Мәдина Әбілқасымова агенттігіне қалай жұмысқа тұруға болады?

3681

Жаңа құрылған меморган кімдерді командасына алатынын жариялады.

Мәдина Әбілқасымова агенттігіне қалай жұмысқа тұруға болады?

Барлық банктердің үстінен қарайтын, қаржы секторындағы алдағы ауқымды реформаларды жүзеге асыратын агенттік қызметкерлерінің жалақысы жоғары болады.

Сондықтан бұл тартымды қызметтен кімдердің үміттене алмайтынын да бірден айта кеткен жөн. Нақтылай кетсек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкері лауазымына:

1) әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған;

2) бұған дейінгі 3 жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауапқа тартылған;

3) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

4) жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан босатылған;

5) қазіргі уақытта өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;

6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бойынша арнайы тексеруден өтпеген адамды тағайындауға тыйым салынады.

Айтпақшы, жаңа агенттікке қызметке алынатын барлық адамдар ең алдымен "арнайы тексерістен" өтеді. Оны ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізеді. Тексеру мерзімі 3 айға дейін созылады. Осы уақытта, яғни арнайы тексерістің нәтижелері белгілі болған күнге дейiн ол лауазымы бойынша көзделген мiндеттердi тек уақытша атқарады.

Осы тексеруден лайықты өтсе және ҰҚК мақұлдауын алса, қызметкер жұмысқа қабылданады. Бірақ одан бұрын ол салық органына кірістер мен мүлкі туралы декларация тапсыруы тиіс.

Мемлекеттік органға байқауда жеңіп шыққан үміткерлер алынады. Бірақ оған конкурстан тыс жолмен де жұмысқа тұруға болады екен. Бұл тәсіл біріншіден, агенттіктің өзінде істейтін және басқа бос лауазым орнына ауысатын жұмыскерлеріне, екіншіден, кадрлық резервте тұрған адамдарға қолданылады.

Әйткенмен, сырттан келетін мамандар да конкурстан тыс жолды пайдалана алады. Ол үшін оның "жоғары біліктілік деңгейі және кәсіби дайындығы болуы" шарт. Атап айтқанда, шет тілін білуі (ең жоғарғы 9 балдың 6-сынан төмен емес деңгейдегі IELTS халықаралық сертификатының болуы, 120 балдың 80-інен төмен емес TOEFL IBT, TCF – 699-дың 400-інен кем емес, СILS 1, HSK-де 11-дің 6-сынан төмен емес деңгей) керек. Немесе ғылыми дәрежесі болуы міндет.

Бұдан бөлек, "Болашақ" арқылы немесе өз бетінше шетелдік жоғары оқу орындарын бітіргендер де басымдыққа ие.

Сонымен қатар халықаралық бухгалтерлік (CMA, CPA, CIPA, CAP, ACCA, IAB) немесе қаржылық (CFM, CFA, IFA, CIMA) сертификаттары, ақпараттық технологиялар саласындағы CISA, CISM және ішкі аудит бағытындағы CIA, CCSA, CRMA, CGAP, CFSA халықаралық сертификаттары бар мамандарға да агенттіктің құшағы ашық.

Мәдина Әбілқасымова тізгінін ұстаған ведомство қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (отмывание) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ACAMS халықаралық сертификаты бар мамандарға зәру деседі. Оларды да еш конкурспен қиналтпай, тікелей жұмысқа қабылдауға дайын.

Белгілі болғанындай, бұған қоса агенттік өзіне керекті қызметкерлерді Ұлттық банктен, ұлттық басқарушы холдингтерден, даму институттарынан және комбанктерден іздеструде. Олардың білікті мамандарында кемі 2 жыл, ал басшыларында 1 жыл жұмыс өтілі болса, бұл конкурссыз қабылдануға жеткілікті көрінеді. 

Бұл әрине, тізімнің соңы емес: Ұлттық банк магистратурасының және "Назарбаев Университетінің" түлектері, сонымен бірге Президенттік жастар кадрлық резервіндегі адамдар да конкурстық сынақтардан тыс жұмысқа тұра алады. Тек әңгімелесу кезінде өзін жақсы жағынан көрсете білуі, жетістіктерімен сүйсінтуі қажет.

Ал бұл тізімнен өзін таппаған өзге үміткерлер бірнеше кезеңді сын тезінен өтуі міндет. Ең алдымен, агенттіктің ресми сайтынан конкурстың қашан өткізілетінін бақылап жүруі тиіс. Ол жарияланғанда, 10 күн ішінде құжаттарын өткізіп үлгеруі керек.

Байқау комиссиясы келіп түскен құжаттарды іріктей келе, барлық қатысушылар ішінен талапқа сәйкес келетін санаулыларына ғана ары қарайғы кезеңге жолдама береді.

Содан кейін кандидаттарды тестілеу ұйымдастырылады. Тест тапсыруға жіберілген кандидаттардың тізімі ведомство ғимаратындағы ақпараттық стендке жапсырылады. Агенттікке қызметке тұрудан үмітті адам тек тестілеуден ғана емес, сондай-ақ артынша болатын "кандидатпен әңгімелесуден" де абыроймен өтуі шарт. Әңгімелесуге жіберілген үміткерлер тізімі де әлгі стендте ілінеді.

Комиссия қорытынды отырысында өзін қос сынақта да тек жарқын жағынан көрсете білген үміткерлерден "кадрлық резерв" қалыптастырады. Ол тізімді де стендтен табуға болады.

Ал резервке кіргендердің тағдыры не болады? Меморганның түсіндіруінше, "кадр резервіне енген адамдар 1 жыл ішінде агенттік қызметшісінің бос лауазымы пайда болған жағдайда тиісті лауазымға тағайындалады".

Жаңа меморганға қызметке тұра алғандар жоғары жалақы, қомақты сыйақы және ірі бонустар сыртында, үлкен билікке де ие болмақ.

Жалпы алғанда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі салмақты 34 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Мысалы, қандай да бір банкті не сақтандыру компаниясын сатып алғысы келетін байлар мен инвесторлар егер осы ведомство мамандарының оң қорытындысына және басқармасының рұқсатына қол жеткізбесе, онда ірі бизнес қожайыны атана алмайды. Тіпті бұдан былай агенттік рұқсатынсыз Қазақстанда бірде бір жаңа банк ашылмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу