Қазақстан тумасы Ресейдің намысын қорғайды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3280

Өскемен хоккейінің түлегі Семён Кошелёв Ресейдің олимпиадалық құрамасының сапына енді.

Қазақстан тумасы Ресейдің намысын қорғайды

Ресейдің олимпиадалық құрамасының, яғни ұлттық құрамасының қосалқы құрамында Қазақстан тумасы Семён Кошелёв жүр. Ол 1996 жылы 11 қаңтарда Өскеменде туған. Шайбалы хокеймен еліміздің шығыс өңірінде айналысты. "Торпедо-Қазцинк" клубының сапында шеберлігін шыңдады. Тіпті Қазақстанның жасөспірімдер және жастар құрамалары сапында әлем чемпионаттарына қатысып, еліміздің намысын қорғаған.

2014 жылы Ресейге кеткен. Содан бері осы елдің бірнеше командасында ойнады. Әуелі "Красная Армия" және "Звезда" сапында тәжірибесін толыстыра түсті. 2015-2017 жылдары ЦСКА сапында ойнаса, 2017 жылдан бері "Авангард" құрамында өнер көрсетіп жүр. Ресей клубтары сапында легионер болып тіркелмес үшін, Қазақстан азаматтығынан бас тартқан.

Айтпақшы, биылғы маусымдағы ҚХЛ-дың соңғы матчында дәл осы Кошелёв "Барыстың" қақпасына гол соқты. Әр қандай маңызды гол! Есеп 3:3 болып тұрған тартысты матчтың соңғы секундарында Қазақстан клубының қақпасына гол салып, қазіргі командасын плей-офф сатысына алып шықты. Астана көрермендері бармақтарын тістеген.

Енді, осы ойыншы Ресей құрамасының сапына алыныпты. Мамандар "әлеуеті зор хоккейші" деп, болашағынан үміт күтеді. Міне, осындай дарынды хоккейшіден айырылып қалып отырмыз. Осы ретте айта кетейік, сәуірде EuroChallenge турнирі аясында төрт ойын өткізетін Ресей құрамасына Семён Кошелеёвпен бірге шақыртылған тағы бір хоккейші бізге бөтен емес.

Ол – Егор Коршков. Оның әкесі Алексей Коршков 2004-2008 жылдары "Қазақмыс" (Сәтбаев) клубының сапында ойнаған. 2008-2010 жылдары "Сарыарқа" (Қарағанды), ал 2010-2012 жылдары "Ертіс" (Павлодар) клубтарында өнер көрсетті. Тіпті біздің елдің азаматтығын алып, әлем чемпионатына және қысқы Азия ойындарына қатысқан. Сол Алексей Коршковтың баласы Егор – Сәтбаев қаласындағы хоккей мектебінің түлегі. Шайбалы хоккейдің қыр-сырына қазақ топырағында қаныққан еді. Оны да өзімізге сіңіре алмадық.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының негізін қалайтын "Барыс" клубы шетелдіктерге иек артып алған. Солтүстік Американың және Ресейдің бірнеше хоккейшісіне азаматтық алып беріп, еліміздің ұлттық құрамасына тартып жүр. Мәселен, жақында ғана отандық баспасөз беттерінде ресейлік хоккейшілер Алексей Маклюков пен Дмитрий Шевченконың біздің елдің азаматтығын алатындары жарияланды.

Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары Қазақстан құрамасының намысын қорғауға Кевин Даллмэн (Канада), Брэндон Боченски (АҚШ), Найджел Доус (Канада), Дастин Бойд (Канада), Мартен Сен-Пьер (Канада) сынды солтүстікамерикалықтар тартылған. Енді Швеция қақпашысы Хенрик Карлссон алдағы әлем чемпионатында біздің құраманың жейдесін киюге тиіс.   Ал Ресейден келген хоккейшілерден көз сүрінеді. Оларды түгендеп шығу да қиын, кейде тіпті жаңылысып та қаламыз – Александр Бызов, Алексей Иванов, Павел Полуэктов; Евгений Ушков, Артемий Лакиза, Алексей Ишмаметьев, Дмитрий Степанов, Вячеслав Трясунов, Егор Шалапов; Константин Касаткин, Константин Романов, Михаил Паньшин, Алексей Анциферов, Иван Кучин, Владимир Маркелов, Ярослав Евдокимов, Егор Петухов, Павел Акользин, Дмитрий Гурков және т.б.

Жалпы, Ресейге кеткен хоккейшілеріміз де аз емес. Солардың ішінде Евгений Набоков және Вадим Тарасов сынды қақпашылар, Александр Пережогин және Дмитрий Пестунов секілді шабуылшылар Ресей құрамасының сапында ойнады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу