Мадина Бақбергенова Азия чемпионы атанды

1736

Азия чемпионаты Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтуде.

Мадина Бақбергенова Азия чемпионы атанды

Қазақстандық балуан қыз Мадина Бақбергенова әйелдер күресінен (68 келі) Азия чемпионатының финалында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері қырғызстандық Мейірім Жұманазарованы жеңіп, Қазақстан әйелдер  құрамасының қоржынын алтын жүлдемен толықтырды.

Мадина Бақбергенова финалдық белдесуде қарсыласынан 0:2 есебімен ұтылып, кейіннен жігерлі жеңіске жетті. Кездесудің аяқталуына 19 секунд қалғанда қазақстандық спортшының шабуылы сәтті аяқталып, Мадина 3:2 есебімен Жұманазаровадан айласын асырды. 21 сәуірде таңғы сессияда олар тағы бір жекпе-жек өткізген болатын. Ол уақытта қырғызстандық бұрымды балуан жеңіске жеткен еді. Ал бүгін Мадина қарсыласына есе қайтарды.

Белдесу аяқталғаннан кейін Мадина бүгінгі кездесуге байланысты өз ойын білдірді.

"Біз мақсатымызға жеттік. Менің бабым жақсы. Моңғолияда екі апта оқу-жаттығу жиынында болдық. Әрбір қарсыласты зерттеп, дайындалдық. Бапкеріміз әр кездесуге маған тактика қойды. Мен сол тактиканы ұстандым және бәрін дұрыс жасадым. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алда үлкен жарыстар бар. Мен сол жарыстарға жақсылап дайындалуды жоспарлап отырмын", - деді спортшы.

Ұлттық құраманың тағы бір өкілі Гүлмарал Еркебаева Ұлан-Батырда өтіп жатқан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. 76 келіге дейінгі салмақта өткен белдесуде қазақстандық спортшы Моңғолия өкілі Ариунжаргал Ганбатты 7:4 есебімен ұтты.

Айта кетейік, бұған дейін грек-рим күресінің шеберлері қоржынымызға тоғыз медаль салған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу