Луценко виртуалды Giro d'Italia жарысына қатысатын болды

1478

Беделді көпкүндіктердің бірі "Джиро д'Италия" жарысының ұйымдастырушылары қазақстандық "Астана Про Тим" командасының қатысуымен Giro d'Italia  велододасын виртуалды өткізетінін хабарлады.

Луценко виртуалды Giro d'Italia жарысына қатысатын болды

Биыл кәсіпқой велосипед маусымы коронавирус пандемиясына байланысты басқа спорт түрлеріндегі үлкен жарыстар сияқты белгісіз мерзімге шегерілді. Сонымен қатар Халықаралық велесебедшілер одағы (USI) қалай болғанда да биылғы жылы үш үлкен Турдың - Джиро д'Италия, Тур де Франс және Испания Вуэльтасының өтетінін мәлімдеді. Дегенмен аталған жарыстар жылдағы өткізіліп жүрген уақытта өтпейді.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша Турлардан алғашқы болып "Джиро" өтуі тиіс еді. Ұйымдастырушылар италиялық Гранд-Турды 9-12 мамырға жоспарлаған. Жарыстың алғашқы үш кезеңі Венгрия мен Будапешт аумағында өту керек болатын. Енді велодода мамыр айында болмайтыны белгілі. Сондықтан 20-27 қыркүйек Швейцарияда тас жолдағы велоспорттан өтетін Әлем чемпионатынан кейін басталады.

Ал, енді италиялық көпкүндіктің виртуалды нұсқасына келер болсақ, ол 18-сәуір мен 10-мамыр аралығында жеті турдан тұратын және қашықтықтан өтетін киберкөпкүндік. Аталған жарысқа тек кәсіби шабандоздар мен командалар қатысады. Әр кезеңге үш күн уақыт беріледі. Алғашқы кезең 18-21-сәуір аралығында өтеді. Виртуалды тас жолы биылғы жылға жоспарланған "Джироның" 10-кезеңінің бағыты бойынша өтеді. Сан-Сальво мен Торторето аралығын жалғайтын кезеңнің ұзақтығы 31-шақырым.

Алғашқы айналымға сегіз ерлер командасы және төрт әйелдер командасы қатысады. Ерлер арасында ASTANA PRO TEAM (Алексей Луценко мен Давиде Мартинелли), MOVISTAR TEAM (Йохан Якобс пен Хорхе Аркас), TEAM BAHRAIN-MCLAREN (Фред Райт пен Грега Боле), TEAM JUMBO – VISMA (Пол Мартенс және Тако ван дер Хурн), ANDRONI GIOCATTOLI – SIDERMEC (Маттиа Фрапоти мен Никола Багиолли), BARDIANI CSF FAIZANÈ (Мирко Маестри мен Николас Далавалле), VINI ZABÙ KTM (Симон Бевилакуа, Мануэль Бонджорно), сондай-ақ Италия ұлттық құрамасынан Элиа Вивиани мен Самуэль Зокоратто өзара сайысатын болады.

Әйелдер арасында өтетін турнирде ASTANA WOMEN’S TEAM (Лилиана Морено мен Катя Рагуса), MOVISTAR TEAM WOMEN (Барбара Гуалиси) TREK–SEGAFREDO (Элиза Лонго Боргини және Лиззи Динан), Италия ұлттық құрамасынан Мария Джулия Конфалониери мен Арианна Фиданза бақ сынайды.

Басқа жарыстармен салыстырғанда бұл сайыста бір ерекшелік бар. Шабандоздардың барлығы бір уақытта жарыспайды. Яғни олардың үш күн барысында өздеріне ыңғайлы уақытты таңдауға мүмкіндігі бар. Үш күн өткен соң ұйымдастырушылар әрбір кезеңнің қорытындысын шығарып отырады. Ал жарыстың жалпы есебі әр сейсенбі және жұма күндері шығады. Әр сенбі, жексенбі, сәрсенбі және бейсенбі әлеуметтік желілерде тікелей эфирде жарысты тамашалауға болады. Сондай-ақ жарысқа қатысып жатқан шабандоздармен жүргізуші сұхбаттасады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу