Қызылордалықтар "қатып" қалмайтынына сенгісі келеді

Облыс бойынша жылу желілерінің 47 пайыздан астамының тозығы жеткен.

Қызылордалықтар "қатып" қалмайтынына сенгісі келеді Фото: Бағдат Есжанов

Бір қуанышты жаңалық, кеше ғана жаңа жылу электр орталығының іргетасы қаланды.

Қызылорда қаласы бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне барлығы 1500-ден аса нысан қосылған. Ал облысқа жылу беруге биыл жалпы 237,7 мың тонна көмір қажет болып тұр.

Негізі, қызылордалық билік биылғы жылу беру маусымына өткен жылғы жылу ажырамай тұрып кіріскен-ді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

8 жобаға 8 миллиард теңге бөлінген

Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Болатбек Ысмағұлов жылу маусымының үздіксіз өтуі тұрақты бақылауда екенін, сондай-ақ жылу желілерінің тозу деңгейі 47 пайыздан асқанын айтады.

"Қызылорда облысы бойынша жылу желілерінің ұзындығы – 207,7 шақырым, желілердің тозуы 47,5%-ды құрайды. Биыл 8,9 шақырым жылу желісін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 8 жобаға 8 млрд теңге бөлінді. 6 жобаға нысаналы трансферттен 7 млрд теңге, 2 жобаға бюджеттік несие есебінен 922 миллион теңге қаралып, бүгінгі күнге жоспарланған 8,9 шақырым жылу желісінің 8,5 шақырымы немесе 96 пайызы ауыстырылды", – дейді ол.

Қала бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне барлығы 1 537 нысан қосылған. Оның 781-і – көпқабатты тұрғын үй, 271-і – жеке тұрғын үй, 49-ы – мектеп, 23-і – балабақша, 32-сі – денсаулық сақтау нысаны, 29-ы – спорт және мәдениет нысаны, 83-і – бюджеттік мекеме, 21-і – оқу орны және 248-і – шаруашылық нысаны.

Бүгінге дейін облысқа 100 мың тонна көмір жеткізілген. Көмір бағасы маркаларына сәйкес (Шұбаркөл, Каражыра, Екібастұз) тоннасы 17 мың теңге мен 22,5 мың теңге аралығында сатылып жатыр.

"Қазіргі таңда, Қызылорда қаласын жылумен қамтамасыз ету мақсатында "Қызылордажылуэлектрорталығы" МКК-дағы мынадай жылу көздерінің негізгі қондырғылары штаттық режимде жұмыс істеуде, яғни КОГТЭС-тегі №3 газотурбиналық қондырғысы мен су қазандығы, ЖЭО-ның №9 бу қазандығы, турбогенератор №3, Оңтүстік қазандығы (ОҚ) бойынша №6, 7 бу қазандықтары, қаланың мөлтек аудандарында орналасқан 19 дана Автономды блок модульді қазандықтардың 14 данасы және Белкөл қазандығы жұмыстарын атқаруда", – деді "Қызылордажылуэлектрорталығы" МКК директоры Медет Усаин.

Жаңа жылу электр орталығы мәселені түбегейлі шеше ме?

Әлеуметтік желілерде "Жылу қашан беріледі?" деген сарындағы жазбалар жоқ емес. Десе де, мұның түрлі себебі бар. Ал аймақ басшылығы мұндай мәселені жаңа жылу электр орталығын салу арқылы толық шешетінін айтып отыр.

Өткен жылы "Акса Энерджи" компаниясы мен Энергетика министрлігі Қызылордада қуаттылығы 240 мегаватт, құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу электр орталығын салу туралы келісімшартқа қол қойған болатын.

"Еліміз тәуелсіздік алғалы бері республика аумағындағы жылу электр өндіретін алғашқы ірі нысан біздің аймақта салынады. Бұл Сыр елінің инфрақұрылымдық дамуына жасалған айрықша мүмкіндік әрі ақжолтай жаңалық! Жаңа жылу электр станциясы тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба екенін айтуға тиіспіз", – деген болатын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталықтың іргетасын қалау рәсімінде.

Еліміздегі жылу электр стансаларының үштен бірінің пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқаны Экібастұз қаласындағы жағдайдан соң ашық айтыла бастаған болатын.

Ол аз десеңіз, Қазақстанда ЖЭС-тың орташа тозу деңгейі 60 пайызды көрсетсе, кейбір облыс орталықтарында 80 пайызға жуықтайды.

Күні кеше Қызылордада құрылысы басталған жылу электр орталығы 2025 жылдың тамыз айында ел игілігіне табысталады деп жоспарлануда.

Шынын айту керек, бұл орталық іске қосылса, қызылордалықтар "қатып" қалмайтынына сенеді және сенгісі келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу