен салтанатты түрде ашылды.

Жергілікті тұрғындар бұл күнді асыға күтті. Ескі АХАЖ өзінің қызметін біраз уақыт бойы орындамағандықтан, облыс орталығында азаматтық хал актісін тіркеу туралы құжатты тапсыратын, адамдардың некеге тұруының салтанатты рәсіміне арналған арнайы орын болмаған.

Облыс әкімдігіне жақын маңда орналасқан жаңа ғимаратқа жиналғандар саны көп болды. Адамдар аймақ үшін маңызды оқиғаны көруге жиналды. 

Неке сарайы екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта күту залы, лифт холы, киім ілуге арналған орын, әкімшілік пен қызметкерлер отыратын кабинеттер орналасқан. Екінші қабатта тіркеу залы, құттықтаулар залы, некесін қидыртқандарға арналған бөлмелер, қонақтарға арналған залдар және т.б. бар. Сонымен қатар екі қабатта да санитариялық-тұрмыстық бөлмелер орналасқан. 

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының 85 жылдығын тойлау шеңберінде жаңа нысандар бой көтергенін жеткізді. Соның ішінде Неке сарайы орналасқан Сұлтан Бейбарыс көшесі реконструкциядан өтті. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа ғимараттың әлеуметтік маңызы бар.

"Бүгінгі таңда аймақта 141 мыңнан астам отбасы тұрады. Оның ішінде 48 мыңнан астамы көпбалалы отбасы, 17 мыңға жуығында "Күміс" және "Алтын алқа" төсбелгілері бар. Жыл сайын облыста берекелі отбасылардың саны артып келеді. Биыл Астанада Отбасы күні қарсаңында жерлесіміз Қабақ Смағұлов "Мерейлі отбасы" XX республикалық конкурсының лауреаты атанды", - деді ол.

АХАЖ қабырғасында некені тіркеп қана қоймай,  отбасылық өмірге бейімдеу, денсаулықты сақтау, жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселелерінде көмек көрсетіліп, ұлттық дәстүрлер дәріптелетін болады.

Ғимарат құрылысына 1,5 млрд теңге бөлінген. Мердігер компания –  "Авангард" ЖШС басшылығы мен ұжымына тұрғындардың атынан алғыс білдірілді, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді.

Бұдан бөлек "Техоснастка" және "УАД" компанияларының басшығы мен ұжымына алғыс айтылып, марапаттар берілді. Бірінші аталған мекеме аллеяларды салса, екіншісі автомобиль жолдарының құрылысымен айналысты. 

Неке сарайының ашылу салтанатына отбасылық өмірге қадам басқан бес жұп қатысты. Олар салтанатты жағдайда некеге тұрды, одан кейін облыс әкімі жас жұбайларды құттықтап, сыйлықтар табыстады.

Бұдан бөлек жергілікті кәсіпорын есебінен салынып (құны – 1,5 млрд теңге), жергілікті билікке берілген "Анаға тағзым" креативті индустрия орталығының ашылуы да өтті.

Бұл орталықта "Мирас" әжелер клубы, "Талисман" қыздар клубы, "Ана тілі" пікірсайыс клубы, "Сырғалым" клубы, "Шамшырақ" фото-бейнестудиясы, "Жас отау" жас отбасылар мектебі, "Ұлт жақұты" мұражайы жұмыс істемек. Сонымен қатар мұнда концерт залы, конференц-зал және т.б. бар.

Жаңа орталық өңірде ана институтын сақтау мен нығайту, сондай-ақ кәсіпкерлік орындарының біріне айналмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу