Қызылордалық ата-ана: "Балалар қауіпсіздігі басты назарда болмай тұр"

Облыс орталығында орналасқан мектеп оқушыларының қауіпсіздігін жауапты органдар ескермей келеді.

Қызылордалық ата-ана: "Балалар қауіпсіздігі басты назарда болмай тұр" Фото: inbusiness.kz

Осыдан тура он бір ай бұрын қызылордалық ата-ана Нұрбике Құдайбергенова облыстық полиция департаментіне мәселесін айтып, фото-видео дәлелдермен қоса жолдағанымен, әлі күнге шешімін таппай тұр.

Қала тұрғыны жергілікті биліктен ҚР азаматы ретінде балалар қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолын салуды талап етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мектепке барар жол жоқ!

"Қала орталығында С.Сейфуллин атындағы IT мектеп-лицейі бар. Түрлі шағын аудандардан қатынайтын және сол маңдағы оқушылар үшін бұл мектепке Алтынсарин көшесі арқылы кіру күннен-күнге қиындап барады. Себебі, Алтынсарин көшесі арқылы бұл оқу ордасына Жаңа базар жақтан орталыққа қарай орналасқан Аманкелді, Төле би, Байтұрсынов, Мәуленов, Оқшы ата, Скатков, Қорқыт ата, тағы осы секілді бірнеше көшенің балалары қатынайды. Бірі – көлікпен, бірі – маршрутпен, енді бірі жаяу дегендей... Мәселе осы Байтұрсынов көшесі жағынан Алтынсарин көшесін бойлап келе жатқаннан басталады. Көшеаралық кей жолаушылар жолағынан көліктер тым қатты жылдамдықпен және тоқтамай өтеді. Одан қалды мектепке жақындаған тұста зулаған көліктермен арпалыс басталады. Өйткені, мектепке барар жол жоқ, балалар қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген!" дейді ол.

Сол маңда "Достық" үйі де орналасқан, онда да келімді-кетімді адамның қарасы көп. Ал, мектеп – жолдың келесі бетінде. Екі ортадағы жолда тұрақтап тұрған және жүйткіп жүріп жатқан көліктерге көз ілеспейді. Қала тұрғыны жауапты мамандарға мәселені шешу жолын да көрсетіп беруге дайын.

"Көлік басып кете жаздаған кез көп"

"Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысынан бастап мектепке дейін оқушылар үшін өте қауіпті жол басталады. Балалар көше бойымен әрлі-берлі өтіп жатқан көліктердің арасымен мектепке әзер жетеді. Менің бір түсінбейтінім, қоршау жанындағы бос жатқан жерді неге пайдаланбасқа? Мектеп қоршауына жақын қойылған көліктер артқа жылжып, талай басып кете жаздаған. Қолмен көлігінің артқы бөлігінен ұрып белгі бергенімізде, кей жүргізушілер өзімізді тұра ұмтылған кез де болды, "көлігімді майыстырасың" деп. Ол көлік темір ғой, баланы басса, мертіктіріп қойса ше, оның құқығы қалай қорғалады?" - деп ашынады Н.Құдайбергенова.

2022 жылдың 21 қарашасында мәселені нақты дәлелдермен Қызылорда облыстық полиция департаментіне жолдап, мынадай жауап алған:

"Қызылорда қаласы, Абай даңғылы, Алтынсарин, Жахаев көшелері қиылысында орналасқан №4 мектеп тұсына жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді.

Тексеру жұмыстары нәтижесінде Алтынсарин көшесінің бойына жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында №4 мектеп аумағы тұсынан 1-1,5 метр енімен жаяу жүргінші жолын қарастырып, темір труба жиектемесін орнатып, көлік және жаяу жүргіншілер жолын бөлу үшін "Қызылорда қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын-үй инспекциясы" бөліміне тиісті нұсқама жолданғандығын хабарлаймыз".

Бірақ, бір жылға жуық уақыт өтсе де, мәселе еш шешімін таппаған. Енді ғана қозғалыс байқалатындай, оның өзі нақты болмай тұр.

"Тротуар" төселетін күн алыс емес..."

Бұл жерде ҚР Конституциясындағы мемлекеттің басты капиталы саналатын адам қауіпсіздігінің қамтамасыз етілмей отырғанын байқау қиын емес. Айдың-күннің аманында облыс орталығында оқушылар осылай қиналып жүр. Бұл жағдай көп ата-ананың жанына батады. Бірақ, көпшілігі мәселені айтуға, жазуға келгенде бұғып қалатыны рас.

Ал "Қызылорда қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мамандары аталған көшеге жаяу жүргіншілер жолы төселетін күн алыс емес деп сендіріп отыр.

"Аталған көше жаяу жүргіншілер жолын салуды қажет етілетін көшелер тізіміне енгізілді. Осыған сәйкес, жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттен қаражат сұратылатын болады. Қажетті қаражат көзі қаралғаннан кейін тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады", - деп хабарлайды.

"Балалар қауіпсіздігі – басты назарда" деген девизді жиі естиміз. Оқушылар қауіпсіздігі үшін мектепке барар жол, яғни "тротуар" салуды ҚР азаматы, ата-ана ретінде талап етемін!" деген ата-ана Н.Құдайбергенова мәселенің оң шешім табарына сенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу