"Қызымыздың суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратуды доғаруларыңызды сұраймыз"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2541

Айсезімнің ата-анасы Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындарына үндеу жолдады.  

"Қызымыздың суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратуды доғаруларыңызды сұраймыз"

Қалың көпшілікке арналған үндеу: "Бірінші кезекте біз – Сүлеймен отбасы, атап айтқанда ата-анасы Өтеубай-Манара өз атымыздан қаланың жұртшылығы мен еріктілерге қызымызды іздестіруге атсалысып, үлес қосқандары үшін алғыс білдіреміз! Айсезімнің табылуына сіздердің септіктеріңіз тиді. Айсезімге және оның отбасына білдіріп жатқан жылы лебіздеріңіз бен қолдауларыңызға рахмет айтамыз", – деп басталған.

Бүлдіршіннің ата-анасы қыздарының жағдайының жақсаруына

психологтар мен дәрігерлер көмектесіп жатқанын, ҚР бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен тығыз байланыста екендерін, ол мамандар мен реабилитациялық емханаларды табуға, сондай-ақ адвокат пен құқықтық қорғауды ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын баяндай келіп, "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басшылығы Айсезімді реабилитациядан өткізуге жұмсалатын шығынды толық өтеу туралы шешім қабылдағанын, қаржылай көмекке мұқтаж емес екендерін баяндаған.

"Бізге жеткен ақпарат бойынша @gulyana.mamachica Айсезімнің реабилитациясына қаржы жинауды ұйымдастырып жатыр екен. Гульяна бізбен хабарласқан жоқ, қаржылай қор ұйымдастыруға біз келісім берген емеспіз. Әрине Гульяна адал ниетпен бізге көмектескісі келгенін жақсы түсінеміз. Бірақ қайталап өтейік: біздің отбасының қаржылай көмекке мұқтаждығы жоқ, барлық психологиялық және қаржылай шығынды "Қазақмыс" өтеуге уәде берді", – деп нақтылаған.

Үндеу арқылы Айсезімнің ата-анасы халыққа өтініш білдірген.

"Тағы бір айтарымыз: қызымыздың суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратуды, оқиғаға қатысты түрлі пікірлер мен жалған ақпараттарды таратуды доғаруларыңызды сұраймыз. Біз болған оқиғаны тезірек ұмытқымыз келеді. Үлкен өтініш: қаржылай қор ұйымдастыруды, түрлі жиын өткізуді тоқтатыңыздаршы! Біздің басымызға түскен қайғы басқа келеңсіз оқиғалардың себебі болуын қаламаймыз. Мұның бәрі біздің отбасы үшін ауыр соққы әрі сол қайғылы күнді ойымызға сала береді. Түсіністік танытуларыңызды сұраймыз. Барлықтарыңызға алғысымызды білдіреміз", – деп жазған.  

Айта кетейік, 23 шілде күні кешкі сағат тоғызда Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласының ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түскен. Дереу іздестіру шараларының нәтижесінде бүлдіршін қаладағы көппәтерлі үйлердің бірінен табылған. Полиция қызға зорлық көрсетті деген күдікпен егде жастағы азаматты қамауға алған. Қала тұрғындары полициядан күдіктіні халыққа тапсыруды талап етіп, тәртіпсіздікке жол берген. Олар айуандық жасаған адамды жазаламақ болған.

Дүйім жұртты дүрліктірген оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл кеңес өткізіп, тиісті шара қабылдауды тапсырды. Өз кезегінде ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев онлайн брифинг ұйымдастырып, оқиғаның мән-жайын баяндады. Ол тәртіпсіздікті тыю үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылғанын, нәтижесінде қаладағы жағдай тұрақтанғанын мәлімдеді.

Оқиға орнына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек барды. Ал бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин бүлдіршіннің анасымен телефон арқылы байланысты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасына:

"Кішкентай қыздың анасымен телефон арқылы тілдестім. Сот-медициналық сараптама жүргізілді. Біз әрі қарай жүргізілетін жұмыстар, заңгерлік, психологиялық көмек көрсету туралы әңгімелестік. Бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде мен бұл істі барлық бағыт бойынша жүргіземін. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновпен сөйлестім. Мен бұл отбасыны осы іспен айналысатын ювеналды адвокатпен байланыстыруды өтіндім. Сондай-ақ мықты психолог маман да айқындалды. Себебі балаларға қатысты қылмыстарды тергеу барысында психологтың қатысуы міндетті. Балаларға жасалған сексуалды зорлық бойынша қылмыстық істерді жүргізіп жатқанымызға бірнеше жыл болды. Балаларға қарсы осындай қылмыс жасайтын әр адамның жазалануына барынша күш саламыз", – деп жазды.

Қалың көпшілік бүлдіршінге қиянат жасаған адам жер басып жүрмеуі керек деп даурықты. Бұл пікірді сенат депутаты Нұртөре Жүсіп қолдады. "Азғындық жолға түсіп, адамдық қасиетінен айрылған адамды біздің қазақ "айуан дейтін. Жалғыз Сәтбаев қаласында ғана емес, республика көлемінде педофил көбейді. Бұл – айуандар көбейгенін аңғартады. Құтырған иттің өзін атып тастаймыз! Адамнан айуанға айналғандарды неге атуға болмайды?!

Айуанға адам құқығы деген мүсіркеумен қарауға болмайды!" – деді ол.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу