Магистрлер артылған үмітті ақтауға дайын

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
3674

Арнайы бағдарламамен дайындалған магистрлер ауыл шаруашылығын дамытуға серпін бермек.

Магистрлер артылған үмітті ақтауға дайын

Мыңғырған төрт түлік малының еті мен сүті, жүн-терісімен бүкіл тұрмыстық қажеттілігін өтеген елдің ұрпағымыз. Алайда әлемдік технология қарыштап дамыған дәуірде ет пен сүт өңдеу өндірісін өркендете алмай жатқанымыз шындық. Ауыл шаруашылығы саласында машина жасау ісі де дамытуды қажет етеді. Өңдеу мен өндіру ісін жан-жақты меңгерген мамандар жетіспейді.

Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен осы олқылықтардың орнын толтыратын жұмыстар жүргізіле бастады. Еліміздің жетекші 11 оқу орнының базасында жаңаша оқыту бағдарламасы әзірленіп, күні кеше ғана соның алғашқы түлектері дипломдарын алды.

"Магистрант – ЖОО – кәсіпорын" деп аталатын үшжақты келісім-шарт негізінде Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университет базасында "Азық-түлік өнімдерінің технологиясы", "Технологиялық машина жасау және жабдықтар" мамандықтары бойынша 121 маман 1,5 жыл оқыпты. Осы оқу орны мен АҚШ-тың UC Davis Калифорния университетінің ғалымдарымен бірлесіп дайындалған жаңа білім беру бағдарламалары негізінде олар елімізде және шетелде білім алып, көш бастаған әлемдік ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өткен.

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін соңғы екі жылда агротехникалық университетке барлығы 420 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Соның 80 миллионы жаңа оқыту бағдарламаларын, яғни "Ет және ет өнімдерінің технологиясы", "Сүт және сүт өнімдерінің технологиясы", "Дәнді және майлы дақылдарды қайта өңдеу", "Ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын өндіру және пайдалану" атты бағдарламаларды дайындауға жұмсалса, қалғанына оқу орнында зерттеу жұмыстарын жүргізетін 9 технологиялық платформа жасау жоспарланыпты. Оның ішінде бүгінде іске қосылғандары – сүт және ет өңдеу цехтары, технологиялық машиналарды жабдықтау платформалары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған аумағы 1200 га кампус.

Оқу ордасының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айтжан Әбдіровтың айтуынша, мұндай мамандықтар әуелден бар, бірақ кәсіптік бағытта магистратурада оқытылуы алғаш рет.

"Магистрлердің алғашқы легі ауыл шаруашылығының ақсаған тұсын түзеуге барын салып, артылған үмітті ақтау үшін аянбай еңбек етуге дайын. Бағдарламаның бір ерекшелігі – оларды оқытып болып, әрі қарай жұмыспен қамту мәселесі де қарастырылған. Барлығы 80 кәсіпорынмен келісім жасалып, 121 түлек соларға бөлінді. Енді 3 жылда осындай 600-ге жуық магистр дайындаймыз деп отырмыз. Жұмыс беруші өндіріс орындары түлектерімізді қабылдаймыз деп отыр. Әзірге ешқайсысы бас тартқан жоқ. Егер қабылдамасаңыздар, ескертіңіздер дедік. Бағдарлама аясында қарастырылмаса да, басқа кәсіпорындарға жібереміз", – дейді Айтжан Әбдіров.

Алғашқы түлектердің бірі Жанна Ыбыраева оқу орнына 2015 жылы "Технологиялық машиналарды механикаландыру" мамандығына магистратураға түскен. Машина жасау саласын дамытуға үлес қосуды мақсат еткен ол байқау комиссиясының сынақтарынан сүрінбей өтіп, Еуропаның белді жоғары оқу орындарының ұстаздарынан дәріс алған.

"Елімізде машина жасау саласында соңғы жылдары іске қосылған өндіріс орындарының біріне бөліндім. Жұмысым дайын тұр. Бұл бағдарламаның ерекшелігі де сол. Келісім-шартпен сол жерде үш жыл міндетті түрде жұмыс істеуім керек. Әрі қарай өз қалауымыз", – дейді Жанна Ыбыраева.

Ал азық-түлік технологиясынан тәлім алған магистр Асан Амандықұлы келісім-шартпен Қостанайдағы Қарасу ет комбинатында қызмет етпек.

"АҚШ, Польша, Малайзия, Германия елдерінің оқытушыларынан дәріс алдық, ТМД мен Еуропа елдерінде тағылымдамадан өттік. Теориялық және практикалық өте маңызды білім алдым. Меңгерген салам – ет, шұжық, сүт өнімдерінің технологиясы. Бұл Қазақстанда аса дамымаған. Дипломдық зерттеуім – қазыға зірені қосу арқылы оның тағамдық және химиялық құрамын байыту. Осы зерттеуімді әрі қарай жалғастырып, өндіріске қосамын. Басқа да магистр жолдастарым сүт, йогурт, астық өнімдерінің технологиясын жетілдіру, құрамын байыту бағытында жұмыс істейтін болады", – дейді Асан Амандықұлы.

Тағы бір маман Анар Бейсембаева азық түлік технологиясы саласын таңдап, Германияда өткен тәжірибе кезінде оннан астам өндіріс орындарын аралаған. Ол елдегі кәсіпорындардың көбісі толығымен автоматтандырылғанын, адами фактор аз, жаңғыртылған жүйемен жұмыс жүретінін айтады.

Жастарға жұмыс берушілердің бірі – "Capital Project LTD" ЖШС өкілі Жанна Короткова: "Бұл мамандықтар өте жоғары сұранысқа ие. Сондықтан шектеусіз қабылдап жатырмыз. Бірақ әлі де жеткіліксіз. Технолог мамандар жетіспейді. Биылға 8 магистрді қабылдасақ, келер жылға 30 маманды алуға келісім жасалды", – дейді.

Оқу орнының қабырғасында ашылған 4 платформаның бәрінің де жабдықтары шетелден сатып алынған заманауи техникалар. Сүт цехында кем дегенде 500 литр сүт өңдеуге мүмкіндік бар. Шағын машина жасау зертханасында ауыл шаруашылығына қажетті машина құрастыруға болады.

Оқып келген жастар бүкіл технологиялық процесті біледі. Қайта өңдеуді, құрылғылармен жұмыс істеуді үйренген. Өнім сапасын бақылауды қалай жүргізуді меңгерген. Соған қоса олар менеджер ретінде, яғни өндірісті ұйымдастырушы ретінде қалыптасып келген. Қазіргі таңда қандай жабдықпен жұмыс істеу керек, қай сапада өнім алуға болатынын анық ажырата алады. Заманауи білім беру жүйесінде теориядан гөрі тәжірибеге көп көңіл бөлінеді. Еліміздің бүгінгі жоғары білім беру саласында соған барынша күш салынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу