М.Гурман "Астана" клубының президенті

2642

"Астана" футбол клубының президенті қызметіне Михаил Гурман тағайындалды.

М.Гурман "Астана" клубының президенті

Қазақстан футболына есімі таныс Михаил Гурман "Астана" футбол клубының басшысы қызметіне кірісті. Бүгін "Астана Арена" спорт кешенінде өткен баспасөз мәслихатында жаңа басшыны "Астана" президенттік кәсіпқой клубының басшысы Асқар Батталов таныстырды.

"Тәжірибиелі маман "Астана" клубының одан әрі өркендеп, кең қанат жаюына септігін тигізеді деген ойдамыз. Михаил Гурман өзінің саналы ғұмырын қазақ футболына арнап келеді. Қазақстан футбол федерациясында және "Қайрат" футбол клубында жемісті қызмет етті. "Астана" командасы еліміздің намысын халықаралық аренада абыроймен қорғауы тиіс. Жаңа басшының алдағы жоспарларының бірі "Астана" футбол клубының инфроқұрылымын ретке келтіріп, жеке базаның салынуына ықпалын тигізуі қажет. Сонымен қатар балалар футболы мәселесі де Михаил Гурманға жүктеледі", - деді Асқат Болатұлы.

Тілшілер алдында сөз алған Михаил Гурман команданың қазіргі жағдайы мәз еместігін айтты.

"Астана" клубының басшысы қызметіне енді кірістім. Футболшылар мен бапкерлермен де жүздесіп үлгердім. Алайда, маған ұнамағаны футболшылардың көзінде жалын жоқ. Команда қазір тығырыққа тіреліп тұр. Футболда ондай жағдай болады. Команда ішкі біріншілікте нашар өнер көрсетіп келеді, әрі Еуропа лигасындағы жағдайы да мәз емес. Демек, осы тығырықтан жол табуымыз қажет. Менің алғашқы жұмысым осы мәселені ретке келтіру болып отыр",-деді ол.

Футбол саласындағы көп жылдық тәжірибиесінде ешқандай жетістікке жетпеген 65 жастағы маманның клубты өрге сүйреуі қоғамда күмән тудыртып тұрғаны, рас. Ал көптеген футбол фанаттары бұл маманның "Қайрат" футбол клубының жанкүйері екендігін алға тартып, жаңа тағайындалған Гурманның қызметінен кетуін талап етіп отыр. Дегенмен Михаил Гурман алматылық клубқа бүйрегім бұрмай, "Астана" үшін қызмет етемін дейді.

 "Мен футболды "Қайратта" жүріп ойнадым. Атым да сол командада жүргенде шықты. Менің жүрегім "Қайрат" деп соғады. Қазақстан футбол одағында жүргенде "Қайрат" үшін жанкүйерлік еткенім рас, бірақ қызметімді пайдаланып клубқа көмектескенім жоқ. Мен қазір "Астана" командасын алға жетелеуім керек. Өмір бақи "Миланда" ойнап кейіннен "Ювентустың" бапкері болып жүрген қаншама маман бар. Менің жағдайым да солардыкіне ұқсас", - деді "Астана" футбол клубының президенті М.Гурман.

Айта кетуіміз керек, "Астана" командасы 28 шілде күні ішкі біріншілікте "Тараз" командасымен кездеседі. "Астана Аренада" өтетін бұл ойын жанкүйерлер үшін билетсіз, тегін болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу