Елордада биылғы қыркүйекте эстакададағы жеңіл рельсті көліктің (LRT) бірінші желісі сынақтық іске қосылады деп күтіліп отыр.
City Transportation Systems компаниясының хабарлауынша, жылжымалы құрам әзірше дайын емес және жоспарланған жалпы саны 19 вагонның әзірге тек 6-ауы құрастырылып жатыр.
"Соның ішінде 2 вагонда бояу, терезелер мен есіктерін орнату, ішкі жабдықтарын монтаждау, еденін, төбесін жабу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ ауа баптау, жарықтандыру жүйелерімен, мультимедиамен және мониторлармен жарақтандырылды. Келесі кезең – жұпты доңғалақтарын, жүріс бөлігін және басқасын орнату болмақ", – деп хабарлады CTS.
Бұдан бөлек, тағы 4 вагонның шанақ-кузовының конструкциясы жинастыру сатысында тұр.
Компанияның сендіруінше, "өндірістік процестер халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілуде және техникалық бақылаудан өтуде". Вагондар GOA 4 деңгейіндегі автоматтандыру жүйелерімен жабдықталады. Яғни, астаналық ЛРТ автоматты басқарылады.
Сонымен қатар, техникалық жай-күйін мониторингтеу және соқтығысудың алдын алу жүйелерін де автомат бақылайды.
"Алғашқы вагондар Астанаға биылғы қыркүйекте келеді деп күтілуде. Содан кейін тестілік пайдалану кеңесі басталады", – деген елордалық көлік жүйесі компаниясы астаналық ЛРТ-ның жылжымалы құрамын Қытайда, Таншань қаласында CRRC Tangshan Co. компаниясы құрастырып жатқанын нақтылады.
LRT желісінің жалпы ұзындығы 22,4 шақырым ғана болады. Жалпы алғанда, 18 станция-аялдамасы болуы мүмкін.
Қазақстан 19 жылжымалы құрамды сатып алуға ниетті. Сонда жеңілрельсті көліктердің жүріс интервалы 4-5 минуттан болады, жолаушылар ұзақ күтпейді.
Бірақ жол жүру ақысы қанша болатыны белгісіз, сарапшылар оның автобустан қымбатырақ болатынын ескертеді.
Ресми мәлімет бойынша 4 секциядан тұратын әрбір құрам толық жүктелгенде 600-ден аса жолаушыны сидыра алады деп жоспарланған.
Ішінде отырған адамдардың шудан құлағы тұнып қалмау үшін "дыбыс сіңіретін элементтер" мен қалың терезелер қарастырылатын көрінеді. Сондай-ақ органикалық-силикаттық тері және шыны-пластикалық композит қолданылады.
Сонымен бірге, әлеуметтік желіде астаналықтардың бір бөлігі ЛРТ-ның іске қосылатын күнін қорқасоқтай күтіп отырғанын жеткізді.
Елорда тұрғыны Нұрлан Оралбек терезесінің алдында тұрғызылып жатқан ЛРТ-ға біраз жылдан бері алаңдай қарап қоятынын айтады.
"Мен кореялық Бусан қаласында болғанда, жалдаған баспананың дәл жанынан күндіз-түні дүрсілдетіп, айналасын шуға бөлеп, ЛРТ өтетін. Кейбір үйлерде діріл сезіледі деді тұрғындар, бірақ оны байқамадым. Астанадағы бұл пәтерді сатып алғанда бұл жерден ЛРТ өтетінін білмедім. ЭКСПО-2017 көрмесінің қатысушылары тұруы үшін салынған тұрғын үй кешені еді, ол біткен соң компания жаппай саудаға шығарды, бағасына қызығып алдық. Енді CTS әрбір 4 минут сайын ЛРТ пойыздары өтеді деп отыр. Жалғыз баспанамыз. Қымбатқа кім ала қояды дейсіз. Не істерімізді білмей отырмын", – деді елордалық.
Блогер, қоғам белсендісі, Мәжілістің экс-депутаты Тәңірберген Бердіоңғар LRT желісі салынып жатқан көшелердегі баспанаға қатысты жұртшылыққа үндеу жолдады, деп хабарлады Finratings.kz.
Бейнеүндеуінде ол эстакададағы көліктің үздіксіз қозғалысы кейбір адамдар үшін қолайсыздық туғызуы мүмкін екенін айтты.
"Бұл әсіресе, 6-қабатқа қатысты. Ол ЛРТ рельстерінің деңгейінде орналасқан. Сондықтан шу қаттырақ естілуі мүмкін. Егер жеңілрельсті көлік өтетін көшелерден пәтер сатып алуды жоспарласаңыз, онда 3, 9-шы қабаттарынан алыңыз", – деп кеңес берді Тәңірберген Бердіоңғар.
Ол бастапқыда ЛРТ-да париждік үлгідегі, резеңке доңғалақтары бар шусыз технология қолданылады деп күткенін айтады.
"Алайда таяуда жарияланған видеожазбалардан мәлім болғанындай, қазақстандық ЛРТ кластикалық рельстермен жүреді. Демек, бұл пойыздардың қозғалысы барысында шу деңгейі де жоғарырақ болуы ықтимал. Сол себепті, бұл көшелердегі пәтер иелерінің өмір сүруді қолайлы ету үшін шу оқшаулау шешімдеріне қаржы шығарғаны маңызды. Онсыз әрбір пойыздың жүріс-тұрысын естумен боласыз", – деп болжады Бердіоңғар.
Өз кезегінде, CTS трамвай мен автобусқа қарағанда, ЛРТ 15 децибелге аз шу шығаратынын жеткізді.
Британдық Tramways&Urban Transit сарапшылары кез келген ЛРТ-дан шу болатынын жасырмады.
"Жағдайды күрделендіретін факт сол, жалпы бұл шу бірнеше фактордан құралатын болады. Біріншіден, фондық шу, мәселен, көліктің жалпы гуілі естіледі. Екіншіден, бұған аялдамаға тоқтар алдында тежегіш дискінің қатты басылуының шиқылы, рельстің шыңылы, жылжымалы құрамның өзі шығаратын дыбыстар қосылады. Сарапшылар әрбір ЛРТ жобасының шуылы деңгейін есептегенде, осы дыбыстардың орташа шамасын алып, "дыбыстың үздіксіз эквивалентті деңгейін" (Laeq) шығаруға тиіс. Кез келген қаладағы ЛРТ-ның қоршаған ортаға және адамдарға ықпалын бағалағанда да осы цифрлар басшылыққа алынады", – деді британдық сарапшылар.
Қазақстанда әзірге ондай зерттеулер жүргізілмеген көрінеді, ашық дереккөздерде де көрсеткіштер жарияланбапты.
Tramways&Urban Transit ЛРТ-ның шуы автобустың не автомобильдің (Астанада басқа көлік түрі жоқ) шуынан ерекшеленетініне назар аудартты. LRT шуылы негізінен болат доңғалақтарының шойын жолмен үйкелуінен, вагондарының қозғалыс кезіндегі сықырлауынан туындайды.
Сондай-ақ қозғалтқышының жұмысы, тежегіштерінің шиқылы, вагондарының ашылып-жабылған есіктерінің тарсылы және басқасы жалпы "хорға" өз "үнін" үстейді.
Сарапшылар мұның бәрі тұрғындар тарапынан шағымның нысанасына айналуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ мұндай шу ұзаққа созылмайтынын да қаперге салды: мысалы, қос вагонды ЛРТ ұзыннан ұзақ пойыз емес: терезенің алдынан тез-ақ өтіп кетуі мүмкін.
Оның үстіне жеңілрельсті көліктің жүріс кестесіне де көп нәрсе тәуелді болады. Мысалы, әлемнің ірі қалаларында ЛРТ түнге дейін жүре береді.
Мамандар стандарт бойынша пәтерлердегі шудың деңгейі күндіз 40 дБА-дан, ал, түнде 30 децибелден аспауға тиіс екенін еске салады.