Лавров Қазақстан жеріне қатысты мәлімдемелер туралы пікірін білдірді
Ресейдің Сыртқы істер миниситрі Сергей Лавров Қазақстан жеріне қатысты арандатушылық мәндегі мәлімдемелерді кейбір ресейлік саясаткерлер өздеріне назар аударту мақсатымен жасағанын, ал РФ-ның Қазақстанға қатысты саясатын жүргізетіндер болса, ешқашан мұндай мәлімдеме жасамағанын және жасамайтынын айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz 24.kz арнасына сілтеме жасап.
"Саясаткерлер өз мансабын әртүрлі жолмен құрады. Сенсацияны іздеп тұратын саясаткерлер бар. Даулы мәселелерді көтеремін, халықтың назарын аудартамын деген пікірдегі саясаткерлер де бар. Бізде "Жақсы қырынан болсын, жаман қырынан болсын, бастысы – газеттерде сіз туралы жазса болғаны" деген сөз бар. Мүмкін, осыған да байланысты шығар олардың айтқан сөздері. Бірақ Ресей Федерациясының Қазақстанға қатысты саясатын белгілейтін тұлғалар мұндай сөздерді айтқан жоқ, айтпайды да", – деді Сергей Лавров.
Лавров Ресей мен Қазақстан арасындағы уағдаластықтар "бір-біріміздің егемендігімізді, аумақтық тұтастығымызды, саяси тәуелсіздігімізді толық мойындайтынын" алға тартты.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей Федерациясы Қазақстанды қосып алғысы келеді деген қауесетті қиялға теңеген болатын. "Қиялдамай, шынайы өмірге оралайықшы...Ия, көп нәрсені талқылауға болады, бірақ біздер өзара бауырластық қарым-қатынасты орната білдік. Таласатындай ештеңе де, оған түрткі болатындай себеп те жоқ...Біз шекараны 1998 жылы толықтай демаркациялаған едік", – деді ведомство басшысы.
Ал оның алдында РФ Мемлекеттік думасының депутаты әрі елдегі ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Евгений Федоров Ресей мен Қазақстанды қосып, бір мемлекет құру идеясын қолдайтынын "Голос Отечества" деп аталатын Youtube каналында жариялаған еді. "Біз біртұтас мемлекетті қалпына келтіруді қолдаймыз. Яғни қазақстандықтарды біздің халық ретінде қарастырамыз", – деді Федоров тікелей эфирде.
10 желтоқсанда Ресейдің "Первый канал" деп аталатын арнасының эфиріне шыққан "Большая игра" бағдарламасында Ресей Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің басшысы, саясаттанушы әрі тарихшы Вячеслав Никонов: "Қазақстан бұрын болмаған. Солтүстік Қазақстанға мүлдем халық қоныстанбаған еді. Олардың өмір сүргені рас. Бірақ қазіргіден әлдеқайда оңтүстікке қарай қоныстанған болатын. Қазақстанның аумағы – Ресей мен Совет одағының үлкен сыйлығы", – деген еді.
Біздің Сыртқы істер министрлігіміз сол бойда Ресей тарабына дипломатиялық нота жолдады. Ведомство басшысының орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақыртып, Вячеслав Никоновтың сөзіне қатысты түсініспеушілігін білдірді.
2014 жылдың 29 тамызында "Селигер-2014" деп аталатын жастар форумында Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан туралы: "Нұрсұлтан Назарбаев айрықша нәрсе жасады: аумағында ешқашан мемлекет болмаған жерде мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған",– деген болатын.
Тағы бір жайт, жақында, яғни 21 маусымда "Россия 1" телеарнасында көрсетілген "Мәскеу.Путин.Кремль" бағдарламасында Путин: " Мынадай сұрақ туындап тұр: бірқатар республика Кеңес Одағының құрамына кіріп, ресейлік жерлерді, оның тарихи территорияларын өздеріне алды. Бірақ Одақ құрамынан шығамын деп шешкен кезде, сол келген күйі, яғни қалай келді, солай кетпеді. Олар орыстар берген сыйлықты арқалай кетпеу керек еді", – деді.
Келесі күні, яғни 22 маусымда президенттің ресми өкілі Дмитрий Песков оның сөзін былай деп түсіндірді:
"Ресейдің көршілерге аумақтық мәселеге қатысты айтар талабы жоқ. Ол сыйлықтар туралы айтқан жоқ. Ол Конституцияда бұрын жіберілген жүйелік қателіктер туралы айтты. Құжатта бірқатар жағдай қарастырылмаған", -деді Кремль өкілі.
Табиғат Нұрболат
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !