Луценкодан үміт көп

1088

Токиодағы ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарының ресми ашылуы 23-шілдеде өтеді.

Луценкодан үміт көп

Қазақстандық велошабандоздар жалпы саны жеті олимпиадалық лицензияны жеңіп алды. Бұл ұлттық құрамаға бес түрлі жарыста жүлдеге таласуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, тас жолдағы велоспорттан өтетін жарыс аясында қазақстандық спортшылар топтық және жекелей жарыста өнер көрсететін болады. Трек бойынша шабандоздарымыз омниум, кейрин және жеке спринтте бақ сынайды. Ал ең алдымен тас жолдағы тартыс басталады. Осы сенбі, 24-шілдеде топтық жарыс өтеді.

Жарыс жолына Алексей Луценко, Дмитрий Груздев және Вадим Пронскийлар шығады. Бұл үш спортшы да Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысады. Жарыс жолының ұзақтығы 234 шақырымнан тұрады. Жалпы биіктік 4865 метрді құрайды. Шабандоздар Фудзияма жанартау беткейлерінен бес рет айналып өтеді. Жиырма сегіз жасар Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Алексей Луценко тас жолдағы велоспорттан ұлттық құраманың көшбасшысы болады. Ол өткен жексенбіде атақты "Тур де Франс" велододасының бас классификациясында 7-нәтиже көрсетіп, соңғы 16 жылдағы үздік ондық қатарына енген алғашқы қазақстандық болды. Айта кетейік, "Тур де Франстың" жалпы есебінде алғашқы ондыққа соңғы рет Александр Винокуров енген болатын. Ол 2005-жылы Гранд-турды 5-болып аяқтады.

"Тур де Франс мәресіне жетті. Мен үшін бұл жарыста жақсы нәтиже көрсету өте маңызды еді. Сол мақсатымды орындадым деп ойлаймын. Былтыр "Тур де Франстың" кезеңінде жеңіске жеткеніме қарамастан, биыл біз кезеңдегі жеңіссіз қалдық. Бас классификациядағы жетінші орын бұл өте үлкен нәтиже. Барлығыңыз білетіндей, "Тур де Франс" әлемдегі ең беделді веложарыс. Оған барлық кәсіби командалар мен әлем спортшылары мақсатты түрде дайындалады. Сондықтан, көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Әрине, осыдан кейін мен Олимпиадаға үлкен мақсаттармен барамын. Мен өз мүмкіндігім туралы болжам жасағым келмейді. Үш апталық "Тур де Франс", ұзақ ұшудан, климат пен уақыт белдеуінің өзгеруінен кейін денемнің қалай әрекет ететінін көреміз. Әрине, біз өз тарапымыздан абыроймен өнер көрсету үшін бар мүмкіндікті жасауға тырысамыз. Сондықтан жарыстың қалай өтетінін көреміз", - деді Олимпиада құрамасының көшбасшысы Алексей Луценко.

Тас жолдағы велоспорттан Олимпиадада өнер көрсететін ең жас қазақстандық шабанадоз – жиырма үш жасар Вадим Пронский.

"Мен үшін бұл өмірімдегі алғашқы Олимпиада болады әрине, мен Қазақстан атынан әлемдегі басты спорттық іс-шараға қатысатыныма қуаныштымын! Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Мен де, бүкіл команда да мүмкіндігінше сәтті өнер көрсету үшін барымызды салуға тырысамыз. Медаль үшін күресеміз! - деді Вадим Пронский.

Топтық жарыс 24-шілде, Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы 08.00-де басталады. 28-шілдеде велоспорт бойынша жекелей уақытқа арналған сайыс өтеді. Жарыс жолының ұзақтығы 44,2 шақырымды құрайды. Бұл жарыс түрі бойынша Қазақстан намысын ұлттық құраманың көшбасшысы Алексей Луценко қорғайды. Жекелей жарыс Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы 08.30-ға жоспарланған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу