Қызылордадағы қақтығыста 21 адам қаза тапты

Қызылорда қаласында 4 қаңтарда өткен бейбіт митингінің ертесі күштік құрылымдар мен шерушілер арасында қақтығыс болып, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты.   

Қызылордадағы қақтығыста 21 адам қаза тапты

Тәртіпсіздік соңы полицияның қару қолдануына әкеп соқты. Өкінішке қарай, қарулы қақтығыста 21 адам қаза тапты. Оның бірі Ұлттық Ұлан сарбазы. Қанды дүрбелеңде түрлі жарақат алған 48 адам әлі ауруханада жатыр.

"Медициналық көмекке 204 адам жүгінді. Жеткізілгендердің басым бөлігін жас жігіттер құрады. Көбісі шығарылды, бүгінде 48 адам ем алуда, оның ішінде 9 адам реанимацияда жатыр. Зардап шеккендер пышақ, оқ жарақатын алған, бұдан басқа да түрлі жарақат алғандар бар", – деді облыстық медицина орталығының директоры Нұриддин Әмитов.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Ахметов бүгінде криминогендік ахуалдың тұрақталғанын айтты.

"Облыс шекараларына 27 қарулы блок-бекет қойылып, оған 103 қызметкер мен 34 арнайы техника жұмылдырылды. Террористік акті кезінде медициналық мекемелерге 73 қызметкер қаралды. 1 сарбаз қайтыс болды. Департамент жанынан құрылған жедел-тергеу тобы арқылы террорлық актіге қатысқан 391 тұлға ұсталып, оның 62-сі қамауға алынды", – деді Ерлан Ахметов.

Қоғамдық тәртіпті бұзушылар 8 нысанды өртеген. Одан бөлек полиция, Ұлттық ұлан, облыстық әкімдіктің 32 қызметтік автокөлігі бүлінген, оның 24-і жанып кеткен. 6 модульдік полиция пункті өртеніп, 1-ін сындырған. Құқыққа қарсы жасалған 43 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша хаттамалар толтырылған. Сондай-ақ тәртіпсіздіктерге қатысқандардан 3 атыс қаруы, 13 суық қару тәркіленген. Одан бөлек бірнеше бронды жилеттер, қалқандар, каскалар алынған.  

Ал Байқоңырда 49 жастағы ер адам Facebook-тегі парақшасында арандатушылық сипаттағы ақпаратты жариялаған. ҰҚКД Байқоңыр басқармасы және ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігімен бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК 478 "ТЖ жарияланған жерде жасалған құқықтық тәртіпті бұзуға немесе ұлттық және діни алауыздықты қоздыратын, жеке тұлғалар мен лауазымды тұлғалардың заңды құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруына белсенді кедергі келтіретін не қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттер, сондай-ақ әкімшілік қадағалау туралы ҚР заңнамасын бұзу" ісі қаралып, оған сот арқылы 30 тәулік мерзімге әкімшілік қамау түрінде жаза тағайындалған.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күштік құрылымдардың әскери дайындығын күшейту және жабдықтау шараларына Үкімет резервінен 20,7 млрд теңге бөлінуде. Облыстық полиция департаментіне ҚР ІІМ-мен шұғыл түрде жұмыс жасап, әскери дайындықты күшейту мен жабдықтауға қажетті қаржының бөлінуін пысықтауды тапсырамын", – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жалпы 2022 жылға бекітілген облыстық бюджетте күштік құрылымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға 2,5 млрд теңге бөлінген.

Тәртіпсіздік салдарынан келтірілген шығын әзірге 5,8 млрд теңгені құрайды.

"Шығын есебі қаржы министрлігіне берілді. Қаражатты Үкімет резервінен бөлу жөнінде ұсыныс жолданды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасын мемлекеттік реттеуде облыста жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп тұрақтандыру қоры толықтырылуда. Биылдың өзіне 1,3 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда облыста сұйытылған газ бағасы литріне 60-65 теңгеден, АИ-92 маркалы бензин орташа 180,2 теңгеден, дизельдық отын 229,9 теңгеден саудалануда", – деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова.

Ал зардап шеккен 26 кәсіпкерлік нысанға келген залалдың жалпы сомасы 395,4 млн теңгені құрайды.

"Компас", "Sinooil", "ГазЭнерджи" жанар-жағар май бекеттеріне, "Сұлтан", "Фристайл", "Бірлік", "Аль-асад" сауда үйлерінің ғимараттарына, төлем терминалдарына, М-ломбард ғимаратындатонау фактілері орын алған. Келтірілген залалдың көлемін нақты айту қиын. Дегенмен Палата мен облыстық басқармаға хабарласып, өтініштерін қалдырып жатқан кәсіпкерлердің сөздеріне сүйенсек, залалдың жалпы сомасы 395,4 млн теңгені құрайды. Шығындар әлі де болса есептелуде. Байланыс түзетілген соң, біз кәсіпкерлермен хабарласып, толық ақпарат пен дәлелдейтін құжаттарды аламыз. Сондықтан кәсіпкерлерден залалды дәлелдеу үшін барлық деректерді фото және видео арқылы тіркеуді сұраймыз", – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Бүгінде Қызылорда облысында ахуал тұрақты. Террористік актіге қарсы операция жұмыстары жалғасып жатыр.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу