Қытайда локдаунға наразы жұрт бейбіт шеруге шықты

2239

Үрімшіде өрт кезінде 10 адам карантин кесірінен сыртқа шыға алмай қаза тапты деген хабардан кейін бірнеше қалада шеру басталды.  

Қытайда локдаунға наразы жұрт бейбіт шеруге шықты Фото: reuters.com

Жексенбі күні кешке Шанхайда жүздеген демонстрант айқайлап, полициямен төбелесті. Осылайша, елдің қиыр батысындағы пәтердегі өрттен кейін басталған қатаң шектеулерге қарсы шерулер үшінші күнге ұласып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бейжіңді қоса алғанда, басқа қалаларға да тараған азаматтық бағынбау акциялары – материктік Қытайда он жыл бұрын Си Цзиньпин билікке келгеннен бері мүлде болмаған жағдай және де демонстрациялар Сидің "нөл-ковид" саясатынан халық түңіле бастаған шақта өтіп жатыр. Айта кетсек, Қытай үш жылға жуық уақытын әлемдегі ең қатаң карантиндік шектеулермен өткізді.

Үрімші қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдегі өрттен адамдар локдаун кесірінен қаза тапты деген видеоматериал әлеуметтік желіде жарияланғаны сол-ақ екен, елде наразылық басталды. Алайда Үрімші шенеуніктері сенбі күні таңертең кенеттен баспасөз мәслихатын өткізіп, COVID-ке қарсы шаралар адамдардың өрттен қашуына немесе оларды тілсіз жаудан құтқаруға кедергі келтіргенін жоққа шығарды.

Үрімшінің 4 миллион тұрғынының көпшілігіне 100 күнге дейін үйлерінен шығуға тыйым салынған. Бұл - елдегі ең ұзақ локдаун. Осында тұратын ұйғыр әйел АР агенттігіне берген сұхбатында тамыздың 8-інен үйінен далаға шықпағанына, тіпті терезесін ашуға тыйым салынғанына шағымданды. 

Интернет қолданушылары қытайлық және шетелдік әлеуметтік желілерде жариялаған видеоларға жүгінсек, карантинге қарсы шерулер Шанхайдан бөлек, Нанкин, Чэнду және оңтүстік-батыстағы Чунцинь мен Шыңжаңдағы Үрімші, Қорла қалаларында да өтіп, олардың кейбіріне мыңдаған адам қатысып,  "Коммунистік партия жойылсын!", "Си Цзиньпин кетсін!" деген ұрандар көтерілген.

Үрімші, Бейжің, Ухань

Жексенбіде Бейжіңнің беделді Цинхуа универстетінде ондаған адам коронавирустық шектеулерге қарсы бейбіт шеру өткізіп, ұлттық гимнді шырқады.

Кезінде бұл альма-матерде Си Цзиньпин де оқыған екен. Ондағы митингті көрген студенттердің бірі "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында элиталық оқу орнында жастардың наразылығын көріп таңқалғанын айтады.

"Бұл университетте шерушілер талаптарын қорықпай айтып жатты. Қатты әсер алдым", - дейді тәлімгер атын атаудан бас тарта отырып.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларға жүгінсек, 27 қарашада осыдан үш жыл бұрын коронвирус тараған Ухань қаласында демонстранттар көшеге шығып, темір барьерлерден өтіп кетіп, коронавирусқа қатысты тест тапсыратын шатырларды құлатып, локдаунды доғаруды талап еткен.

Бейсенбі күні Шыңжаң астанасы Үрімшіде көпқабатты үй өртеніп, 10 адам қаза тапқаннан кейін халық шеруге шығып, "Карантин аяқталсын!" деп ұрандатты.

Нөл-COVID 

Қытай Сидің нөл-COVID саясатымен тұралап қалғандай көрінеді. Ал, өзге әлем сол шектеулердің көбін алып тастағаны белгілі. Қытайда жаһандық стандартпен салыстырғанда, коронавирус жұқтыру деңгейі айтарлықтай төмен. Дегенмен, бұл мемлекетте сенбі күні 40 мың адамнан ковид анықталуының өзі рекорд саналып отыр.

Ресми Бейжің коронавирус жұқтырушылар санын нөлге түсіру саясатын елдің өмірін ажалдан арашалайтын және денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіруден қорғайтын шара ретінде үнемі жақтап келеді. Коммунистік билік локдаундарға халық наразылығы күшейіп, экономика зиян шегіп жатса да, бұл саясатты әрі қарай жалғастыруға бекініп отыр.

Қытай экономикасының дамуы қазан айында жаппай баяулады. Өйткені өндірістің өсімі күткендегіден әлдеқайда осал тартып, бөлшек сауда бес айдан бері алғаш рет құлдыраған. Бұның бәріне сырттан да, іштен де сұраныстың азаюы себепші.

Жақында жарияланған статистикалық мәліметтерге қарағанда, Қытайдың индустриалдық компанияларының жалпы кірісі қаңтар-қазан аралығында тоқтаусыз кеміп, 41 өнеркәсіптік сектордың 22-інде құлдырау тенденциясы байқалған.

Сонымен қатар, әлемнің екінші экономикасы қазір өзге кедергілерге тап болып отыр. Солардың қатарында әлемдік рецессия қаупі мен жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс бар.

Сирек наразылықтар

Қытайда кең ауқымды қоғамдық наразылық акциялары өте сирек өтеді. Ал, Сидің тұсында бөтен ой кеңістігі түгелдей жабылып, азаматтардың көбі пікірін ашық айту үшін әлеуметтік желіге көшіп, қазір цензорлармен мысық пен тышқан ойынын ойнап жүргендей күй кешіп жүр.

Жұртты ашындырған тағы бір жайт – өткен айда Си Цзиньпиннің саяси дәстүрді бұзып, компартия съезінде үшінші мерзімге қалуы.

"Қазіргі жағдай партияны жауап беруге мәжбүрлейді. Демек, билікте репрессия жүргізетін, тұтқындайтын, шерушілерді қудалайтын шанс пайда болды", - дейді АҚШ-тағы Йель университетінің саясаттану кафедрасының ассистенті Дэн Мэттингли.

Дегенмен, оның сөзінше, Қытайдағы қазіргі көтерілістер 1989 жылғы оқиғалардан алыстау. Айта кетсек, сол кезде Тьянэньмен алаңындағы ауқымды демонстрациялар үлкен қантөгіспен аяқталғаны белгілі. Сонымен қатар, америкалық ғалым элита мен армия Си Цзипьпиннің жағында болғандықтан, Қытай билігіне бүгінде қауіп төніп тұрған жоқ деп есептейді. 

Осы демалыс күндері Шыңжаң Коммунистік партиясының хатшысы Ма Синруи аймақты қауіпсіздікті қамтамасыз етуді күшейтуге және "COVID-тің алдын алу шараларын заңсыз қабылдамауды" тоқтатуға шақырды.

Бұған қоса, Шыңжаң басшылығы дүйсенбіден бастап Үрімшіде қоғамдық көлік біртіндеп қайта жүретінін хабарлады.

Қарсылық білдірген қалалардың бірі – солтүстік-батыстағы Ланчжоу. Мұнда да сенбі күні тұрғындар ковид-тест тапсыратын палаткалар мен кабиналарды құлатқан. Айтуыларынша, қалада ешкімнен вирус табылмаса да локдаун доғарылмай отыр.

Үрімшідегі өрт құрбандарын еске алу рәсімдері Нанцинь және Бейжің университеттерінде де өткен.

Шанхайдың 25 миллион халқы жыл басында екі айлық карантинге алынды. Содан кейін Қытай билігі ковидтік шектеулерді көздеп, таңдап қана қолдану саясатына көшті. Алайда кейбір бақылаушыларлдың ойынша, мұндай тәсіл елде инфекцияны қайта өршітіп, қыс кезінде коронавирустың "омикрон" вариантының кең тарауына жол ашуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу