"Қызылжар" қаржыны қайда жұмсайды?

2023

Қазақстан чемпионатында ілініп-салынып, облыстық бюджетке масыл болып жүрген команда көп-ақ. Алайда, олардың ішінде "Қызылжардың" орны ерекше.

"Қызылжар" қаржыны қайда жұмсайды?

"Қызылжар" өткен жылы бапкер таңдауынан қателесті. Клуб басшысы Григорий Лория мұндай жағдайға бірнеше мәрте тап болған адам. Сондықтан да, бұл жағдайға аса қатты таңқалған ешкім жоқ. Молдовадан бапкер шақыртып, Вячеслав Руснакқа тізгін ұстатты. Кейіннен бапкер команданы игере алмадым деп өз өтінішімен қызметінен кеткісі келді. Бірақ, басшылық оған сенім артатынын білдірді. Себебі, премьер-лигада қалу мақсатына жету үшін аса қатты терлеудің қажеті шамалы болатын. "Оқжетпестің" соңғы орынды ешкімге бермесі белгілі болды. "Каспийдің" де хәлі мүшкіл еді. Сондықтан "Қызылжар" бірнеше матчта ұпай жинап, премьер-лигадағы орынды сақтап қалды.

Легионер таңдау мәселесінде де бұл клуб қатты қателесті. Мысалы, Габриэль Энаке деген румыниялық қорғаушы маусымда тек 6 матчқа ғана алаңға шықты. Ал Армениядан келген Руслан Корян деген шабуылшы небәрі 8 матчта алаңға шығыпты. Корян бірде бір гол салмай, тіпті пайдалы әрекеттерімен де көзге түспей, алаңда құр жүгіріп жүрді. Футбол тілімен айтқанда "прессингтің патшасы". Белоруссиялық Игорь Зенькович 2 ойын ойнағаннан кейін командадан өз еркімен кетті. Аргентиналық Пабло Подионың да жетістіргені шамалы. Аргентиналық футболшы 12 матчта елеулі ештеңе тындыра алмады. Жалпы алғанда сырттан шақырылған футболшылардың деңгейі жергілікті футболшылардан аса қатты артық болмады. Есесіне, жергілікті талант Тимур Мульдинов пен Әлібек Қасым керемет ойнады.

Маусым соңында Вячеслав Руснак қызметінен кетіп орнына Андрей Карпович келді. "Оқжетпесті" бірінші лигаға шығарып жіберген бапкер енді "Қызылжарды" жоғарғы топта алып қала ма? Белгісіз. Тек қазақстандық маман ғой деп көз жұма қарауға болады. Әйтпесе, облыстың беткеұстар командасына өзге, тәжірибиелі бапкер алдыртқан дұрыс еді ғой. Клубтың бюджеті биыл да шамамен 1 миллиард теңгені құрайды екен. Бірақ, осыншама бюджетпен КПЛ-да қалуды ғана ойлау әбестік. Сол қаржының біршама бөлігі легионерлерге кетері анық. Жаңадан ойыншылар алынады, команда Түркияға оқу-жаттығу жиынына барады, ішкі біріншіліктің матчтарына бару үшін ұшақ жалдайды, қымбат қонақүйлерде тұрады, сосын премьер-лиганың турнирлік кестесінің соңғы жағынан орын алады. Міне, осы мақсат үшін облыс басшылары 1 млрд. теңге қаржы бөліп отыр. Мақұл, команда сапында оншақты жас футболшы ойнап, Петропавлсктің жергілікті таланттары ойнап жатса да көз жұма қарауға болар еді. Бірақ, ондай жағдайды қашан көрдіңіз? 2020 жылы жастардан Александр Соколенко (9 матч), Артем Черединов (6 матч), Максим Скорых (4 матч) үшеуі ғана өнер көрсетті.  

Жыл сайын соңғы орындарда жүретін бұл клубтың дағдарыс кезінде қомақты қаржы жұмсап, 10 айлық уақытша нәтижеге тырмысатыны ақылға сыймайды. Облыс басшылығы бұл мәселені қайта қарап, клубтың алдағы даму бағытын қайта қарастырғаны дұрыс болатын секілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу