М.Гурман: Қазақстанда футболшылар әбден еркеледі

2296

Қазақстанда футболшылар неге көп жалақы алады? Олар алған қаржысына сай өнер көрсете ме?

М.Гурман: Қазақстанда футболшылар әбден еркеледі

- Михаил, өткен жылы Сіз "Астана" футбол клубының басшысы болып тағайындалдыңыз. Жаңа қызметке бой үйретіп үлгердіңіз бе?

- Кез келген адамға жаңа қызметке келу қиындықтар тудырады. Бірақ, мен "Қайратта" қызметте болған кезде талай клубтардан ұсыныстар алдым. Кей жерде клуб басшысының кеңесшісі деген лауазымдар ұсынды. Алайда, ол клубтарда мақсаттар соншалықты жоғары болмады. Ал мен үнемі жеңімпаз болғанды ұнатамын. Федерация ішінде де көп еңбектендім. Еліміздің қай аймағын алмасаңыз да маған футбол тұрғысында барлығы түсінікті. Сондықтан да, үлкен клубта жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. "Астана" клубынан ұсыныс түскенде ойланбастан қабыл алдым. Ал федерация мен клубтың арасы жер мен көктей. Федерацияда асықпай жұмыс істей бересің. Ал клубта күнделікті қажырлы еңбек атқарасың. Мұнда қызметкерлер саны да өте көп. Команда Еуропаға да танымал болды. Бізді қазір Еуропада барлығы таниды десек қателеспейміз. Себебі, біз Еурокубоктарда сәтті ойнап жүрміз. 

- Егер бес баллдық жүйемен бағаласаңыз, өткен маусымға қандай баға қояр едіңіз?

- Мен осында қызметке келгенде клуб қандай мақсат қояды деп сұраған да жоқпын. Себебі, "Астана" секілді команданың чемпион болғаннан басқа мақсаты болмайды.  Сондықтан баға қояр болсам, семіз 4 деген баға айтар едім. Себебі, өткен жылы біз ел чемпионы атандық. Еурокубокте жақсы ойнадық. Тек бір кемшін тұс бар. Ол "Аз" Алкмар мен Батэге қарсы өткен ойындар. Біз бұл матчтарды ешқандай жігерсіз жеңілдік. Батэні айналып өтсек те, сырттағы ойынымыз нашар болды. Сосын, бірнеше футболшымыз жарақат алды. Негізгі құраммен толық ойнай алмай жүрдік. Ал олардың орнына шығып жүрген футболшылар деңгейге сәйкес келмеді.

- Команда бас бапкері Роман Григорчук қызметтен кетті. Украиналық маман командадан неге кетті?

- Біз ол кісімен сөйлестік. Екі жақты келісіммен жан-жаққа тарастық. Клуб басшылығы да, украиналық маман да еш ренжіскен жоқ. Григорчук өткен жылы қойылған мақсаттарды толықтай орындады. Тек бір ұнамағаны оның алып келген легионерлері сенім үдесінен шықпады. Сондықтан да, ол да клубқа алғысын айтып, бізбен қош айтысты.

- Өткен аптада жаңа бапкер болып Михал Билек тағайындалды. Енді "Астана" Ұлттық құраманың негізгі командасына айнала ма?

- Григорчукпен келісімді үзетінімізді ертеден білдім. Сосын бапкер іздей бастадым. Көптеген танымал мықты бапкерлер "Астананы" баптағысы келді. Бірақ, бізге шынын айтқанда нағыз маман керек еді. Мен "Қайратта" қызметте болғанда осы бапкер мәселесі үнемі дау тудыратын. Ең алдымен шеттен бапкер алдыртуымыз қажет болса, бірінші мәселе тілге тіреледі. Бапкер жергілікті футболшылардың тілін түсінуі тиіс. Сондықтан Қазақстан футболына бойы үйренген жаттықтырушы алғымыз келді. Өйткені, шеттен келген бапкер тіл мен ділді үйреніп жүргенінде екі жыл уақыт өтіп кетеді. Ал Михал Билек біздің осындай талаптарымызға сай келеді. Ол оның үстіне тәжірибиесі мол маман. Қазақстан құрамасынан бұрын, Чехияны қалай керемет баптады. Өзі де керемет футболшы болған. Бір жылдың ішінде қазақ футболына үйреніп алды. Біздің бірінші лиганың ойындарын да көретіні таңқалдыртты. Біз оны шақырғаннан еш қателеспедік деп ойлаймын. Ол қазір Португалияда бірден іске кірісіп кетті. Әрбір жағдайға мұқият қарайтын адам екен. Мысалы, команда қандай қонақүйде тұрады, қандай асханадан тамақ ішеді, соның барлығын өзі шешеді.

- Бапкердің екі жақта да қызметте болғаны кедергісін келтірмей ме?

- Жоқ, әзірге ондай ой жоқ. Өзге де клубтарда ойнайтын құрама футболшылары жеткілікті. Ол өзінің көп уақытын клубта өткізеді. Осыған дейін бір турда бір ойынды барып көріп жүрсе, енді біріншілікті толық бақылауда ұстайды. "Астанаға" қарсы ойнаған футболшыларды көзден таса қылмайды деген сөз. Сондықтан бұл жағдай клубқа да, ұлттық құрамаға да ыңғайлы.

- Клубтың жаңа маусымға дайындығы қалай жүреді?

- Біз өткен жылды өте кеш аяқтадық. Себебі, Еуропа лигасында ойнадық. Сондықтан біз жиынды 15 қаңтарда бастадық. Португалияда бір жолдастық матч ойнаймыз да, жарысқа қатысамыз. Сосын бірнеше күн демалыс болады да, Түркияға аттанамыз. Ол жерде біз өте мықты командалармен жолдастық кездесулер өткіземіз. Футболшылардың барлығы сақадай-сай ешкім жарақат алмаған.

- Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы Еуразиялық Экономикалық одақ елдерінің футболшылары легионер болмайды деп шешім шығарды. Осыған байланысты ойыңызды білсек?

- Бұл жағдай тек "Астанаға" ғана емес, барлық клубтарға пайдалы. Тіпті екінші алтылықта жүретін клубтардың өзіне пайдалы десем де болады. Біздің футболшылар кішкене еркелеп кеткен сыңайлы. Әсіресе көп жалақы алып үйреніп алған. Кейбір тұстарда олар соңына дейін ойнамай жатады. Тіпті жаттығудың өзіне немқұрайлы қарайтындар баршылық. Сондықтан да, осындай жағдай болмас үшін бәсеке болғаны дұрыс. Мұндай проблемалар барлық командаларда бар. Шетелден көп футболшы келсе жергілікті ойыншылардың да деңгейі өсері анық. Трансфердің де сапасы артады. Әрқашан бәсеке тудырта білу қажет. Әр ойыншы өзінің ұлттық құрамасында ойнаса тіпті жақсы. Біздің біріншілікке бұл тек қана пайдасын береді. Командаларымыз үшінші сортты солғын легионерлерді алмай, мықты сапалы футболшылар ала бастайды депе есептеймін.

- Сіз бұрын "Қайрат" командасында қызметте болдыңыз. Қазір "Астананың" жетекшісісіз. "Астана" мен "Қайрат" арасындағы дербиге қандай көзқарастасыз?

- Шынын айтқанда екі жақты пікірдемін. "Қайрат" та өте ірі команда. Клубтың болашағы жарқын. Инфроқұрылымы керемет дамыды. Мен ол клубта көп жылдар бойы жүрдім. Футболды да ойнадым, бапкерде болдым, қызметте де болдым. "Астана" мен "Қайрат" арасындағы соңғы ойында стадионға 18 мың адам жиналды. Оның 8 мыңы алматылық командаға жанкүйер еді. Мұндай жағдай "Ордабасыға" қарсы өткен ойында да болса деп тілейсің. Өйткені, футбол ең алдымен жанкүйерлерге арналған мереке. Өткенде "Манчестер Юнайтедті" жеңгеніміз керемет тойға ұласты. Кейбіреулер ағылшындық команда 4-ші құраммен келді деп айтып жүр. Оның барлығы өтірік. "Манчестер" секілді команданың тіпті 5-ші құрамының өзі мықты. Себебі, атағы дардай клубтың қатарында тек дарындылар ғана ойнайды. Олар жылдар бойы үздік футболшыларды сұрыптайды. Ол жерде Әлемнің үздіктері ғана жүреді. Біз оларды жеңгенімізді әлі 100 жыл айтамыз. Ойын аяқталды. Бұл жеңісті біздің болашақта балаларымыз сұраған кезде мақтанышпен жеткіземіз. Себебі, біз "Манчестер Юнайтедті" жеңдік.

- Жаңа маусымның қашан басталатыны белгілі болды. Биыл не күтесіз?

- Биылғы мақсатымыз да айқын.Чемпион болу. Суперкубокты жеңуіміз керек. Ал кубок жайлы әлі ойланамыз. Бәлкім ол жарыста аралас құраммен ойнайтын шығармыз. Сосын Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуіміз керек. Егер ол болмаған жағдайда Еуропа лигасының тобына кіру қажетпіз. Болмаса одан да ары асып түсуге тырысамыз. Ал басты мақсат - чемпион болу. Себебі, соның арқасында біз келер жылы да еурокубкке қатысамыз. Сондықтан да футболшылар тарапынан кішкене мәселелер бар. Мысалы, Англияда 60-70 ойын өткізеді. 2-3 күн сайын матч ойнай береді. Ал біздегі ойыншылар мұндай қарқынға шыдай алмай жатыр. Демек, әр ойыншыға оны алмастыра алатын бәсекелес аламыз. Біреуі қызыл қағаз алып немесе жарақат алып қалған жағдайда оны дер кезінде сапалы ойыншы алмастыра алуы тиіс.

- Сұхбатыңызға рақмет.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу