Бұған дейін олар 7000 орындық стадионның жауапты матчтарды қабылдауға аздық ететінін ашық айтқан-ды. Дәл осы тақырыпты еліміздегі футбол пабликтері де мәселе етіп көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, демеушілердің қолдауымен Қызылордада жаңа стадион салу бастамасы қолға алынатыны көптен бері айтылып жүр.
Осы күні Сыр елінің басты клубы "Қайсар" 1969 жылы салынған Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда өз ойынын өткізеді. Аталған стадионға 2020 жылы ғана 1 млрд 200 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Десе де, жаңашылдықтан соң да "Труба арена" аталып, көпшіліктің ашу-ызасын келтірген болатын. Бір қызығы, Ғ.Мұратбав стадионының сыйымдылығы да 7000-ға жуық адамға арналған. Жаңадан салынғалы тұрған стадионға да сонша ғана адам сияды. Бір артықшылығы, қазіргі алаңда жеңіл атлетика спортына арналған жүгіру жолағы болса, жаңа стадион тек футбол ойнау үшін салынбақ.
Футбол жанкүйері, қызылордалық спорт журналисі Әділжан Үмбет ең бірінші стадионның халықаралық стандартқа сай келуін қадағалау керек деп есептейді.
Сырдарияның сол жағалауынан салынатын стадионның халықаралық талаптарға сай болғанын бақылау керек. Сонда жауаптылар сыйымдылығының сәл болсын ұлғаюы үшін жұмыс істер еді. Ең болмағанда, төртінші категорияға лайықты болса деймін. Онда кемі "8000 орындық болуы керек, БАҚ өкілдеріне арналған орын қарастырылуы қажет" деген сынды, т.б. талап бар. Немесе әзірге 10 мың адамға ыңғайлап, қалғанын алдағы 5 не 10 жылдықта жанкүйерерлердің сұранысына сай өзгертіп, жаңадан орын қосуға болатындай жағдай жасалуы тиіс. Өйткені, Қызылорда – футбол жанкүйерлері көп облыс. "Қайсардың" өз алаңымыздағы әр ойынынан қалмайтын адам ретінде мұны растай аламын, - деді ол.
Сондай-ақ, журналист еліміздің жылына бір қалаға стадион қауқары жететінін айтады. Ол үшін жергілікті алпауыт компанияларды демеушілікке тарту керек.
Әлемде де, Қазақстанда да – футбол №1 спорт түрі. Оған ешкімнің дауы жоқ деп ойлаймын. Бірақ, біздегі инфрақұрылымның жоқтығы, болса да сапасыздығы басым. Соңғы рет салынған "Түркістан Аренаның" жайын көпшілік жақсы біледі. "Астана Аренаның" өзі – жасанды алаң. Менің ойымша, жыл сайын Қазақстанның бір қаласына 10-15 мыңдық стадион салуға болады, жергілікті әкімдік алпауыт компаниялармен бірлесіп, соны қолға алуы керек, - дейді Әділжан Үмбет.
Ел біріншілігінің 19-турында "Қайсар" өз алаңында "Ордабасыны" қабылдады. Қызылордалық команда үшін "жылдың үздік ойыны" аталған кездесуге 7000-ға жуық көрермен (Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионы – автор.) келген. Болашақта сырбойлық клуб үшін маңызды матчқа мұнан да көп жанкүйердің келетіні анық.
Қызылордалық футбол жанкүйерлері "билік "даңғарадай стадион салып, оны толтыра алмай қаламыз" деп уайымдамай-ақ қойса болады" дейді.
"Сыйымдылығы үлкен стадион салуға қаржы жетпейді" деп жатыр екен. Ендеше, жаңа стадионның көрермені "Локоматив" стадионы (Қызылордадағы стадион – автор.) секілді бір қапталына ғана отыратын қылып жасасын. Кейінірек тағы ақша бөлінсе, қалған үш жағына орындық салған жадайда 17-18 мың көрермен еркін сиятын стадионға айналар еді. Оған дейін футболды 7 мың адам бір қапталында отырып тамашалайды. Ең бастысы, ойын алаңының сапасы жақсы болса дейміз. Ол үшін алаңды жасанды төсенішпен емес, табиғи газонмен абаттандыру керек. Қазіргі басшылықтың айтып жүрген 7000 адамдық стадионы тым аз. Басшылық даңғарадай стадион салып, оны толтыра алмай қаламыз деп уайымдамай-ақ қойса болады. Сыйымдылығы көп стадион клубқа қосымша табыс та әкеледі, футболшыларымызға дем беріп, жақсы ойнауына да әсерін тигізеді. Қызылорда қаласында ұлттық құраманың, әйелдер құрамасының және жастар құрамасының ойынын көргіміз келеді. Сол үшін қазіргі атқамінерлер аянбай еңбек етіп, тым құрыса 10-15 мың адам сиятын стадионның сыртын соғып, өздері айтып жүрген 7 мың орындықты бір қапталына орнатып берсе екен, - дейді футбол жанкүйері Жасұлан Сәрсенбаев.
"Жаңа стадионның құрылысы қашан басталады?" деген сұрағымызға: "7000 орындық заманауи стадион құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. 2023 жылдың екінші жартыжылдығында жобалау-сметалық құжаттары аяқталып, құрылыс жұмыстарын демеушілер есебінен жүргізу жоспарланып отыр" деп жауап берді Қызылорда облыстық мәдениет және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметі.
Қалай десек те, барлығы дәлдік есеппен, кәсібилікпен салынуы керек. Шетелдің тәжірибесіне сүйенсек, стадион салуда халық саны, тұрғындардың футболға деген қызығушылығы, бәрі-бәрі өте маңызды. 840 мыңға жуық халқы бар Қызылорда облысы үшін 7 мың орындық стадион шынымен аз секілді.