Лаңкестен қорқып, дәретхана жағалаған офицер

15670

Айыпталушы өз кінәсын мойындамай отыр.

Лаңкестен қорқып, дәретхана жағалаған офицер

Ақтөбе гарнизонының әскери сотында 5 маусым күнгі лаңкестік оқиға кезінде әскери жарғыны бұзған №6655 әскери бөлімінің екі офицеріне қатысты сот басталды.

Қылмыстық іс Ақтөбе гарнизонының әскери сотына қараша айының басында түскен болатын. Сот 24 қараша күні сағат 10-да басталуы керек еді. Алайда, істі қарайтын судья Бекболат Тәжімұқан ауырып қалып, іс тура бір айға шегерілген.

Майор Қайнарбек Тастанбеков пен Қайырғали Оразжанов ҚР ҚК 447-бабының 2-тармағымен айыпталып отыр. Оқиға болған күні майор Қайнарбек Тастанбеков бөлім кезекшісі, ал майор Қайырғали Оразжанов оның көмекшісі болған.

Айыптаушы екі офицер оқиға кезінде әскери жарғыны орындамады деп айыптап отыр.

Сондай-ақ бөлім кезекшісі мен оның көмекшісі бөлімде әскери қызметкерлерді қалдырып, өздері бірінші қабаттағы дәретхананың терезесінен қашып кеткен деп көрсетілген айыптауда.

Айыпталушылар өз кінәларын толық мойындамай отыр. Қайырғали Оразжанов қару қолданбағанын ғана мойындады.

Тергеу барысында Қайнарбек Тастанбеков өз пистолетінен оқ жаудырғанын айтты. Шабуыл жасаушы көп болғандықтан, екі солдатты құтқару үшін оларды штабтың оң қанатына алып кеткен. Содан кейін терезеден секіріп, байланыс торабына барып, байланысшыларға тапсырма берген. Сосын өзінің басшысына ұялы телефон арқылы болған жайды хабарлаған. Ал ол болған оқиғаны бірден түсінбей, қайта-қайта сұраған.

Ашық жүріп жатқан сот процесі жалғасып жатыр. Осы оқиғаға қатысты сот ісіне 3 жәбірленуші және 14 куә қатысып отыр. Айыпталушыларды екі адвокат қорғап жатыр, олар кетіп қалмау туралы қолхат берген.

Еске сала кетсек, Ақтөбеде 5 маусым күні болған лаңкестік оқиға салдарынан төрт адам, үш әскери қызметкер қайтыс болған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу