"Левски" футболшысы "Қайратқа" ауысуы мүмкін

1674

Болгариялық БАҚ "Левски" командасының 26 жасар сенегалдық футболшысы Хали Тиам "Қайратқа" ауысуы мүмкін деп жарыса жазуда. Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды, дегенмен, алматылық "Қайраттың" келісім-шарт жасауы әлі нақты ақпарат емес.

"Левски" футболшысы "Қайратқа" ауысуы мүмкін

Футболшының болгариялық клубпен жасаған келісім-шарт уақыты 2 шілде күні аяқталады. Ал жаңа трансфер жақын күндері жасалады деп күтілуде. Енді сенегелдық футболшы жайлы ақпаратпен бөлісе кетсек.

Хали Тиам өз елінде "Дакар" футбол клубында ойнаған. Ал, 2012 жылы жазда венгриялық "Ракоциға" ауысады. Венгрия чемпионатында өткізген екі маусымда ол 25 ойын өткізіп, 4 гол соққан.

2014/2015 жылғы маусымда венгриялық "МТК-мен" келісім-шарт жасайды. Оған қарамастан Хали америкалық  "Чикаго Файр", Түркияның "Газиантепсор" және Мәскеудің "Динамо" футбол клубтарына жалға беріліп отырды. Жалпы сенегалдық футболшы "Динамо" сапына іліккісі келген. Ол аталған командада тек 6 ойынға қатысып, клубпен қоштасты. Кейінірек Тиам БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында өзінің ойнау стилі сол уақыттағы мәскеулік команданың бапкері Дмиртий Хохловқа ұнамағанын мойындады.  

Қалай болғанда да Тиам спорттық мансабын ресейлік клубтарда жалғастырғысы келді. Нәтижесінде Болгарияның "Левскиіне" кетті. Ол командаға да жалға берілген болатын. Алайда  2018 жылы Тиам софиялық клуб басшылығының көзіне түсіп, олар МТК-дан оны сатып алады. Transfermarkt-тің мәліметі бойынша келісім-шарт құны 300 мың еуроны құраған. Екі жылда Болгарияда Тиам 60 кездесу өткізіп, 4 гол соғып және 4 нәтижелі пас шығарған.

Жалпы Болгариядағы мансабы сәтті өтті. Оның трансферлік  құны 300 мың еуродан 1,8 миллионға дейін көтерліген. Енді пандемияға байланысты футболшының құны 1,4 миллионға дейін арзандады. "Левскиде" қаражат мәселесі туындамағанда Тиам клубта қала берер еді. Бірақ, қаражат мәселесін оңтайландыру үшін Болгария футбол клубы көптеген легионерлермен қоштасуды жөн санады.

Жалынды жас футболшыны "Қайрат" тегін алуы мүмкін. Мұндай жағдайда алматылық клуб оған тек жалақы төлеп отыратын болады.

Ермұхамед Мәулен



 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу