Қызылордадағы баламасыз "Баламекенге" депутаттар барды

2339

Мәжіліс депутаттары Қызылордадағы "Баламекен" жобасымен салынған тұрғын үйлер құрылысымен танысып, пәтер иелерімен  жүздесті.

Қызылордадағы баламасыз "Баламекенге" депутаттар барды

Көктемде "Бәйтерек" шағын ауданында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін 150 баспананың құрылысы басталған болатын. Оның  50 пәтері жергілікті бюджеттен қаржыландырылды. Жүз баспана құрылысы Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры мен облысы әкімдігі арасындағы келісімшарт негізінде жүргізілді.

Бүгінде қос пәтерлі  50 үйдің құрылысы аяқталып, жүз отбасы қоныстанды. Құтты  мекеннің алғашқы қоныстанушылары – көпбалалы отбасылар. Солардың бірі 7 баланың анасы – Ізімкүл Тұрсанова.

"Бұған дейін пәтер жалдап қиналып жүргенбіз.  "Баламекен" жобасымен  баспаналы болдық.  Мұнда жарық, су, газ, жол, телефон байланысына дейін бар. Басшылар мен құрылысшыларға алғысымыз шексіз", – деді Ізімкүл Тұрсанова.

Халықты әлеуметтік қолдау бағытындағы  тың жобаның сәтті  жүзеге асырылуына көз жеткізген Мәжіліс депутаттары құрылыс сапасына оң бағасын берді. Мұндағы екі пәтерлі үйлердің әрқайсысы 130 шаршы метр. Әр отбасының алты сотық бақшасы да болады.

"Біздер жұмыс сапарымен барлық өңірлерде болып жүрміз. Алайда көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен жандарға жасалған мынадай игілікті жобаны тек Сыр өңірінен көріп отырмыз",– деді Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаева.  

Айта кетерлігі, соңғы алты жылда Қызылорда қаласында 15 шағын аудан пайда болды. Жыл аяғына дейін Қызылорданың сол жағалауында 2 628 пәтерлік 13 көпқабатты тұрғын үй салынып, оған 13 мың адамды қоныстандыру көзделіп отыр. Мұның сыртында облыс әкімдігі 3,6 миллиард теңгені 431 көпбалалы отбасына үй салуға бөліп отыр.

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу