Лоббистер неге заң қабылдауда "депутаттар бастамашылығына" сүйенеді

1635

Үкімет сарапшылар бұрыннан нұсқап келе жатқан бір "сырды" ашты.

Лоббистер неге заң қабылдауда "депутаттар бастамашылығына" сүйенеді

Кейінгі жылдары Мәжіліс те, Сенат та депутаттар бастамашылығымен әзірленген заң жобалары санын арттыруға тым әуестеніп алды.

Әрине, бұл құбылысты олар оң қырынан көрсетеді, тіпті мақтан тұтады. Олар мұны депутаттардың заң шығару ісіндегі белсенділігінің жарқын көрінісі деп ұсынады. Депутаттардың рейтингін құрғанда, олардың қайсысы қанша заң жобасына бастамашы болғаны да бағаланатыны мәлім. Алайда олардың қайсысы қандай қаржылық-өнеркәсіптік топтың мүддесін ілгерілеткеніне тексеріс жүргізілмейді.

Мысалы, 2021 жылғы 30 маусымда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы қорытындыланғанда, қос палатаның бірлескен отырысында сөз сөйлеген Мәжілістің сол кездегі төрағасы Нұрлан Нығматулин "депутаттық корпустың Үкіметтен түскен заң жобалары бойынша өнімді жұмыс істеумен шектеліп қана қоймай, сондай-ақ Ата заңмен берілген заңнамалық бастама құқығын да белсенді жүзеге асырғанын" шаттана мәлімдеді.  

"Осы сессияда Парламенттің қос палатасының жұмысында Мәжіліс пен Сенат депутаттарының өзі әзірлеген және бастамашы болған 24 заң жобасы болды. Қазіргі уақытта оның 15-і қаралып, қабылданды. Олардың әрқайсысы қоғам өмірінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталды", – деді Н.Нығматулин.   

Олардың арасында мысалы, "әлеуметтік кәсіпкерлік" мәселелері жөніндегі заң бар. Құжат бір жағынан, Үкімет шешуге тиіс проблемаларды бизнесмендердің мойнына артты. Кәсіпкерлерді "азаматтар мен қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге" міндеттеді. Екінші жағынан, "Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне" енгізілген әлдебір компанияларға артықшылықтар мен салықтық жеңілдіктер ұсынды. Яғни, қандай да бір фирма нақты өнім өндірмеуі, ал оның кәсібі экономиканың басым салаларына жатпауы мүмкін. Бірақ Үкімет оны реестрге енгізу арқылы әлгіндей мол игілікке бөлейді. Оның ар жағынан лоббидің құлағы қылтиятыны құпия емес.

Алдыңғы сессияда депутаттар Салық кодексіне, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы" кодекске, ғылым туралы және өзге де майшелпек заңдарға өз білгенінше өзгерістер енгізді.

Таяуда Парламент ағымдағы сессиясын қорытындылап, бірлескен отырысын өткізеді. Сонда да депутаттардың өздері жазған заң жобаларын дәріптей ауызға алары сөзсіз.

Дегенмен заңды бұлай қабылдаудың қаупі барын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі анықтап отыр.

Атап айтқанда, егер заң жобасына министрліктер, агенттіктер немесе Жоғарғы сот бастамашы болса, онда ол eGov порталының "Ашық НҚА" ресурсында орналастырылып, қоғамдық талқылауға шығарылады, халық өз пікірін айтады. Онда қолдау таппаған кейбір заң жобаларын, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеушінің кері қайтарып алған жағдайлары жетерлік. Мысалы, бұрынғы Ақпарат министрі Аида Балаеваның командасы БАҚ өкілдерінің құқығын шектейтін аккредиттеу туралы бұйрығының жобасын бірнеше рет талқылауға шығарып, қолдау таба алмай, қабылдамады.

Ал заң жобасына депутаттар бастамашы болса, мұның бірі жоқ. Өздері енгізеді, жабық есік жағдайында, бюрода талқылайды, авторлар қалаған сарапшыларды тартуы мүмкін, артынан "әріптестерімізді қолдайық!" деген ұранмен жалпы отырыста қабылдай салады.

"Депутаттар бастамашылық жасаған заң жобаларын талқылауға жұртшылық қатыстырылмайды. Өйткені ұлттық заңнамада Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларын жария талқылау жөнінде ешқандай талап жоқ", – деп түсіндірді Ақпарат және даму министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, Парламент депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен жазылған заң жобаларына "Үкімет үшін белгіленген талаптар таралмайды".

Айталық, парламентшілер ол жобалары бойынша реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын да, заң жобасының тұжырымдамасын да әзірлемейді. Сондай-ақ ол құжаттар "Ашық НҚА" порталында орналастырылмайды. Өзге де талаптар сақталмайды екен.

"Осылайша, депутаттық заң жобаларын Парламент кең талқылаусыз, жұмыс тобындағы талқылаулармен шектеліп, қабылдай алады. 2020 жылы Қазақстан Парламенті 110 заң жобасын қабылдады, олардың 30-ға жуығы депутаттардың бастамасы болды. Жетінші шақырылымның бірінші сессиясында, яғни 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында депутаттар қабылдаған 63 заң жобасының 15-і депутаттардың бастамасы болды", – деп хабарлады ақпарат министрлігі.

Мұның қандай зияны болуы мүмкін? Бір мысал, 2018 жылы бір топ депутат "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп, депутаттық корпустың қарауына шығарды (ол депутаттар қазіргі Мәжілісте жоқ, былтыр мандаттарынан айырылды).

Informburo порталының жазуынша, сол кезде оны әзірлеушілер "газ бағасын мемлекеттік реттеуді жоюды қоғам ауырсына қабылдамайтынын" түсіндіріпті.

Жаңа заңға сәйкес, 2019 жылдан бастап, электронды сауда алаңдары, биржа арқылы сатылатын сұйытылған мұнай газының көтерме шекті бағасын мемлекеттік реттеу және шектеу жойылды. Заңға бастамашы болған депутат "шектелген көтерме баға зауыттарды шығынға отырғызады" деп құжаттың кімді қолдауға бағытталғанын ашық айтты. 

Мұның соңы екі жыл өткенде неге соқтырғаны мәлім. "Қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін газ бағасын Президенттің өзіне шұғыл шектеуге тура келді. Қазір ел Үкіметі шекті бағаны қайта енгізудің қамына кірісіп, жаңа заң жобасын әзірлеуде.

Сондықтан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұлттық заңнаманы түзетуді ұсынып отыр. Оған сәйкес, "Құқықтық актілер туралы" заңына өзгерістер енгізіледі.

Нақтылай кетсек, Мәжіліс депутаттары бастамашы болған заң жобаларын да жария қоғамдық талқылау көзделмек. Тиісті заң жобасы әзір. Бірақ бұл заңды да Парламент қабылдайды. Ендеше министрліктің оңды, орынды ұсынысын құптамай тастап, олар ұятқа қалмаса болғаны.

Себебі лобби туралы арнайы заң қабылдап, бұл істі мұқият реттеген Батыс елдерін айтпағанда, тіпті демократиясы кем елдердің өзінде депутаттар ілгерілеткен жоба қоғам талқылауына шығарылады. Беларусьтің "Нормативтік құқықтық актілер туралы" заңына сәйкес, депутаттар қаламынан шыққан кез келген құжат жобасы алдымен "Беларусь құқықтық форумы" сайтында жарияланады. Сондай-ақ ол парламенттік тыңдау арқылы, ақпарат құралдарында не заңнамаға қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен интернет желісінде қоғамдық немесе кәсіптік-эксперттік талқылауға шығарылады.

Ұқсас тәжірибе Өзбекстанда да бар, бірақ оның "Заң жобаларын жалпыхалықтық талқылау туралы" заңы бойынша заң жобаларын жалпыхалықтық талқылауға шығару-шығармау туралы шешімді Өзбекстан Олий Мажлисінің заң шығарушы палатасы қабылдайды. Осының өзі қазақстандық тәжірибеге қарағанда анағұрлым демократияшыл болып көрінеді.

Министрлік әзірлеген ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасының тағы бір жаңалығы бар. Ведомство мынаған назар аудартады: Президент, Үкімет, министрлер, квазимемсектор өкілдері шетелге сапарлағанда, немесе сырттан ресми делегациялар келгенде қаптаған халықаралық құжаттарға қол қойып жатады. Алайда ол жобалардың мазмұны алдын ала елдің, жердің иесі – халықпен талқыланбайды. Содан ол құжаттарда не жазылғанынан жұртшылық бейхабар. Тиісінше, жұртшылық та, сарапшылар да оған өзгеріс енгізе алмайды. Тек дау-жанжал туғанда ғана билік сан соғады. Мысалы, "Байқоңыр" ғарыш айлағын жалға беру мерзімін тағы жарты ғасырға ұзарту туралы келісім кезінде халық талқысына шығарылғанда, "Антигептил" сияқты қозғалыстар тумас та еді.

"Қолданыстағы "Халықаралық шарттар туралы" заңында халықаралық шарттар жасасу туралы шешімдерді көпшілік алдында талқылау туралы нормалар жоқ. Халықаралық шарттарға қол қою мәселелері бойынша шешімдер қабылдау рәсімінде де еш жариялылық жоқ. Салдарынан азаматтық қоғам бұл мәселеде шешім қабылдауға қатыспайды, сырт қалған", – деген түсініктеме берді министрлік.

Сол себепті ведомство жаңа заң жобасымен "Халықаралық шарттар туралы" заңына өзгерістер енгізіп, оны халықаралық шарттардың жобаларын алдын ала жариялау және қоғамдық талқылау өткізу рәсімін қамтамасыз ететін ережелермен толықтыруды ұсынды.

Бұл бастамаларға енді Үкімет мүшелерінің өздері тосқауыл қоймаса, ал Парламенттің қос палатасы қабылдаса, онда су асты иірімдеріндей жұрттан жасырын ойындар жүргізіп, ойындағысына қол жеткізетін лоббистерге соққы жасалуы ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу