Қызылордалық тұрғындар: "Орта ғасырдағы адамдардың күйін кешіп отырмыз"

Амалы таусылған тұрғындар Қызылорда қаласының әкіміне жекелей де, ұжымдық та хат жолдаған. Бірақ, одан шешілген және шешілетін де ештеңе байқалмайтынын айтады. 

Қызылордалық тұрғындар: "Орта ғасырдағы адамдардың күйін кешіп отырмыз" Фото: inbusiness.kz
  • "XIX ғасырда Қызылорда қаласының қақ ортасында сусыз, электр жарығынсыз отырмыз" деп ашынады тұрғындар.

Қиязов және Ықсанов көшесімен қиылысатын Х.Бектұрғанов көшесінің тұрғындары еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері орталықтандырылмаған ауызсу жүйесімен және 1957 жылы қолданысқа берілген электр желісін пайдаланып өмір сүріп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

М.Ықсанов көшесінің тұрғыны Мұхит Машаев ауызсу қысымы өте төмен екенін, кей күндері тіпті болмай қалатынын айтады. Ол аз десеңіз, мұнда электр жүйесінің қуаты да төмен. Соның салдарынан тұрмыстық техникалары күйіп-жанып жатады. Жаз мезгілінде салқындатқыш қосудың бір мұң екен.

Жалпыға ортақ ауызсу жүйесін бірнеше жыл бұрын осы көшенің тұрғындары өз қаражат есебімізден жүргізіп алғанбыз. Бүгінде су құбырлары және ашып-жабу ысырмасы ескіріп, әбден тозығы жетіп тұр. Көшеміздегі су құбырлары Шаруашылық жүргізу құқығындағы "Қызылорда су жүйесі" МКК-нің балансына кірмейді. Су құбырлары үнемі тесіліп, оны тұрғындар өзі жамаумен келе жатыр, апаттық жағдайда қоңырау шалсақ, жауаптылар "біз тек көшелердің суын жауып тастаймыз, сосын "водоканалға" ақылы түрде жөндеп береміз немесе өздеріңіз ақша жинап, жөндеп алыңыздар" дейді. Алтынсарин мөлтек ауданындағы бұл шағын көшелерде 100-ден астам жеке үй бар.

Басқа елдер Марсты бағындыруда, ал біз болсақ XIX ғасырда Қызылорда қаласының қақ ортасында сусыз, электр жарығынсыз отырмыз. Орта ғасырдағы адамдардың күнін қай уақытқа дейін кешеміз? - дейді ол.

Жауапты мекемелер аталған көшелердің белгілі бір бөлігіне орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілмегенін растап отыр. Сондай-ақ, электр желілерінің тым ескі екенін, сондықтан кернеу көрсеткішінің төмендігін айттады.

Қиязов және Ықсанов көшесімен қиылысатын Бектұрғанов көшесіндегі ауызсу жүйелері мен электр желілеріне жауапты мекемелердің мамандарымен тексеру жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде аталған көшелерде жеке меншік иелігіндегі құбырлар арқылы ауызсу беріліп тұрғандығы, яғни орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілмеуіне орай, "Қызылорда су жүйесі" МКК-ны тарапынан "Қалалық құрылыс бөліміне" қала аумағына қарасты орталық ауызсу жүйесі құрылысына қажетті нысандар ретінде ұсынылды.

Осыған сәйкес, бюджеттен қаражаттың шешіміне байланысты жұмыс жоспарының кезектілігімен ауызсу жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылатын болады.

Сонымен қатар, осы көшелердің электр желілері 1957 жылы қолданысқа берілген, 10/0,4 кВ №53-ші қосалқы станциясынан шығатын электр желілері қазіргі таңда ескіріп, тозығы жеткендіктен, кернеу көрсеткіші төмен болуда.

Бұл мәселені шешу мақсатында "Қалалық электр тораптары басқармасымен" электр желілерін жаңарту жұмыстары алдағы 2024-2025 жылдары аралығындағы жоспарға енгізуге ұсыныс берілді, - деп хабарлайды "Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Көше тұрғыны Мұхит Машаев 2021-2023 жылдар аралығында Қызылорда қаласының әкіміне екі рет жеке тұлға ретінде және көше тұрғындарымен бірге ұжымдық арыз жазғанын, бірақ осы күнге дейін тиісті мекеме құрғақ уәдемен жауап беріп келе жатқанын айтып отыр. Тіпті тұрғындар "қаржы қаралса, құрылыс-монтаж жұмыстары басталады", "электр желілерін жаңалауға ұсыныс берілді" деген жауаптан мезі болған.

Көшемізде жазда да, қыста да судың қысымы өте нашар. Бірыңғай су тартқыш құралдарын қолдануға мәжбүрміз. Жаз бойы көпшіліктің салқындатқыш қосатыны белгілі ғой, сол уақытта жарықтың өзі сығырайып қалады. Жарықтың әлсіздігінен үйдегі тұрмыстық техникалар бір өшіп, бір қосылады. Ақырында істен шығып тынады. Қызылорданың қақ ортасында отырып жағдайымыз – осындай. Бір жағымызда – Қызылорда қаласының әкімдігі, екінші жағымызда Халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Шынын айтқанда, өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз, - дейді көше тұрғыны Айдос Қарабалаев.

Бұған дейін "Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" акционерлік қоғамының директоры Ерболат Каленов Қызылорда қаласы бойынша электр желілерінің тозуы 72 пайыз екенін ашық айтқан болатын. Ал "Қызылорда су жүйесі" кәсіпорнының басшысы Бауыржан Әбдіқаппарұлы жиындардың бірінде қаладағы сумен жабдықтау жүйелерінің тозуы 18 пайыз, кәріз су жүйелерінің тозуы 19 пайыз деген дерек келтірген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу