Лагерьлерде маман тапшы, бақылау жоқ, сондықтан олқылықтар көп – Дәулет Мұқаев

Лагерь сөзінің шығу тарихы мен тарихтағы лагерьлердің толқыны тек жаман сипатқа ие. 

Лагерьлерде маман тапшы, бақылау жоқ, сондықтан олқылықтар көп – Дәулет Мұқаев Фото: baq.kz

Мәжіліс отырысында депутат Дәулет Мұқаев жазғы сауықтыру лагерьлері туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, соңғы жылдарда балалар лагері назардан тыс қалған сала болып отыр. Маман тапшы, бақылау жоқ, сондықтан олқылықтар көп. Ал бұл ұлттың тәрбиесі екенін ескерсек, балаларға дұрыс көңіл бөлу кезек күттірмейтін мәселе. Депутат саладағы сан сұрақтың күрмеуін шешуді сұрап, ұсыныстарын жолдады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

"Оқушылар асыға күтетін жаз мезгілінде балалар үшін жазғы сауықтыру лагерьлері есігін айқара ашты. Бірақ жаз мезгілінің алғашқы айы аяқталмай жатып әлеуметтік желіде желдей ескен Түркістан облысындағы бейнежазба ата-аналарды елең еткізді. Мұндай лагерь мәселесі тек биыл ғана көтеріліп отырған жоқ", – деді депутат. 

Оның айтуынша, соңғы жылдарда балалар лагері назардан тыс қалған сала болып отыр. Оқу-ағарту министрлігі биылғы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сыныпта оқитын балалардың 85,3%-ын қамтыды. Олардың жалпы саны - 2,8 млн адам. Соның ішінде жекелеген санаттарға кіретін 500 мыңнан астам бала бар. Республика бойынша демалыс кезінде қала сыртындағы 218 (118 - мемлекеттік, 100 - жеке) және мектеп жанындағы 10,2 мың лагерь өз есігін ашатыны айтылған. Бұл тек ресми деректер. 

"Ресми деректерге енбей қалған лагерьлер қаншама. Балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың негізге көзіне айналды. Жаз шықса болды, интернет пен әлеуметтік желіні жаулаған түрлі лагерь жарнамалары көз тартады. Бұл лагерьлердің ұйымдастырушылары кім, лагерьдің идеясы қандай, қандай бағдарламаны қамтитыны ешкімді қызықтыра бермейді. Себебі қазір лагерь ашу үшін тек Төтенше жағдайлар департаменті мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынана рұқсат алу ғана жеткілікті", – деген депутат лагерь жұмысын біріңғай реттейтін заң нормасы және стандарттар енгізілмегенін сынға алды. 

Ұрпақ тәрбиесінде жазғы сауықтару лагерьлерінің маңыздылығын ескере отырып, Дәулет Мұқаев ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа пен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа бірнеше ұсыныс жолдады. 

Біріншіден, жазғы уақыттарда балалардың сауықтару жұмысытарын ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптар мен ережелерді бекіту керек. Лагерь ұйымдастырушылар міндетті түрде мемлекеттік мекеме тарапынан лагерь мазмұны мен материалдық-техникалық базаларына сәйкес тексеруден өтіп, лицензия алуы керек. Мүмкіндк болса, барлық лагерьлер орталықтандырылған бірыңғай сайтта болғаны абзал.

Екіншіден, лагерьлерде бүгінгі таңда маман тапшылығы қатты сезілуде. Лагерьлердің басым көпшілігінде балаларды қарауға уақытша жұмыс ретінде студенттер тартылып жатады. Өз білімін толық жетілдірмеген студенттер мектеп оқушыларын қалай тәрбиелейді? Сондықтан лагерьде жұмыс жасайтын мамандарға арнайы оқыту курстары ұйымдастырылып, мамандандырылған ұстаздар тартылуы керек.

Үшіншіден, лагерьлер арасында нақты белгіленген баға саясаты да жоқтың қасы. Әр ата-ана баласының жақсы сауықтыру орталықтарына барғанын қалайды. Әйтсе де, көп ата-ананың қалтасы көтере бермейтінін ескерсек, бағаға сай сапа болуы керек. Мұны тек мемлекеттік емес, жеке меншік лагерьлерден де талап етілуге тиіс.

Төртіншіден, Кеңестік идеологиямен санамызға сіңген лагерь сөзін жазғы сауықтыру орталықтары сөзімен ауыстыратын уақыт жетті. Лагерь сөзінің шығу тарихы мен тарихтағы лагерьлердің толқыны тек жаман сипатта екенін білеміз. Аты қорқынышты Карлаг, Алжир лагерлерінің пайда болу тарихы баршағы мәлім. Сондықтан ұлттық сана-сезімді жаңғыртуда лагерь атауын алмастырудың мәні зор деп білемін. Лагерь емес, жазғы демалыс орны немесе сауықтыру орны дегеніміз жөн.

"Жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуыңызды сұраймын", – деп қайырды көпшілікке Дәулеттен ретінде танылған депутат. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу