ЛГБТ туралы фильмге министр неге рұқсат етті?

2360

Ел жанашырлары мен шенеуніктердің ойы бір жерден шықпады. 

ЛГБТ туралы фильмге министр неге рұқсат етті?

Пандемияға байланысты елімізде кинотеатрлардың көбісі жабық тұр. Ал ашылғандары көрермен таппауда. Содан болса керек, кейбірі анайылыққа ұрынып, шектен шыға бастағанға ұқсайды.

Біраздан ұлттық құндылықтар мен дәстүрді сақтау мәселелерін көтеріп келе жатқан қоғам белсендісі Талғат Нұрмағанбетов Үкіметке үндеуінде осыған тоқтау салуды сұрады.

"Мысалы, Қазақстан бойынша Kinopark кинотеатрлар желісінде ЛГБТ, яғни көгілдірлер туралы "Welcome to the USA" деп аталатын фильм көрсетілімі жүруде. Бұл ЛГБТ қауымдастығының үгіт-насихаты болып табылады. Сонда мәдениет, ақпарат министрліктері не қарап отыр? Неге мұндай сұрқия туындысымақты бізде көрсетуге рұқсат еткен? Мұндай анайы туынды қазақ халқының, қоғамның адамгершілік-моральдық құндылықтарына қайшы, ұлтымыздың ар-ұжданын, қадір-қасиетін аяққа таптайды. Жас ұрпақ тәрбиесіне залал келтіреді. Неке мен отбасы туралы дәстүрлі ұстанымдарды күйретеді. Қазір "жай кино ғой" деп, жеңіл-желпі қарасақ, болашақта ол аса ауыр салдарларға соқтыруы мүмкін. Сондықтан осы фильмнің Қазақстанда көрсетілуіне тыйым салуды сұраймын", – деді Талғат Әдиятоллаұлы.

Ел Үкіметі осының алдында британдық комик және кинорежиссер Саша Барон Коэннің "Борат" туралы фильмдеріне елімізде тыйым салған болатын.

Әлеуметтік желіде пікір білдіруші қазақстандықтар сынға ілігіп отырған, қазақстандық режиссер түсірген әлгі фильмнің сапасыз, көруге тұрмайтын, арзанқол, сценарийі нашар фильм екенін айтуда. Демек, оны көрсетуді тоқтатса, көрермен ештеңеден ұтылмайтынға ұқсайды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева киноға тыйым салу өз ведомствосының құзырына кірмейтінін айтып, қысқа қайырды. Осыған байланысты ол азаматтарға Мәдениет және спорт министрлігіне шағыммен жүгінуге кеңес берді.

Айтпақшы, шетелдік фильмдерді Қазақстанда көрсетуге рұқсат бермес бұрын мәдениет саласына жауапты меморган мамандары және тобы оны өзі көріп, халыққа паш етуге қаншалықты лайық екенін бағалайды. Олар неге бұған бас изеп, "бата" берген?

"Айта кетер жайт, "Кинематография туралы" заңына сәйкес, "Welcome to the USA" фильмі "21+" жас категориясына жататыны белгіленді. Яғни, бұл фильм жиырма бір жасқа толған және одан ересек көрермендерге ғана арналған. Кинозалға одан жастар кіргізілмеуі керек. "21 жастан бастап" жас санатына Қазақстан Конституциясында және заңдарында тыйым салынған ақпараты жоқ, бірақ дөрекі жаргон, былапыт сөздер, нормативтік емес лексика қолданылатын фильмдер жатады", – деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Мысалы, осы санатқа қазақстандық кинорежиссер және продюсер Жанна Исабаеваның "Теряя невинность в Алма-Ате" киноальманахы жатқызылды. Ол фильм әртүрлі ұлт пен жасқа және қоғамның әртүрлі қабаттарына жататын алматылықтардың бірінші жыныстық тәжірибесін баяндайтын. Ол 2012 жылғы 5 сәуірде алғаш көрсетілді. Алайда бірер күн ғана өткенде халықтың теріс пікіріне ие болғаннан кейін, бұл фильмсымақты ірі кинотеатрлар прокаттан алып тастады. 

Алматыдағы  Silk Way Cinema кинотеатрының директоры Муслим Чингужиновтың мәлімдеуінше, сонда белгісіз адамдар бірнеше кинотеатрға басып кіріп, көрермендерді қуып шыққан.

"Бір тобы кинотеатр әкімшісінің кабинетіне екпіндей кіріп, оған ұрысқан, жерден алып, жерге салған. Содан кейін кассада билеттің сатылуына тосқауыл қоймақ болды. Артынша кинозалға баса-көктей кіріп, сахнаға көтеріліп, көрермендердің үрейін алған, оларды сеансты тастап шығуға мәжбүрлеген. Қолдарында шоқпары бар тағы 300 адамды алып келіп, нысанды қирататындары айтып қорқытты. Осындай  наразылық акциялары сол жылы Алматының барлық дерлік кинотеатрларында жүргізілген", – деп еске түсірді М.Чингужинов.

Мәдениет және спорт министрлігі сол оқиғаның қайталануынан қауіптенбей ме, белгісіз.

"Негізі, "21 жастан бастап" жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергiлiктi уақытпен сағат 22:00-ден кейін және таңғы сағат 06-ға дейiн прокаттауға жол берiледi. Сөз болып отырған қазақстандық фильмнің мазмұны Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, елдің тұтастығын бұзуды, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуды, сондай-ақ порнографияны насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталмаған. Сондықтан оған тыйым салуға негіз жоқ", – деді А.Райымқұлова.

Қазақстандық режиссер Әсел Аушакимова түсірген аталған фильмсымақ 24 қарашадан бері прокатта. Картина Нью-Йорктегі XXXII ЛГБТ-кинофестивалінде жүлде алды. Сарапшылар сол жүлдені алу үшін түсірілуі мүмкін деген пікір айтады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу