Қызылордада салынып жатқан TOP-5 құрылыс қандай?

Қызылорда облысында құрылыс қарқыны жоғары екені жиі айтылып жүр. Мұны облыс орталығында бой көтеріп жатқан нысандардың көптігінен де байқау қиын емес. 

Қызылордада салынып жатқан TOP-5 құрылыс қандай? Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Осы орайда inbusiness.kz тілшісі "Қызылордада салынып жатқан TOP-5 құрылыс қандай" деген сауалға жауап іздеп көрді.

Шынында, Сыр өңірі құрылыс секторындағы жоғары өсу қарқынымен республика бойынша 1-орынға шықты. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылған-ды. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жыл басынан бергі негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, құрылыс қарқынын ерекше атап өткен еді.

Жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша әлеуметтік нысандар құрылысына, мемлекеттік бюджеттен 16,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 38 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде 10 білім беру объектісін салуға республикалық бюджеттен 19,6 млрд теңге бөлінген.

2023 жылдың алғашқы 6 айында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы 8 құрылыс нысанының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобалардың жалпы құны 13,703 млрд теңгені құрап отыр. Биыл 318 700 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй қабылданған, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 102 пайызға артық орындалған.

- Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдың тапсырмасына орай, Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі егжей-тегжейлі жол картасына сәйкес, Қызылорда облысы бойынша құрылыс салынған 19140 гектар аумақтың 13321,44 гектарына жерасты және жерүсті коммуникацияларын түгендеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жалпы жұмыстың 69,6%-ды құрайды.

Облыс аумағында 139 198,4 шаршы метрді құрайтын 681 тұрғын үй Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілді. Жоспарланған нысандардың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында эскиздік жобалар әзірленіп, ұсыным берілді. Олар Теміржол вокзалын қайта жаңғырту, Орталық алаңды абаттандыру, "Анаға тағзым" орталығы, Неке сарайы, Көпсалалы кешен және 5 қабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту және қалаларды кешенді салу стандарттарына сәйкес Қызылорда қаласының дизайн-жобасы әзірленіп, ұсыным берілді, - деп жауап берді Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мамандары.

Сонымен, Сыр өңірінде бой көтеріп жатқан ТОП-5 ғимараттар қандай екен, бірге білейік.

ТОП-5. "Қан орталығы"

Сыр өңірінде медициналық нысандардың да құрылысы ерекше қарқын алып келеді. Соның бірі – қаланың сол жағалауында орналасқан "Қан орталығы". Жобалық құны 2,7 млрд теңгені құрайтын нысан жылына 5000-10000 адамды қабылдауға қауқарлы болмақ.

Сондай-ақ, "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасын іске асыру барысында Сыр өңірінде 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет салынады.

ТОП-4. "Неке сарайы"

Қызылордада салынып жатқан әсем ғимараттың бірі – "Неке сарайы". Әлеуметтік нысанның бой көтеруі аймақтың құрылыс-индустриялық сәулетін арттырады, отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыруға үлес қосады. Бастысы, жастардың өміріндегі ең маңызды, қуанышты сәтін әсерлі етуге мүмкіндік сыйламақ. Заманауи үлгіде салынатан ғимараттың жалпы ауданы 2100 шаршы метрді құрайды.

Өткен жылдың қыркүйек айында құрылысы басталған "Неке сарайының" сыйымдылығы – 110 орындық, 2 қабатты. Ғимарат қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

ТОП-3. "Өнер орталығы"

Бүгінде Сыр еліндегі сыйымдылығы жағынан ең үлкен ғимарат – Н.Бекежанов атындағы қазақ-музыкалық академиялық драма театры. 600 орындық нысан аймақ халқына кіршіксіз қызмет етіп келеді. Десе де, халық санының өсуіне байланысты үлкен сыйымдылықтағы ғимараттың қажеттілігі туындағынына біраз болды. Бұл олқылықтың орнын жаңадан салынып жатқан "Өнер орталығы" толтырады деп күтілуде.

Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойында құрылысы жүріп жатқан ғимаратқа 2 гектар жер берілген. Нысан 1000 орындық көпфункционалды кешен ретінде ашылады. Яғни, онда мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі. Ғимарат желтоқсан айында толық пайдалануға беріледі.

ТОП-2. Физика-математика мектеп-интернаты

2022 жылдың желтоқсан айында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген еді. Сонда облыс орталығында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу "Білімді қолдау қоры" қаражаты есебінен қаржыландырылатын болып шешімін тапты. Жобаның жалпы құны 8 млрд теңгеге жуық.

Бүгінде цифрландыру, индустрияландыру заманында ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығы ескеріліп, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге басымдық берілуде. Сондықтан болар, мектеп құрылысының толық пайдалануға берілуін күтіп жүрген жастар саны өңірімізде өте көп.

ТОП-1. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы

Осы күні Сыр өңірінде "Болат Өтемұратов Қорының" демеушілігімен Қорқыт ата әуежайы жаңа терминалының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Заманауи үлгідегі жаңа нысанның жалпы аумағы 4 гектарға жуық. Жаңа терминалда жолаушыларға халықаралық стандарт талаптарына сай барлық жағдай қарастырылады. Әуежай 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.

Әуежай терминалы Қызылорда облысының экономикалық және инвестициялық жағдайын көтеруге оң әсерін тигізетіні анық. Жалпы жаңа әуежай сағатына 250 жолаушыны қабылдауға қауқарлы болады. Ал жоба толығымен аяқталғаннан кейін 64 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Мұнан бөлек, Қызылорда облысында кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгелік "Анаға тағзым" орталығының құрылысы жүріп жатса, кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің қолдауымен 1,5 млрд теңгеге орталық алаң жаңғыртылып жатыр. Сырдың сол жағалауынан құны 975 млн теңгелік заманауи автовокзалдың да іргетасы қаланды. "Сондай-ақ, Қазгермұнай" ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі "Оқушылар сарайының" жобасы басталуға жақын.

Өткен жылы Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында құны 450 млн теңге болатын "Еңбекшілер паркі" бой көтерді. Сондай-ақ, биыл Қызылорданың Түркістан облысымен шектесетін тұсынан демеушілік есебінен құны 230 млн теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы ашылды. Ал "Балалар жылында" аймағымыздың демеушілері 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салып, балалардың қуанышын еселегенін де ерекше айтуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу