Қызылорданың инвестициялық әлеуеті жоғары

2558

Биыл Сыр өңіріне 424,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.

Қызылорданың инвестициялық әлеуеті жоғары Фото: inbusiness.kz

Елдегі, өңірдегі инвестициялық климатты жақсарту – стратегиялық міндеттің бірі. Әрі-беріден кейін бұл аймақ әкімдерінің қалай жұмыс істеп жатқанын анықтайтын нақты индикатор. Бұл ретте Қызылорда облысының ұстанған бағыт-бағдары дұрыс. Мәселен, былтыр өңір экономикасына инвестиция тарту жоспары артығымен орындалды. Биыл да сол биіктен табылу көзделіп отыр.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраковтің айтуынша, облыс экономикасына инвестиция тарту жұмысы ойдағыдай жүріп жатыр. Өйткені бұл мәселе облыс билігінің тұрақты бақылауында.

– 2022 жылы 373,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған болатын. Оған қол жеткізу үшін аудан және қала әкімдіктері үшін арнайы жол картасы әзірленді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жоспар 9,6 пайызға артығымен орындалды. Яғни, былтыр өңір экономикасына 409,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 26,8 пайызға немесе 106,7 млрд теңгеге жоғары, – дейді Қамбарбек Мүбәраков.

Көрсеткіштің өсу қарқыны мен жоспардың орындалуы бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында бірінші орында тұрғанын атап өткен жөн. Жалпы құрылымдағы жағдайға ден қойсақ, жыл сайын жеке инвестициялар көлемі артып келеді. 2021 жылы ол 219,5 млрд теңгені құраса, былтыр 301,3 млрд теңгеге жетті.

– Биыл облысқа 424,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңірге 80,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,9 млрд теңгеге немесе 52,2 пайызға жоғары, – деп нақтылады басқарма басшысы.

Сонымен қатар 2022 жылы тікелей шетелдік инвестицияларды тарту индикаторы 265 млн доллар мөлшерінде бекітілген екен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жоспар 26,9 пайызға асыра орындалып, 336,5 млн долларды құраған. Биыл бұл көрсеткіш 273 млн доллар көлемінде бекітіліп отыр.

– Жалпы облыста инвестиция тарту бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қолайлы климат қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Биыл бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Наурыз айында "Қорқыт ата" әуежайының жаңа терминалының құрылысы басталды. Нысанның өткізу қабілеті сағатына 250 жолаушыны құрайды. Терминалдың жалпы ауданы 7 мың шаршы метрден асады. Оның құрылысы кезінде 600 жұмыс орнын құру көзделіп отыр, – деді Қамбарбек Мүбәраков.

Басқарма басшысның айтуынша, Қызылордада түрік инвесторларымен бірлесіп, электр қуаты 240 МВт болатын және жылу қуаты 277 Гкал болатын жаңа бу-газ қондырғысының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Құрылыс кезеңі 2023-2025 жылдарға межеленген. Бу-газ қондырғысы 25-30 жыл қапысыз қызмет көрсетеді деп күтіліп отыр. Нысанды салу үшін инфрақұрылымы жүргізілген Қызылорда жылу-электр орталығының аумағынан жер учаскесі бөлінді. "Өңір үшін маңызды және қажетті жоба электр және жылу қуатының тапшылығы проблемасын шешеді, тұтынушыларды сапалы әрі сенімді жылумен қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, бұл соңғы жылдары шетелдік инвесторлардың қаражатына іске асырылып жатқан еліміздегі ең ауқымды әрі бұрын-соңды болмаған жоба болып саналады", деп нақтылады ол.

Сондай-ақ "Tat Gida" түрік компаниясымен бірлесіп қуаттылығы жылына 28 мың тонна өнім шығаратын томат пастасы зауытының құрылысы басталады. Жобаны іске асыру үшін ауданы 30 гектар болатын жер телімі бөлінген. Қажетті инфрақұрылымды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Арнайы жол картасы бекітілген.

Тау-кен металлургия саласында жаңа кеніштерді игеру бойынша екі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Осы жылы Шалқия және Баласауысқандық қорғасын-мырыш және ванадий кеніштерін игеру жобалары шеңберінде 35 млрд теңгеден астам инвестицияны игеру жоспарланған. Жалпы екі жобаны іске қосу кезінде өңірге 300 млрд теңге инвестиция тартылатын болады.

– Облыста шет елдермен іскерлік байланыстар орнату және инвестициялардың жаңа толқынын тарту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар қытай, неміс және түрік компанияларымен шыны зауытының аумағында сегіз ілеспе кәсіпорын (композиттік материалдар, айналар, ультра жұқа шыны және тағы да басқаларды өндіру бойынша) құру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Айта кетейік, осы жылдың наурыз айында Шымкенттегі өңіраралық инвестициялық форум аясында шыны жеткізу және ілеспе жобаларды іске асыру бойынша үш меморандумға қол қойылды, – деді басқарма басшысы.

Өңірдің инвестициялық тартымдылығының өсуіне, мемлекеттік органдар, даму институттары мен бизнес субъектілері арасында тиімді байланыстарды жолға қоюға Қызылорда облысының даму орталығы айтарлықтай ықпал етіп отырғанын бөле-жара атап өткен жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу