Луценко "Астана - Premier Tech" сапында қалатын болды

1324

Қазақстан чемпионы және "Тур де Франс-2020" велододасының кезеңінің жеңімпазы Алексей Луценко қазақстандық-канадалық командамен келісім-шартты келесі маусымға ұзартты. Луценкомен жасалған жаңа келісімнен соң "Astana - Premier Tech" командасы 31 шабандоздан тұратын 2021-жылға арналған құрамның тізімін бекітті.

Луценко "Астана - Premier Tech" сапында қалатын болды

Сондай-ақ, командаға екі жаңа спорттық директор қосылды - Олимпиада жүлдегері және "Тур де Франс" кезеңінің жеңімпазы канадалық маман Стив Бауэр, сондай-ақ қазақстандық экс-кәсіпқой шабандоз Дмитрий Муравьев.

Алексей Луценко, Қазақстан чемпионы, "Тур де Франс-2020" веложарысының 6-кезеңінің жеңімпазы:

- Соңғы уақытта мен көптеген жылдар бойы ұмтылып келе жатқан бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткіздім. Қиын жыл болғанымен, маусымды жақсы өткіздім. "Тур де Франста" жеңіске жету мен үшін маңызды болды. Команданың басшылығы да менің нәтижелеріме риза екендігіне және келісім-шартты жалғастырғысы келетіндігіне қуаныштымын. Бірақ, мен мұнымен тоқтап қалмаймын және жаңа мақсаттарға, шабандоз ретінде одан әрі дамуға ұмтылатын боламын. Мен "Астана - Premier Tech"-пен бірге тағы бір маусымды өткіземін. Бұл үшін өте қуаныштымын. Команда маған сенім артып отыр және менің көзқарастарымды, мақсаттарымды қолдайды.

2021-жылы келесі шабандоздар "Астана – Premier Tech" командасында өнер көрсетеді:

Алекс Аранбуру, Самуэле Баттистелла, Мануэле Боаро, Глеб Бруссенский, Стефан Де Бод, Родриго Контрерас, Евгений Федоров, Фабио Феллине, Омар Фраиле, Якоб Фульсанг, Евгений Гидич, Йонас Грегаард Вилсли, Дмитрий Груздев, Уго Уль, Йон Исагирре, Горка Исагирре, Мерхави Кудус, Алексей Луценко, Давиде Мартинелли, Юрий Натаров, Бенжамин Перри, Андреа Пикколо, Вадим Пронский, Оскар Родригес, Хавьер Ромо, Луис Леон Санчес, Маттео Собреро, Никита Стальнов, Харольд Техада, Александр Власов, Артем Захаров.

Дмитрий Фофонов, Бруно Чениалта, Джузеппе Мартинелли, Стефано Занини, Сергей Яковлев, сондай-ақ екі жаңа маман - Стив Бауэр және Дмитрий Муравьев спорт директорлары ретінде команданы басқарады.

Стив Бауэр, канадалық маман, Олимпиада жүлдегері және "Тур де Франс" кезеңінің жеңімпазы:

- Мен "Астана - Premier Tech" жобасына қосылу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Бұл менің өмірімнің жаңа тарауы. Мен керемет шабандоздар тобымен, қызметкерлермен және менеджментпен жұмыс істеймін. Канадалық азамат ретінде командаға 2021-жылы канадалық Premier Tech компаниясы демеушілік ететіні мені ерекше ынталандырады. Мен командамен қаңтар айында өтетін оқу-жаттығу жиынында кездесуді асыға күтемін. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін әр топ мүшелерімен нәтижелі жұмыс жасауға тырысамын.

Дмитрий Муравьев, қазақстандық экс-кәсіпқой шабандоз:

- Мен спорттық мансабымды осы командада аяқтадым. Бірақ енді осында спорт директоры ретінде қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Білімім мен тәжірибемді жаңа жұмысымда қолдануға дайынмын. Сонымен қатар, мен өзімнің білгенімді де, білетінімді де Қазақстанда жаттықтырушылармен бөлісу үшін және барлық жаңа дүниелерді үйренуге, жаңа білім алуға дайынмын. Мен өзімнің мансабымды "Астана - Premier Tech" жобасында өмірімнің  жаңа тарауын бастайтынымды мақтан тұтамын және біз шабандоздармен бірге жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін.

Яна Зель, басқарушы директор:

- Біз шабандоздар мен спорттық директорлардың жаңа құрамына өте ризамыз және 2021-жылы әлемдік аренада біздің демеушімізбен қатар, Қазақстанның атынан лайықты өнер көрсете алатынымызға сенімдімін. Біздің командада бірден 9 қазақстандық спортшының бақ сынайтынын, сондай-ақ Уго Ульмен қатар Канаданың тағы бір өкілі болатынын ерекше атап өткім келеді. Бұл Қазақстан мен Канадада балаларға және жасөспірімдерге арналған жобалар үшін өте маңызды. Осы жобалардың көмегімен біз велосипед әлемінде көп нәрсені өзгертуге дайынбыз. Сонымен қатар жанкүйерлерімізді өзіміздің жарыс стилімізбен қуантуды жалғастыра береміз. Жыл соңында бізден кетіп бара жатқан барлық шабандоздарға Мигель Анхель Лопеске, Лауренс Де Вризге, Жандос Бижігітовке, Даниил Фоминых пен Эрнандо Бооркеске, сондай-ақ екі спорттық директор Александр Шефер мен Дмитрий Седунға команда атынан алғыс айтамын. Олардың әрқайсысы осы жылдар ішінде әрбір күн сайы 100% барын салып, команда үшін көп нәрсе жасады. Біз оларға атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтамыз және болашақта тек жақсылық тілейміз.

Александр Винокуров, бас менеджер:

- Менің ойымша, біз жаңа таланттармен келісім-шартқа қол қою арқылы және біздің командада соңғы жылдары өзін көрсетіп үлгерген мықты шабандоздармен келісім-шартты жаңарту бойынша үлкен жұмыс жасадық. Біздің команда қайталанбас және көз тартарлық жарыс стилімен танымал. Осы құраммен біз жоғары деңгейде бәсекелес бола алатынымызға сенімдімін.

Ермұхамед Мәулен 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу