16 жастағы Жанел Жаңабай келешекте ешкі шаруашылығын кәсіби түрде дамытуды көздейді.
Анасының айтуынша, асылтұқымды ешкіні өсіру әу баста қажеттіліктен туындаған.
Бүгінде Сыр елінде Сексек ата төлінің сүтіне сұраныс көп, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қызылорда қаласының тұрғыны Жанел Жаңабай анасымен бірге асылтұқымды ешкі өсіруді қолға алған. Бір ерекшелігі, Француз альпі ешкісінің сүті мол, емдік қасиеті де бар. Көп күтімді қажет ететін ашатұяқтылар иесінің жүрісін жазбай танитын көрінеді. Шаруаның қыр-сырына қанық бола түсуді ойлаған Жанел әлеуметтік желіден ешкіге қатысты жаңалықтарды қалт жібермейтінін айтады.
- Ешкілерім өзіме қатты үйренісіп қалған. Үйден келе жатқанымды бірден сезеді. Әрқайсысының өз аты бар. Сонымен атап шақырсам, бірден келе қояды. Біз ең алғаш лақтаған ешкілерді бес мезгіл сауып үйретеміз. Одан кейінгі тумалары тәртіпке үйренгендіктен тез бейімделеді. Бірақ, қазір ешкілерді екі мезгілден сауып отырмыз. Таңертең анама көмектесемін, кешкісін жеңгем сауады. Түсте өзім шөбін беріп жайлаймын, - деді ол.
Жанелдің анасы Гүлрауза Ақшонтаева жұмысымен қатар сүйікті ісіне уақыт табуға тырысады. Алғашында асылтұқымды ешкіні қызының емі үшін асырауға бел буса, қазір табиғи таза өнімді немересінің ішіп-жемі үшін тұтынып отыр.
- Кішкентай қызымның өт жолы ауырды. Соған қажеттілікке байланысты қазақы ешкіні күтіп-баптап көрдік. Кейіннен асылтұқымды ешкіге ауыстық. Себебі, мұның сүті басқа ешкілерге қарағанда көп, дәмді әрі шипалы. Үлкен ешкілерім күніне 4 литрге дейін сүт береді. Бірінші тума ешкілердің өзі кемі 2 литр сүт беруге жарап тұр, - дейді ол.
Әуелде қажеттіліктен қолға алған іс бүгінде берекелі отбасылық кәсіпке айналған. Өйткені, өңірде ешкі сүтінен алынатын өнімдерге сұраныс өте жоғары.
- Күбі пісу – атам қазақтан келе жатқан кәсіп. Жас кезімізде үйде көріп өскенбіз. Менің негізі электронды күбі алуға шамам жетеді. Бірақ одан гөрі ағаш күбінің пайдасы көп. Ең біріншіден, күбі пісу жүрекке пайдалы, - дейді Гүлрауза Ақшонтаева.
Анасы еліміздегі ешкі фермаларымен тәжірибе алмасып, алыс-жақын шетелдік мамандармен байланыс жасауды жалғастырып жатыр.