Жеуге жарамды ыдыстар
Шиелі ауданының тұрғыны Жамбыл Қожахметов пластик қасықтың орнына жеуге жарамды ас үй құралдарын шығара бастады. Яғни тамақ ішіп болған соң қасықты жеп қоюыңызға болады. Бұл идеяны кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы қайтарымсыз гранттың арқасында жүзеге асырды.
Кәсіпкердің айтуынша, цех айына 10 мың шыныаяқ, 2000 табақша, 3000 сорпа ыдысын шығарады. Оны дайындауда кәдімгі ұн мен жұмыртқа қолданылады. Дәмін келтіру үшін әр түрлі қоспалар да қосылады екен. Кәсіпкер мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта жеуге жарамды қасықтар, шанышқылар шығармақ.
– Жеуге жарамды ыдыс – жұмыртқа, ұн және түрлі қоспалар секілді табиғи ингредиенттерден жасалған өнім. Біздің ыдыспен кез-келген жұмсақ тағамды (мысалы, сорпа немесе ботқа) шамамен он минут жей аласыз. Содан кейін ыдыстың өзін жеп қоюға болады. Бірінші партияда стандартты шыныаяқтар болды. Рецепт пен пісіруге арналған дұрыс пішінді табу алты айдан астам уақытты қажет етті. Рецепт ұзақ уақыт бойы сынақ пен қателік арқылы дүниеге келді: қамыры майлы емес, бірақ өте құрғақ та емес. Шыныаяқтар әдемі және дәмді ғана емес, сонымен қатар берік болуы керек, бірнеше күннен кейін нан сияқты төгілмеуі керек, – дейді Жамбыл Қожахметов.
Жеуге жарамды ыдыс сұйықтықтар мен жылудың әсеріне төзімді. Суық тағамдармен түйісуде өзінің қасиеттерін одан да ұзақ сақтайды.
Еуропалық өндірушілер мұндай өнімдерді түрлі дәмімен ұсынады. Десерттерге арналған шоколад, ваниль немесе құлпынай, ыстық тағамдарға арналған шөптер немесе дәмдеуіштер қосуға болады. Жеңіл тамақтар мен десерттер үшін жеуге жарамды стақандар қолдануға мүмкіндік бар.
– 2021 жылы "Бизнестің жол картасы" мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Осы қаражаттың арқасында өз идеямды жүзеге асырдым. Мұндай өнімдер сұранысқа ие, Ресейде өндірушілер арасында бәсекелестік бар болғанымен, бағасы қымбат. Сондықтан бұрын Ресейден тапсырыс бергендер, қазір тікелей бізден алады. Цех автоматтандырылған, тәулігіне 24 сағат, жыл бойы ыдыс-аяқ шығаруға мүмкіндік бар. Көп жұмысшыны да қажет етпейді. Ресей Федерациясында серіктестерімен бірге арнайы оқу-семинарларға қатыстық. Цех осы жақында іске қосылды. Өндірісті кеңейту, шығарылатын өнімнің түрін арттыру, сондай-ақ болашақта эко-ыдыстарды (жеуге жарамсыз) іске қосу жоспарымызда бар, – дейді кәсіпкер.
Кеспетас жасайтын келіншек
Әрекеттен берекет тауып жүрген кәсіпкерлердің бірі – Гүлзат Әбілова. Кеспетас жасайтын бизнестің иесі отбасының да берекесін ұйытып отыр.
"Абилова" жеке кәсіпкерлігінің басшысы 2015 жылдан бастап кеспетас (брусчатка) өндірісімен айналысып келеді. Ал 2022 жылдың қараша айында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант конкурсына қатысу үшін жаңадан "Еурозабор" жобасын әзірлеп, қайтарымсыз грантқа ие болды.
Оның еуропалық үлгіде дайындаған темір-бетоннан жасалған өнімдеріне сұраныс жоғары. Қайтарымсыз қаржыға жаңа кәсіпке қажетті құрал-жабдықтарды алып, 1 апта ішінде арнайы қалыпқа салып әзірленетін еурозабордың 600-800 метрін өндіріп, тапсырыс берушіге жөнелткен. Кәсіпкер көбіне тапсырыспен жұмыс істейді.
Сонымен қатар кәсіпкер қазір суағар, бордюр,баспалдақ қаптағыш, тіпті кеспетастың 12 түрін құйып жатыр. 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар цементті әбден араластырып, қажетті түстерге бояйды. Содан соң түрлі пішіндердегі қалыптарға құйып, арнайы аппаратпен тығыздайды. Бұл жұмыстың барлығы тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады.
Пенопласт шығару – пайдалы іс
Қызылорда қаласында қазір құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Соған сай жергілікті құрылыс өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Бұл ретте көпшіліктің сұранысына сай өнім ұсынып, өз кәсібі арқылы аймақтың дамуына үлесін қосып жүргендердің бірі "CK AYA-ZHAN" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Мекеме 2019 жылдан бастап пенопласт және полистирол бетон өндірісімен айналысып келеді. 2022 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік бағдарламаның көмегімен, яғни "Қызылорда" өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 10 млн теңгеге қолдау алып, шикізат сатып алған. Бүгінде 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Бұл – отбасылық кәсіп. Цехта өндірілген өнімнің қуаттылығы жылына 200 тоннаны құрайды. Пенопласт Ресейден сатып әкелінетін полистирол материалынан өндіріледі. Қыс мезгілінде үйді жылы, жаз мезгілінде салқын ұстап тұру үшін құрылысқа қолданатын пенопласт өніміне құрылыс компаниялары мен жергілікті тұрғындардың сұранысы жоғары. Шығарылған пенопласт өнімдерін облыс аудандарына, Түркістан, Жезқазған, Шымкент, Ақтөбе облыстарының тұтынушыларына да жіберудеміз. Алдағы уақытта құрылыс материалдарының барлық түрін шығару арқылы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді мекеме директоры Нұржан Болатұлы.