Луис Леон Санчес Испания чемпионы атанды

1413

Луис Леон Санчес топтық жарыс бойынша Испания чемпионы атағын жеңіп алды. Бүгін "Астана Про Тимнің" тәжірибелі шабандозы Хаэн қаласында өткен Испания ұлттық чемпионатында жарыс жолының соңғы шақырымында жойқын шабуылға шығып, нәтижесінде алтын медаль жеңіп алды.

Луис Леон Санчес Испания чемпионы атанды

"Мен бақыттымын! Жүлделі орын иеленуге бірнеше рет талпынғаныммен, мақсатыма тек бүгін қол жеткіздім. Менімен бірге болған командама алғысымды білдіргім келеді. Бүгін Оскар Родригес өте көп жұмыс атқарды. Ол бізге жарысты бақылауда ұстауға көмектесті. Сонымен қатар Горка Исагирре де бар күшін салып, маған қолдау көрсетті. Шабуылдар өте көп болғандықтан, жарысты бақылауда ұстау қиындық туғызды. Мен алғашқы топта болып, шабуылға шығу үшін қолайлы сәтті күттім. Хесус Эррада алдыңғы топқа шыққанда, оның ізінен жүріп отыруды жөн санадым. Оны қуып жетіп, мәреге шамамен 500-600 метр қалғанша оңтайлы сәтті күттім. Содан кейін шабуылға шығып, 100 пайыз барымды салдым. Ұлттық чемпион атанғаннан кейін тамаша күйде болдым. Енді бір жыл бойы Испания чемпионының жейдесін киіп жүретініме өте қуаныштымын!", - деді Луис Леон Санчес.

Луис Леон Санчес пен Горка Исагирре жарыс бойы фавориттер тобында болды. Сайыстың финалдық бөлігінде шабуылдардың көп болуына байланысты шабандоздардың ешқайсысы да айтарлықтай басымдылыққа ие бола алмады. Финишке 3 шақырым қалғанда Хесус Эррада шабуылға шықты. Содан кейін "Астана Про Тимнің" екі шабандозы оның соңына түсті. Санчес Эрраданы жарыс жолының соңғы шақырымында қуып жетіп, қайта шабуылдады. Нәтижесінде қазақстандық команданың шабандозы жеңіске жетті.

"Астананың" тағы бір шабандозы Горка Исагирре мәреге 2-болып келіп, Испания чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

"Жарыс өте қиын болды. Көш басында тек үшеуіміз ғана болдық. Ал қалған шабандоздар біздің соңымыздан жүріп отырды. Жарысты бақылау оңайға соқпағанымен, қолымыздан келді. Оскар Родригес ауқымды жұмыс атқарды. Финалда Луис Леон Санчес өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, тамаша жеңіске қол жеткізді. 2-орын иеленгеніме қуаныштымын!", - деді Горка Исагирре.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу