Латвия жастарды "орыс әлемі" ықпалынан құтқарудың үлгісін паш етті

3061

Биылғы жыл әлемнің көптеген елінде сайлау болмақ. Латвия халқы да өз таңдауын жасады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Алғаш рет ресейшіл күштер ойсырай жеңіліп отыр. 

Латвия жастарды "орыс әлемі" ықпалынан құтқарудың үлгісін паш етті

Латвияда өткен сенбіде, 2022 жылғы 1 қазанда, Парламенттік сайлау өтті. Бұл елде заң шығарушы органға, яғни Сеймге ашық тізімдер бойынша 100 депутат сайланады. Жүйе біршама күрделілеу. Латвия аумағында 6 өңір бар, бірақ олар 5 көпмандатты округке бөлінген. Шетелдегі азаматтар дауысы Рига округіне қосылады. Әрбір 5 өңірден пропорционалды түрде өкілдер сайланады. Яғни жүз мандат 5 округке тең бөлінеді. Оларда да біздегідей 5%-дық сайлау кедергісі бар, одан кем дауыс жинаған партиялар мандатбөліске қатыса алмайды.

Содан кеңес кезінен бері орыстар шоғырлана тұратын өңірлерде, астанасы Ригада ресейшіл кандидаттар үнемі Парламентке қаптап өтіп жүрді. Жасыратыны жоқ, Балтық елдері бұл кесірмен қал-қадари күресіп бақты. Мысалы, орыстарға азаматтықты бермеді. Бірақ бұл тетіктен бірте-бірте бас тартуға тура келді: Еуропалық Одақ өзіне мүше елдерде тұрғындарды нәсіліне, ұлтына қарай кемсітуге болмайтынын үнемі ескертумен болды.

Ресейлік саясаттанушы Александр Бауновтың айтуынша, бірінші болып, бұл тәжірибеден Эстония бас тартып, күн тәртібінен алып тастады. Литвада ресейшіл күштер проблемасы сонша өткір тұрмаған, оларға жеңілірек болды. Тек Латвия ғана біраз жыл тіресті. Дегенмен 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Украинаның Донбасс өлкесін (Донецк, Луганск облыстарын) квазиәскери күштер көмегімен басып алғаннан кейін, Литваның көреген басшылары басқа тактикаға көшті.   

"Литва бұл мәселені ұрпақтар алмасуы есебінен шешуге күш салуда. Жас ұрпақ Еуропаға бағдарланған. Бұл елдің жастарының арасында қазір латыш тілін білмейтіні жоқ деуге болады. Тиісінше, бәрі дерлік Латвия паспортына ие. Әрине, Кремльдің пропагандасы санасын әбден улаған, сол жолда өзіне зиян келтіріп, басын құрбан етуге бар жекелеген белсенділер де жоқ емес. 17-ге толмағандар арасында Латвия азаматтығы жоқ жастар шамамен – 3%. Олар саясаттың ауанын бұрып, ауаны бүлдіре алмайды. Ұзақ жыл бойы ассимиляцияға ашық қарсыласып келген аға ұрпақ та Ресейден еш жақсылық болмасын түсінді. Сонда латыш тілін үйрене алмаған, үйренуге құлық танытпаған аз шоғыр қырсық қарттар ғана қалды", – деді А.Баунов.

Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстан билігі қалған аз өмірін сылтау етіп, тіл үйренуге тіпті тырыспайтын аға ұрпақ түгіл, жастарды да біріктіре алмады. Елімізде орыстілді, аралас мектептерді бітірген түлектердің көбі мемлекеттік тілді жөнді білмейді. "Кал калай?", "Салам, бро" сияқты келекеге көп келетін әжуа сөзден әрі аспайды. Салдарынан Қазақстан жастары тіліне қарай екіге жарылып тұрғаны құпия емес.

Ал Латвия өз қоғамын монолиттей тұтастыра алған сыңайлы. Соның жарқын көрінісіндей, өткен демалыс күндерінде ұйымдастырылған парламенттік сайлауда дәстүрлі түрде ресейшіл, орыстілді тұрғындарды ұсынатын қос партия "Согласие" партиясы және Латвияның орыс одағы алғаш рет бес пайыздық табалдырықтан да өте алмай қалды. Тиісінше, енді олардан Латвия Парламентінде депутат болмайды.

Салыстыру үшін айтсақ, осының алдында 13 шақырылымдағы Сеймде "Согласиенің" фракциясы – ең ірісі болатын. Себебі ол алдыңғы сайлаудың жеңімпазы болды. Олардың орнына Алексей Росликов басқаратын, орыс тілінің шектелуімен күресуге бел буған жаңа "Тұрақтылық үшін!" партиясы шағын топпен Сеймге өте алды.

14-ші Сеймге енді 4 партия мен сайлау блогы алғаш рет еніп отыр. Бұлар – жасылдар мен шаруа-фермерлерден бөлініп шыққандар негізін қалаған "Бірлескен тізім" блогы (11,01% дауыс және 15 мандат алды), "Тұрақтылық үшін!" орыс популистік қозғалысы (6,80%, 11), "Прогрессивтілер" еуропашыл, солшыл социал-демократиялық қозғалысы (6,23%, 10 мандат) және "Бәрінен бұрын Латвия!" (Латвия превыше всего! 6,24%, 9) партиясы.

Ұлтшыл "Ұлттық альянс партиясы" 9,29% дауыс жиып, 13 депутаттық орынға қолы жетті.

Ал көшбасшылар тұғырына "Жаңа бірлік" (18,97%, 26 мандат) және "Жасылдар мен шаруалар одағы" (12,44%, 16 мандат) шықты.

"Украинадағы соғыс ұлттық бірлікті қамтамасыз ете алмаған мемлекеттердің тағдыры бұлыңғыр, болашағы тұманды, күні қараң екенін паш етті. Украина 2014 жылы территориясынан айрылған соң ғана бұл мәселеге баса мән бере бастады. Нәтижесінде, қазіргі бірлігі арқасында жауын жеңіп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда латыштар Латвия латыштарға арналған мемлекет деген қағидадан кетіп, Латвия латыштар айналасында ұйысқан халық қағидасын табысты жүзеге асырып жатқаны байқалады", – дейді ресейлік сарапшы.

Сонымен жаңа Парламентте басым орынға ие болған қазіргі премьер Кришьянис Кариньштің "Жаңа бірлік" партиясы билеуші коалицияны және жаңа Үкіметті қалыптастырмақ. Дәл осы партияның табысқа жетіп, жеңістің ең биік тұғырына көтерілетінін әлеуметтік сауалнамалар, дауыс беру қарсаңындағы партиялардың рейтингтері алдын ала болжады.

Осы орайда бір қызық құбылыс назар аудартады. Бұрын Латвиядағы сайлауды Кремльдің ызғары шалып, ықпалы білініп тұратын. Орыс партияларының алдына қара салмай, ешкімге дес бермей жеңетіні де содан еді. Бұл жолы осы елдегі сайлауға Украинаның ықпалы басым болып шықты.

Өйткені былтырғы күзде және қыстың басында "Жаңа бірлік" партиясы үмітсіз аутсайдер саналатын. Алдыңғы Парламентке ол 6,69% көрсеткішпен әзер өтті. Былтыр Кариньш билігін ерінбегеннің бәрі сынайтын. Негізсіз емес еді. Пандемия кезінде және содан туындаған коронадағдарыспен күресте латыш Үкіметі оралымсыздық, шабандық танытты. Мысалы, вакцинаны уақытында сатып ала алмай, көш соңында қалды. Сатып алғанымен, екпе егуді дұрыс ұйымдастыруға қауқарлы болмады. Ел тұрғындарын ақылға сыймас шектеулермен, тыйымдармен ығыр етті. Барлығын 2022 жылғы 24 ақпан өзгертті.

Ресейдің Украинаға алапат шапқыншылығы басталғанда, латыштар барлық проблема мен өкпені былай ысырып, биліктің айналасында топтасты. Латвия Украинаға алғашқы кезден жауды жеңу үшін қолдан келген көмекті көрсетуге жұмылды. Пандемияның беті қайтып, экономика қайта өрлей жөнелгендіктен, бірінші орынға ұлттық қауіпсіздік шықты. Бұл жерде Кариньш Үкіметі нағыз тегеурін танытты. Украинаға жан-жақты көмекті жедел ұйымдастыра білді. Соғыс қасіретінен қашқан украиналық босқындарды қабылдап, лайықты орналастыра алды. Өз шекарасын күшейтті, оны алынбас тас қамалға айналдыруға НАТО күштерін жұмылдырды. Әйтпесе ресейлік пропаганда Киев құлаған соң келесі нысан Латвия болатынын ашықтан ашық жариялап жатқан.

Яғни Латвия билігі елге қауіп төнгенде тас-түйін жұдырыққа айнала алатынын анық аңғартты. Латвия Еуропада алғашқы болып, Ресейдің газынан бас тартты. Осы отынды жеткізудің басқа баламалы көздерін тапты, теңізде қалқымалы терминалын тұрғызды. Қазір ол көгілдір отын жетпей, қатты дағдарып жатқан өзге Еуропалық елдерге үлгі.

Әрине, Кариньш Үкіметін сынаушылар әлі де жетерлік. Бірақ көшбасшы ретінде оның алмағайып заманда өз электоратын жұмылдырып, мобилизациялауға қабілет-қарымы толық жетті.

Одан айырмашылығы сол, кем дегенде соңғы үш шақырылымдағы Сеймдердің лидері болған кремльшіл "Согласие" партиясының енді ең нашар көрсеткіш көрсетіп, саяси апатқа ұшырауы осы сайлаудағы сенсацияға айналды. Былтыр осылай болады десе, мұны қиял санап, ешкім сенбес еді. Өйткені ол арқа сүйеген Мәскеу жыл емес, ай сайын күш-қуат жиған алыптай көрінетін. Партия 2017 жылы путиндік "Единая Россия" партиясымен ынтымақтастықтан толық бас тартып, ат құйрығын үзгенін жариялады, бірақ халық оған сенбеді.

Дауыс берушілердің үлкен бөлігі өзінен теріс айнала бастағанын түсінген партияның басшылығы соғыс басында Ресейдің Украинаға агрессиясын айыптауға бел буды. Осыдан кейін одан Ресейден кіндігі үзілмеген орыстілді сайлаушылары да жиіркеніп, жеріді. Сайлау қорытындысы жарияланған соң, "Согласие" лидері Янис Урбанович партияның берілмейтінін, тарамайтынын, жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Қалай болғанда, Кремльдің қолы тиген, қолдауын көрген нәрсенің бәрі қурап, күйреп, тарихтың шаңына айналатын заман туғанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу