Ломбардтар халықты қан қақсатып отыр

16119

Алданған адамдар әділет іздеп жүр.  

Ломбардтар халықты қан қақсатып отыр

Кепілге қойылған зат үшін шағын несие беретін ұйымдардың алдында төтенше жағдай аяқтала салысымен қарақұрым кезек пайда болды. Қазақстанда пандемиямен күрес аясында кәсіпорындар қызметіне және адамдардың қозғалысына қатаң шектеу қойылуы кесірінен табысынан айырылып, тұрмысы төмендеген жұртшылықтың бір бөлігі ломбардтардан несие рәсімдеуге шұбырды. Ал тағы бір бөлігі керісінше, олармен дауласу үшін "жорыққа" аттанды.  

Қала тұрғындары Ләззат Серікқызы мен Аягөз Сүлейменқызы алданып, борышқа батқандарына қамығады.

"Не істерімізді білмейміз. Біз барлық алтынымызды "Алтын Кредит Сервис" ломбардына кепілге қойып, несие алғанбыз. Алайда ТЖ-ға байланысты ломбард 1 сәуірден 5 мамырға дейін жабық тұрды. Осы аралықта біз оның өкіліне бірнеше рет хабарласып, алтынның бір бөлігін кері сатып алуды және қалғаны үшін несие мерзімін ұзартып беруді ұсындық. Алайда карантинді бұзбау үшін ломбард есігін ашпай қойды. Салдарынан белгіленген уақыт ішінде алтынымызды кері сатып ала алмадық. Оның бағалаушы-сарапшысы Қарлығаш телефонмен сөйлескенде алаңдамауға шақырды, өйткені несие "қатырылып", пайыздық үстеме есептелмейді деді. Айдың ортасына қарай ашылғанда келу керектігін хабарлады. Келсек, ТЖ енгізілген 35 күннің барлығына 0,2% сыйақы есептеп қойыпты. Бағалаушы-сарапшысы өз директоры Фариданы шақырды, ол қаржылық реттеу агенттігі төрағасының ТЖ кезеңінде сыйақы есептеуді тоқтата тұру туралы №167 бұйрығы өзіне жүрмейтінін, құжатты біздің дұрыс түсінбегенімізді айтып, бізді кінәлады", – дейді ломбард клиенті.

Руслан есімді зардап шегуші де ломбардқа алданғанын айтты. 

"Әйелім екеуіміз 2,8 млн теңгеге Мустафинов дегеннен қолхат бойынша автокөлік сатып алған болатынбыз. Бірақ оның тек сақтандыру құжаттарын ғана рәсімдеп үлгердік. ТЖ енгізілгенге дейін машинаны өз атыма қайта рәсімдей алмай қалдым. Артынан полицейлер келіп, көлікті тәркіледі. Тергеушінің түсіндіруінше, оның бірінші қожайыны Ибраев көлікті "Ломбард 24" ЖШС-ға сатып, оның бөліп төленетін төлемінің алғашқы жарнасын – 520 мыңын алыпты. Ары қарай ломбард адамдарды алдаған: Мустафинов оның қызметкері болып шықты. Енді Ибраев полицияға жүгініп, ломбард үстінен шағым түсірген. Ал мен Мустафинов үстінен алаяқтығы үшін шағым жаздым", – дейді Руслан.
Қаржы ұйымының қызметкеріне іздеу жарияланыпты. Автокөлік бірінші қожайынына қайтарылды. Ол өз кезегінде көлікті Мелисова деген әйел адамға сатып жатыр деген ақпарат бар. 

Қазақстан ломбардтары ұлттық лигасының басшысы Роберт Абзалилов сала қиын кезеңді бастан кешіп жатқанын жасырмады.
"Ломбардтардың карантиннен кейін ашылуына билік рұқсат еткенімен олардың жұмысына көп кедергі келтіріп отыр. Мәселен, Ұлттық банк бекітіп кеткен жаңа қағидаға сәйкес, тек бір клиенттің несиесін рәсімдеуге ғана 30-дан 45 минутқа дейін уақыт кетеді. Содан олардың алдында ұзынсонар кезек қалыптаспай қайтеді. Бұрын оған 5-10 минут жететін. Бүгінде ломбард пен клиент арасында келісімнің жаңа түрі – кепіл билеті рәсімделуі тиіс. Салдарынан, көптеген адам ұзақ күткісі келмей, микроқаржы ұйымдарына кетеді. Ломбардтар клиенттерінен айрылуда. Осы бағытта бізге көп шағым түсуде. Карантиннен кейін көптеген проблема ашылып отыр", – дейді Роберт Абзалилов.

Оның мойындауынша, "Гарант 24", "Estate Ломбард" айналасындағы алапат дау-жанжалдан кейін сала дағдарып тұр. Тіпті заң аясында жұмыс істейтін ломбардтар да қиындыққа кезігуде. 

Сәуір айында 60 ұйымның басшысы қол қойған ломбардшылардың бастамашыл тобы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдауға мәжбүр болды. Олар үкіметтің осы ұйымдарды жаңа қағида арқылы күйретіп жатқанын айтып, жанайқайын жеткізді. Өйткені жаңа талаптарға сай құжаттар топтамасын жинауға аз уақыт белгіленді. Оның үстіне қызметкерлерді қайта оқыту қажет етіледі. Талапқа сәйкес жұмысын қайта құра алмағандары жаппай жабылады, мыңдаған адам кәсіптен айрылып, далада қалады дейді хат иелері.  

"Бұл үндеуде ломбардтардың микроқаржы ұйымы (МҚҰ) ретінде есептік тіркелуін реттейтін қаулының енгізілуін тоқтата тұру сұралады. Себебі елде ТЖ-дан кейін күрделі экономикалық ахуал қалыптасып отыр. Қайтадан есептік тіркелуден өту үшін жарғылық және төл капиталын өсіру керек, ғимараттар техникалық тұрғыдан күшейтілуі тиіс. Содан кейін ақпарат пен заемшылар туралы мәліметтерді мемлекеттік кредиттік бюроға және ІІМ-ге ұдайы тапсыру талап етіледі. Мұның бәрі едәуір шығынға соқтырады", – дейді бастамашыл топ заңгері Нұргүл Төкенова. 

Ломбардтардың өз болашағына деген сенімі де жоқ көрінеді. 

"Биылғы наурызда халықты алдаған "Гарант 24 ломбард" және басқа да қаржылық пирамидалар айналасында туындаған жанжалдар біздің беделімізге дақ түсірді", – дейді Нұргүл Төкенова.

Ломбардтардың бүкіл елді дүрліктерген, барлық өңірді қамтыған ірі алаяқтыққа баруы Мәдина Әбілқасымова басқаратын қаржылық реттеу агенттігін шұғыл шаралар қабылдауға итермеледі. Мысалы, ломбардтардан жарғылық және төл капиталы көлемін екі есе арттыру талап етілді. Ал есептік тіркеуден өтудің бұрын белгіленген мерзімі екі айға қысқартылды. Бұрын шілде айына дейін рұқсат етіліп еді. Бұған қоса, агенттік микроқаржы және коллекторлық қызметті реттеу заңнамасына түзету енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі. Ол ломбардтарды лицензиялау рәсімінен өтуге мәжбүр етпек. 

Бастамашыл топ мұндай талаптарды ломбардтардың басым көпшілігі орындай алмайтынын мәлім етті. Бұған пандемиямен күрес, төтенше жағдай және шектеу шаралары кесірінен ломбардтардың жұмыс жасай алмауы, табыстан айырылуы да ықпал етпек. Сондықтан олар Қасым-Жомарт Тоқаевтан есептік тіркеуден өту мерзімін 2020 жыл соңына дейін ұзартуды сұрайды.  
Ломбардшылардың дерегінше, 2019 жылдың қарашасында жарғылық капиталды 50 млн теңгеге дейін ұлғайтқан заң қабылданыпты. Алайда төрт айдан кейін агенттік жаңа акт қабылдап, бұл талапты 100 млн теңгеге дейін көтерді. 

Қалай болғанда да, бұл сала безгек ұстағандай қалтыраған күйде. Сектордың сырқаттан жазылары, әлде "өліп қалары" әзірге белгісіз. Оның шипасы үкіметтің қолында. Бірақ ломбардтардан халыққа келген зиянның ауырлығын бағамдап, билік оны емдемеу туралы шешім қабылдауы да ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу