Leopard-2 деген қандай танк?
Leopard-2 Германияда жасалған және әлемдегі жетекші жауынгерлік танктердің бірі. Бұл шынжыр табанды соғыс машинасы алғаш рет 1979 жылы пайдалануға берілді. "Гардиан" газетінің дерегінше, ол сағатына 68 шақырым жылдамдықпен жүріп, атқан снарядын 500 шақырымға жеткізе алады. Негізгі қаруы - 120 мм зеңбірек және де екі қол пулеметімен жабдықталған.
Неміс әскерінен бөлек, дизельдік моторлы, түнде көру құрылғысымен жабдықталған және алыстағы нысанды лазерлік өлшегішпен анықтайтын Leopard-2 танктерін Еуропада оннан астам ел, сонымен қатар Канада, Индонезия сияқты басқа да мемлекеттер пайдаланды. Тағы бір айта кететін жайт, бұл техника Косовода, Боснияда, Ауғанстанда, Сирияда (Түркия тарапынан) соғыстарға қатысып, олардың бірнешеуі танкке қарсы зымырандардың соққысынан жойылды.
Украина Leopard-2 танкісін неге қалап отыр?
Украина Ресей басқыншылығына қарсы тұру үшін тезірек ауыр қару-жарақ қажет дейді. Киев иелігіндегі танктердің саны шектеулі және олардың көпшілігі кеңестік немесе посткеңестік дәуірден қалған.
РФ армиясы қыстың соңында немесе көктемнің басында жаңа шабуылдарға кірісуі ғажап емес. Мұны Украина мен оның көптеген одақтастары сеніммен айтып отыр. Олардың ойынша, Украина жауланған жерлерін қайтару жолында Ресейге тойтарыс беретін болса, соғыс тезірек аяқталар еді.
Киев, Харьков облысы және оңтүстіктегі Херсон төңірегіндегі шайқастарда айтулы жеңістерге жеткенімен, Украина әскеріне мұндай сәтті операцияларды әрі қарай жалғастыруға танктер тапшылығы кедергі келтіріп отыр. Ал, Ресей күштері ұрысқа заманауи Т-90 танктерін тарта бастады.
"Леопардтар" іргедегі Польшада бар. Және де Варшава оларды көршісіне жеткізуге дайын отыр. Ал, Украина осындай танктің 300 данасы қажет дейді. Алайда, батыстық сарапшылардың есебінше, 100 танктің өзі майданда Украинаны үстем күшке айналдырып, Ресейге ешқандай мүмкіндік қалдырмауы мүмкін.
Германия ақыры келісті
Сейсенбі күні кешке немістің Spiegel журналы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Германия канцлері Олаф Шольцтың Украинаға Leopard-2 танктерін жеткізу туралы шешім қабылдағанын және Киев кем дегенде бір танк ротасын (шамамен 14 машина) алатынын хабарлады. Журналдың өзге бір дерегінше, Берлин Польша тәрізді өзге елдердің де Украинаны "Леопардтармен" қамтамасыз етуіне рұқсат берген.
Айта кету керек, бұған дейін Германия Украинадағы қарулы жанжалды ушықтырған, соғыстың Еуропаға тарауына сеп болған ел атанбау үшін ұзақ уақыт бойы Киевке озық танктерін ұсынбады. Және де Шольц Құрама Штаттар өзінің M1 Abrams танктерін Украинаға жібергенде ғана Leopard-2-нің Ресеймен шайқасып жатқан елге жөнелтілетінін мәлімдеп келді.
Бірақ, бұл аргументтен Берлинге қысым әлсірей қойған жоқ. Германияда келіскеннен басқа амал қалмады.
АҚШ Украинаға "Абрамстарын" беруі мүмкін
"Рейтер" агенттігінің дерегінше, Вашингтон алдағы айларда Украинаға "Абрамстардың" 30-дан астамын аттандыруға әзір.
Құрама Штаттар әкімшілігі бұл туралы шешімді сәрсенбі күні жариялауы тиіс.
Әскери сарапшылардың пікірінше, M1 Abrams - ең үздік заманауи негізгі жауынгерлік танктердің бірі және ол Украина күтіп отырған "Леопардтардан" еш кем емес. Бұған қоса, "Абрамстар" көп шығарылды – 10600 дана, Ал, Leopard-2 танктерінің саны 3600-ге енді ғана жеткен.