"МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" қарызын қайтарып алуға белсене кірісті

5947

Кәсіпорын 5,6 млрд теңге берешек екі мекемемен келісімшартты бұзбақ. 

"МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" қарызын қайтарып алуға белсене кірісті

Маңғыстау облысын 1968 жылдан бері электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтамасыз етіп келе жатқан бірден-бір кәсіпорын  "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС мекемелерден қарызын қайтарып алуды бастады. Тұтынушы ұйымдар компанияға 6,1 млрд теңге берешек екен, бұл қарыздың 90 пайызы "AllianceEnergoSnab-Ақтау" ЖШС және "Электр жүйелері" ЖШС-ларына тиесілі, деп жазды жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Айта кетейік, ең үлкен берешекті құрап отырған бұл екі компания Ақтау қаласын, Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Олардың қарызы халыққа қызмет ете бастаған кезден бастап біртіндеп жинала берген. Нәтижесінде, олардың МАЭК алдындағы мерзімі өткен жалпы дебиторлық берешегі 5,6 млрд теңгеден астам соманы құраған.

"МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС таратқан мәліметке сүйенсек, кәсіпорын берешегін қайтарып алу үшін түрлі шараларды қолданған, бірақ осы күнге дейін олардан еш нәтиже болмаған. Ал әлеуметтік маңызды нысандырды, соның ішінде, ауруханалар мен стационаларды қамтып отырғандықтан борышкер компанияларға беретін өнім көлемін тоқтату немесе шектеу сияқты шараларды да қолдана алмапты. Сол сияқты, "AllianceEnergoSnab-Ақтау" және "Электр жүйелері" серіктестіктері сот шешімдерін де шыбын шаққан құрлы көрмеген.

"МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС ай сайын "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ алдындағы ағымдағы берешегін төлейді, ол 3 млрд теңгеден астам соманы құрайды. Қазіргі уақытта банктердегі несие лимиті таусылып, компания ай сайынғы дебиторлық берешектің өсуіне байланысты үлкен шығындарға ұшырауда. Бұл жағдай өндіріске, жабдықтарды жаңартуға, кәсіпорынның тұрақты жұмысына және "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС-ның үш мың ұжым мүшесі алдындағы еңбек міндеттемелерін сақтауға теріс әсер етеді. МАЭК басшылығы өз өнімдерін сатудан алынған барлық ақшалай қаражатты тұтынылған отын газы үшін берешекті, кредиторлар алдындағы төлемдердің мерзімін өткізіп алғаны үшін өсімпұлдарды және банктер алдындағы пайыздарды өтеуге жіберуге мәжбүр", – деп түсіндіреді жағдайды комбинат басшылығы. 

Осы аталған себептерге байланысты, "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" мен "AllianceEnergoSnab-Ақтау" және "Электр жүйелері" ЖШС-лары  арасындағы барлық өзара шарттық қарым-қатынастар 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап толықтай бұзылмақ. Бұл жөнінде тұрғындарға алдын ала хабарлап отырған жабдықтаушы мекеме Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданы халқының қатаң шараға түсіністікпен қарауын сұрап, электр энергиясымен қамтуда іркілістерді болдырмауға тырысатынын айтуда. Ол үшін "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" басқа компаниялармен келісімшарт жасаспақ ниетте. Сол сияқты, кәсіпорын қарызға белшеден батқан аталған екі компанияның жұмыстан қысқарып қалатын қызметкерлерін орналастыруға уәде беріп отыр.

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу