Қызылжар атауы Петропавлға емес, басқа жерге қойылады

18816

Ұлтжанды азаматтар ұзақ жыл ілгерілеткен "Қызылжар" атауы басқа жерге берілетін болды. 

Қызылжар атауы Петропавлға емес, басқа жерге қойылады

Ел Үкіметі Петропавл қаласының аумақтық шекарасы шегінде "Qyzyljar" арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылдады.

АЭА-ның аумағы 192,3 гектар жерді алып жатпақ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің түсіндіруінше, жаңа АЭА-ның құрылу мақсаты біріншіден, Петропавл қаласын қарқынды дамыту, ал екіншіден, "тиiмдiлiгi жоғары, оның iшiнде жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндiрiстердi құру, өнiмдердiң жаңа түрлерiн шығаруды жолға қою, инвестициялар тарту, нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын жетiлдiру, басқарудың және шаруашылық жүргiзудiң қазiргi заманғы әдiстерiн енгiзу, сондай-ақ әлеуметтiк проблемаларды шешу" болмақ.

Жаңа аймақта не пайда болатыны да анықталды. Нақтылай кетсек, онда тамақ өнімдерін жасайтын, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын, құрылыс материалдары мен жиһаз, электроника және электр жабдықтары өнімдерін, машина жасау өнімдерін, қағаз бен қатырма қағаздан, резеңке-техникалық бұйымдардан, зергерлік бұйымдардан, дәрі-дәрмектерден жасалған бұйымдарды өндіретін кәсіпорындар бой көтереді деп күтілуде.

Тіпті оның аумағында тұрғын және тұрғын емес ғимараттарды, оның ішінде көп бейінді аурухана және мамандандырылған аурухана салынбақ.

Олардың құрылысы және кәсіпорындар қызметінде салықтық жеңілдіктер мен преференциялар беріледі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жобаға түсіндірме жазбада "Qyzyljar" арнайы экономикалық аймағына республикалық бюджеттен 16 млрд 97,833 млн теңге шығындау қажет болатынын айтады. Ол қаражат қажетті инфрақұрылымды салуға жұмсалады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу