Біздің уақытпен, бүгін, таңертең Американың Тусон қаласында (Аризона штаты) кәсіпқой бокс кеші өтіп, онда қазақ боксшыларының бірі кезекті жекпе-жегін өткізді. Атап айтқанда, шаршы алаңға еңбекқор, жанкешті жігіттеріміздің бірі Мадияр Әшкеев шықты.
Мадияр 34 жастағы Америка боксшысы Сессил МакКалламен (21-3-0, 8KO) жұдырық түйістіріп, WBC тұжырымы бойынша NABF Junior чемпионы атағын сарапқа салып жеңіске жетті. Сөйтіп Солтүстік Американың бірінші орта салмақтағы чемпиондық атағы мен белбеуін жеңіп алды.
10 раундтық жекпе-жекте Мадияр тәжірибелі қарсыласын ұпай санымен ұтты. Яғни бұл жекпе-жек бастан-аяқ тартысты өтіп, төрешілер жеңісті қазақ боксшысына берді. Сөйтіп вакантты белбеуді иеленді. "Бұл чемпиондық белбеулерімнің басы болсын" деп өзі де бұл жеңісін жақсылыққа жорыды.
Сонымен орда бұзар 30 жастағы Мадияр Әшкеев Рамазан айында 12-ші жеңісіне қол жеткізді (12-0-0, 6KO). Ол кәсіпқой бокс рингінде әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрген емес. Осы жеңісінен соң да боксшылар рейтингінде жоғары көтеріле түседі деп ойлаймыз. Ал Сессил МакКалла төртінші рет ұтылып отыр.
Маруан Түсіп