Астанадан Қызылордаға шыққан жолаушылар пойызы Қарағандыдан асқан соң Айса стансасында бөгеліп қалған. Жолаушылардың айтуынша, пойыз аталған стансада үш-төрт сағат бойы тұрған. Әрі қарай жүру мүмкін болмағандықтан, жолаушыларды Қарағанды темір жол вокзалына кері қайтарған.
Бүгінгі күні Қарағанды темір жол вокзалында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты кассалық зал жабық. Сол себепті жолаушыларға ғимараттың шеткі бөлігіндегі аядай жерде бірнеше сағат бойы отыруына тура келді. Осы жерге орналасқан 4 кассада билеттерін айырбастау үшін ұзынсонар кезек түзілген. Теміржол қызметкерлері әр жолаушының алдымен ақшасын қайтарып беріп, тек содан соң ғана баратын жеріне билет сатуда. Жолаушылар болса түннен бері бірнеше сағат бойы күтумен шаршағандарын айтып, наразы. Қарағанды вокзалында қан қысымы көтеріліп, денсаулығы сыр берген бірқатар жолаушыға жедел жәрдем қызметі медициналық көмекке келген. Қолындағы бір жасар баласы шырылдап жылап, әзер уатып жүрген Мадина есімді жолаушы "темір жол қызметі баяу қимылдайды, төтенше жағдайға дайын емес, баламды көтеріп кезекте тұрғаныма бір сағат болды" деп қынжылады.
Жолаушылар түнде Қарағандыдан асып, Айса стансасына тоқтаған кезде пойыздың терезесі қырауланып, бірден жылудың төмендей бастағанын айтады.
"Мен билетті бір ай бұрын алғанмын, ал бұлар неге маған сол кездегі тарифпен қайтармайды?!. Маған бүгінгі тарифпен қайтарамыз дейді. Бұл жерде "Қазақстан темір жолы" емес, қарапайым жолаушылар жапа шегіп тұрмыз. Бұл аз болғандай мына жердегі кассалар да баяу қызмет көрсетіп жатыр. Қаншама сағат кезекте тұрмыз. Кешеден бері сөмкемізді арқалап жүрміз, ыстық тамақ та ішкен жоқпыз", – дейді жолаушы Нұрәділ Айтмұханбет.
"Астана-Қызылорда" бағытындағы пойыздың жолда кідіруі 16 сағатты құрап отыр. Теміржол саласының қызметкерлері Қарағандыда таңнан бастап кідірген жолаушыларды "Астана-Сарыағаш" пойызына 6 вагон тіркеп жіберетін болды. Мамандар пойыздың кідіргеніне қатты аяздың себеп болғанын мәлімдейді.
"Қарағанды вокзалында 271 жолаушы отыр. Оларды 6 вагон тіркеп сонымен жібереміз. Бұл пойызбен жолаушылар Шымкент, Сарыағаш стансаларына дейін бара алады. Сол жерден әрі қарай Қызылордаға бару үшін басқа пойыздарға отырады. Техникалық себептерін тексеріп жатырмыз. Дегенмен қатты аяздың салдарынан пойыз істен шықты", – деп мәлімдеді "Жолаушылар тасымалы" АҚ Қарағанды учаскесінің бастығы Бақыт Арнабол.
Осылайша жолда бірнеше сағат бөгелген жолаушылар Қарағанды вокзалынан күндізгі сағат 16.20-да жолға шықты.
Арайлым Еркебаева