Лукашенко: "Майданға" тосқауыл қойдық

5983

Беларусь президенті кейбір оппоненттерін Кремльдің кандидаттары деп айыптап отыр. 

Лукашенко: "Майданға" тосқауыл қойдық

Беларусь оппозициясы мен адам құқығын қорғау ұйымдарының хабарлауынша, президент Александр Лукашенконың қайта сайлану жоспарына қарсы жаппай шерулер бүкіл елге тарап, элитаға наразылық күн өткен сайын күшейіп жатыр.

Лукашенко 9 миллион халқы бар посткеңестік республиканы 1994 жылдан бері басқарып келеді. Ол 9 тамызда өтетін президенттік сайлауда жеңіске жетіп, Беларусь елінде алтыншы рет президент болудан үмітті.

Жұма күні 10 қаланың көшелеріне мыңдаған адам шеруге шықты. Оппозицияға сенсек, бұл демонстрациялардың басталуына биліктің беделді кандидаттарды тұтқындап, президенттік сайыстан аластату әрекеті себепші. Лукашенконың негізгі екі ірі оппоненті қазір қамауда отыр. Бірі – әйгілі YouTube блогері Сергей Тихановский мамырдың соңында ұсталса, екіншісі – "Белгазпромбанктің" бұрынғы төрағасы Виктор Бабарико -  ұлымен бірге маусымның 18-інде ұсталды.

Тұтқындау туралы жаңалықтар тарағаннан кейін, белсенділер "ынтымақтастық тізбегін" түзді. Жергілікті ақпарат құралдары мен ұйымдастырушылардың хабарлауынша, қарсылық акциясында қол ұстасқан адамдар легі бірнеше шақырымға жеткен.

Беларусьтегі наразылықты бақылап отырған "Вясна" үкіметтік емес ұйымының дерегінше, сенбі күні 120-дай адам тұтқындалды. Солардың ішінде талай журналист бар.

Іске аспаған "Майдан"

Дегенмен, жұма күні Лукашенко бұл шерулерді сырт күштердің қастандығы деп атап, елдің құқық қорғау органдарының бір "Майданға" тосқауыл қойғанын мәлімдеді.

"Біз Беларусьті тұрақсыздандыруға бағытталған кең ауқымды жоспарға тосқауыл қойдық. Сөйтіп осында жүрген қуыршақтар мен олардың сырттағы сыбайластарының шынайы жүзі әшкереленді", – дейді республика лидері.

"Таңдау жасауға мәжбүрлемеңіздер. Егер өзімді демократ тәрізді ұстап, тым мейірімді болып, бәріне иіле беретін болсам, менде елді тұтастай жоғалтатын мүмкіндік пайда болады", – деді тағы бір сөзінде Лукашенко.

Бабарикоға келсек, ол – Лукашенконың алдағы сайлаудағы басты қарсыласы ретінде қарастырылып отыр. Мемлекет басшылығына кандидат болу үшін кемінде 100 мың қол жинау керек. Ал, Бабарикода мұндай қол 435 мыңнан асып кеткен.

Бабариконы тұтқындар алдында полицейлер оның кеңселері мен туған-туыстарының пәтерлерінде үлкен рейд жүргізді. Беларусь мемлекеттік бақылау комитетінің басшысы Иван Тертель мәлімдегендей, банктің Бабарикомен байланыстағы бұрынғы және қазіргі 20 шақты қызметкері ұсталып, оларға  салықтан жалтарды, ақша жымқырды деген айыптар тағылған. Бабариконың өзі "осынау криминалдық схеманы ұйымдастырушы" деп танылып отыр.

Бабариконың өзі болса, заң бұзғанын жоққа шығарып, тағылған кінәлардың саяси астары барын мәлімдеді.

Кремль: Беларусь сайлауына кандидаттарымыз жоқ

Лукашенкоға сенсек, президенттік сайлауда онымен бірге бақ сынайтын бірнеше кандидаттың Ресеймен байланысы бар. Айта кетсек, Бабарико 20 жыл бойы басқарған "Белгазпромбанк"  Ресейдің мемлекеттік энгергетикалық корпорациясы – "Газпромның" еншілес кәсіпорны. Сондықтан жергілікті кейбір ақпарат құралдары темір тордың ар жағына тоғытылған қаржыгерді "Кремльмен байланысты үміткер" деп атап жүр. Бабарико мұны да жоққа шығарып, журналистерді өзін ресейшіл кандидат деп атамауға шақырды.

Кремль де Бабариконы қолдады деген ақпаратты растамады. "Кремльдің Беларусь сайлауына кандидаттары жоқ", – деді президент Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков өткен аптаның басында жасаған бір мәлімдемесінде.

Оның айтуынша, Лукашенко мен Путин жақында телефон арқылы сөйлескенімен, "Белгазпромбанкке" қатысты жағдайды талқыламаған. Болжамдарға қарағанда, Лукашенко 24 маусымда Қызыл алаңда өтетін Жеңістің 75жылдығына арналған парадқа қатысады.

Мәскеу көп жылдар бойы Беларусьтің советтік стильдегі экономикасын арзан энергиямен қамтамасыз етіп келді. Бірақ былтыр РФ үкіметі бұл субсидияларды қысқартып, Минск Ресеймен экономикалық интеграцияны тереңдетпесе, оған енді төмен бағамен мұнай мен газ сатпайтынын ескертті.

Лукашенко болса, Ресейдің жақын саяси және экономикалық одақ туралы ұсынысынан бас тартып, бұл идеяны елді тәуелсіздіктен айыратын бастама деп атады. Айта кету керек, Беларусь президенті Ресей саясатына қанша қарсылық білдірсе де, Путинді жеке сынауға әлі бара қойған жоқ.

"Егер кімде-кім бізді бір-бірімізге қарсы қойып, қатынастарымызды нашарлатқысы келсе, олар сәтсіздікке ұшырайды", – дейді Лукашенко жұма күні Минскте Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен өткен кездесуде.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу