Lada Lexus-тан озып кетті

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
15907

Lexus Lada-дан 3 млрд теңге кем табыс тапты.

Lada Lexus-тан озып кетті

Биылғы жылдың алғашқы алты айында ел азаматтары су жаңа жеңіл және  жүк көлігін сонымен қатар автобус сатып алуға 232 млрд теңге жұмсады.

Маусымда мамырмен салыстырғанда көлік сату көрсеткіші 5%-ға ұлғайып, дилерлер 5314 жеңіл көлік және 249 жүк көлігі мен автобус сатты. Сарапшылар мен мамандар мұны соңғы 3 жылдың рекордтық нәтижесі деп отыр.

Есептік кезеңді тұтас алғанда Қазақстанда 27 162 автокөлік өз иесіне табыс етілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,7%-ға артық көрсеткіш.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының дерегінше, маусым айында ең көп сатылған көлік көшінің ондығын тағы да toyota бастады. Бұл брендт өткен айда 1 437, жарты жылда 5 599 көлік сатты. Lada маусымда 1 184  көлік өткізіп, екінші орынға табан тіреді. Ал жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 5 879 көлікті меншігінен шығарып, топ бастады. Hyundai өткен айда 760, алты айда 3 398 көлік сатып, үшінші орынға жайғасса, Kia маусымда 242, жарты жылда 1269 көлік өткізіп, төртінші орынды иемденді.  Nissan бір ай бұрын 227, алты ай бұрын 919 көлік сатып, бесінші болса, Renault 183 те 712 деген көрсеткішпен алтыншы орыннан көрінді. Қостанайлық JAC маусымда 147, жарты жылда 673 кроссовер сатып, жетістігін жетінші орынға жеткізді. Lexus бір ай бұрын 129, жарты жыл бұрын 593 көлік өткізіп, сегізінші болса, Volkswagen өткен айда 104, жарты жылда 599 көлік сатып, тоғызыншы орыннан табылды. Ондықты UAZ түйіндеді. Бұл марка маусымда 101, ал алты айдың қорытындысында 579 көлік сатты.

Toyota Қазақстан нарығынан жарты жылда 76,2 млрд теңге табыс тапты. Hyundai сауда көлемі бойынша үшінші орында тұрса да, екінші орынға орналасқан Lada-ны 24,7 млрд теңге кірісімен басып озды. Ал Lada Lexus-ты артқа тастап, 18,7 млрд теңге табыспен үшінші орынға орналасты. Lexus Lada-дан 3 млрд теңге кем табыс  тауып, төртінші орынды қанағат тұтты.

Коммерциялық техниканың сатылымында ГАЗ маркасы алдыңғы орыннан көрінді. Жарты жылда 1380 "ГАЗель" мен "ГАЗон" көліктері сатылды. KAMAZ 561 жүк көлік өткізіп, екінші орынға тұрақтаса, 110 көлік сатқан Hyundai Trucks үшінші болды. Топ-ондыққа Shacman (61) жүк көліктері, Daewoo (59) автобустары, Foton (54), Урал (49), Scania (48) сондай-ақ Mercedes-Benz (46) және  Iveco (45) коммерциялық техникалары енді.

"Өткен ай тұрақтылық пен оң нәтиже көрсетті. Сауда қарқыны бәсеңсіген жоқ. Жалпы алғанда 2018 жылдың алғашқы алты айы Қазақстан автобизнесі үшін сәтті болды. Жылды қазіргідей жақсы көрсеткішпен жабамыз деп үміттеніп отырмыз", – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.

Оның сөзінше, көлік сату мен сатып алу көрсеткіші жыл соңына дейін 25%-ға көбеюі ғажап емес. Бұған макроэкономикалық жағдайдың жақсаруы мен мұнай бағасының өсуі тікелей әсер етуі мүмкін.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу