Луценко Азия ойындары тарихындағы ең табысты шабандоз атанды

941

Қазақстандық велоспортшылар тамаша нәтиже көрсетті.  

Луценко Азия ойындары тарихындағы ең табысты шабандоз атанды Фото: cycling.kz

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарда Қазақстан құрамасының намысын қорғаған Astana Qazaqstan Team шабандоздары Евгений Федоров пен Алексей Луценко тамаша қос жеңіске қол жеткізіп, тас жолда өткен топтық жарыста (207,7 шақырым) алтын және күміс медаль жеңіп алды. Осы орайда шабандоздар жарыстан алған әсерлерімен бөлісті.

"Мен осы алтын медаль үшін өте қуаныштымын және мақтан тұтамын. Бұл біз үшін өте маңызды жарыс болды және жеңіске жету үшін бар күшімізді салуымыз керек екенін білдік. Бұл жетістік мен үшін өте маңызды. Сондықтан алтын жүлдені өз еліме, менің Қазақстаныма әкелгеніме өте қуаныштымын. Жарысқа дайындық кезінде де, жарыстың өзінде де үлкен қолдау көрсеткені үшін бүкіл командамызға алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ, әрине, Алексей Луценкоға үлкен рахмет. Ол тас жолда таңғажайып күн, тамаша жарыс өткізді. Мұндай сәтті Алексеймен бөлісу өте керемет болды", - деді Евгений Федоров.

Алдымен Луценко, сосын Федоров мәреге 80 шақырымдай қалғанда көшбасшы топтан шабуыл жасап, бірден жақсы басымдыққа ие болды. Сол басымдықтарын мәреге дейін сақтап қалған Федоров пен Луценко мәреге бірге жетіп, нәтижесінде алтын және күміс медаль жеңіп алды.

Бұл Евгений Федоров үшін Азия ойындарындағы алғашқы медаль болса, Алексей Луценко 4 алтын және 1 күміс жеңіп алып, Азия ойындары тарихындағы тас жолдағы велоспорттан ең табысты шабандоз атанды.

"Біз жарыс қиын болады деп күттік және оған дайын болдық. "Жекелей уақытқа арналған" жарыс сәтті өткеннен кейін топтық жарыста 100% барымды салуға бел байладым. Бірақ, бүкіл команда Қазақстан үшін өте маңызды болған осы жарысқа баса назар аударды. Жарыс жолы мені өзінің күрделілігімен таң қалдырды. Маған қатты ұнады деп айта аламын. Осы жарыс жолын жүріп өту тамаша болды. Жігіттер бастапқыда керемет жұмыс жасап, жарысты бақылап отырды. Содан кейін мен Евгений Федоровпен бірге шағын көшбасшы топқа қосылдым. Сол сәттен бастап тек алға ұмтылу, сол сәтті тиімді пайдалану үшін барынша еңбектену керек екені анық еді. Нәтижесінде, бірінші қиын асуда мен шабуылдадым. Кейін екінші асудан соң Евгений Федоров маған қосылды. Сонымен, мәреге 80 шақырымдай қалғанда бірге алға оздық. Мәреге дейін басымдылығымызды сақтап, Қазақстанға екі медаль, алтын және күміс жүлде әкелдік. Бұл біздің Азия ойындарындағы тас жолда өткен жарыс бағдарламасының тамаша қорытындысы болды", - деді Алексей Луценко.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу