"Бүгін көшбасшы топпен алға озып, бағымды сынап көруді жоспарладым. Алғашқы шабуылдарға қосылмай, Лукманиер асуына дейін күте тұруды жөн санадым. Сол алғашқы асуға жеткенде қарсы шабуылға шығып, алдыңғы қатардағы шабандоздар тобына қосылдым. Соңында біз жақсы нәтижеге қол жеткізіп, топпен бірге жұмыс жасай бастадық. Бір уақытта бірнеше шабандоз бізден алыстап кетті. Оларды қуып жету үшін шабуылға шығуға тура келді. Құлди жолында біз топ болып қайта қосылдық. Бірақ менімен бірге болған Джанни Москон бұл топтың соңынан ере алмады. Мальбунға бастайтын соңғы асу жолында күн өте ыстық болды. Бәлкім мен тау жолын тым жылдам бастаған шығармын. Алайда, кейін өз ырғағымды тауып, соңғы шақырымға дейін жеңіс үшін күрестім. Пиноға өте жақын болдым. Бірақ оны мәреге дейін қуып жете алмадым. Бұл мен үшін жақсы кезең болды және бүгін өзімді бұрынғыдан әлдеқайда жақсы сезінгеніме өте қуаныштымын. Менің құлауым өте ауыр болды. Жарысты жалғастыру керек пе, әлде аяқтау керек пе деген сұрақ туындады. Бірақ, мен қиын сәттерді еңсере білдім. Сондықтан бүгін өзімнің қалыпты жағдайға оралғанымды сезіндім", - деді Алексей Луценко.
"Швейцария турының" жетінші кезеңі Швейцарияның Амбри қаласындағы аэродромнан басталып, Лихтенштейндегі аса тік орналасқан шыңда аяқталды. Толассыз шабуылдардан кейін 19 шабандоздан тұратын топ бөлініп алға шықты. Бұл топта Astana Qazaqstan Team командасынан Алексей Луценко мен Джанни Москон да болды. Соңғы асуда Луценко Тибо Пино және Йон Исагирремен бірге басқа қарсыластарынан бөлініп, шабуылға шықты. Қазақстан құрамасының көшбасшысы жеңіс үшін соңына дейін күресті. Бірақ, мәреге үшінші болып жетті. Ал Пино кезең жеңімпазы атанды.
Ертең Лихтенштейннің Вадуц қаласында өтетін соңғы жекелей жарыс алдында колумбиялық шабандоз Серхио Игита жалпы командалық есепте жаңа көшбасшы атанды. Алексей Луценко бас классификацияда 19-орынға тұрақтады.
Ермұхамед Мәулен