Магомед Адиев: "Екі кездесуде де оң нәтиже әкелетін шешім қабылдау қажет"

785

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 17-маусым күні Сан-Мариномен кездеседі.

Магомед Адиев: "Екі кездесуде де оң нәтиже әкелетін шешім қабылдау қажет" Фото: kff.kz

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Еуро-2024 іріктеу кезеңінде Сан-Мариномен өтетін ойын алдында баспасөз мәслихатына қатысып, ертеңгі кездесу мен команданың көңіл-күйі туралы баяндап берді:

– Магомед Мұсаұлы, ойындар арасындағы қысқа үзіліс пен қарсыластардың деңгейі әртүрлі болғандықтан, Сан-Марино және Солтүстік Ирландияға қарсы матчтардың құрамы басқаша болуы мүмкін бе?

– Біз бірінші және екінші қарсыласпен қалай ойнайтынымызды әрқашан жоспарлаймыз. Үнемі жадымызда ұстайтын жоспарлы өзгерістер бар. Бірақ ойында әртүрлі жағдайлар болады. Сан-Мариномен ойыннан кейін біздің құрамда өзгерістер болуы ықтимал деп ойлаймын.

– Қазақстан құрамасы сырттағы кездесулерде сирек фаворит саналады, бірақ қазір дәл солай. Команда осындай мәртебеде ойнауға дайын ба?

– Көзқарастың жақсы жаққа өзгеріп, барлық қарсыластарымыздың бізге деген құрметі арта түскені мені қуантады. Біздің команда фаворит саналатын күн туды. Бірақ мен мұны байсалдылықпен қабылдаймын, өйткені мен үшін ештеңе білдірмейді. Фаворит болғаның үшін ұпай берілмейді. Ойын нәтижесі ғана барлығын шешеді.

– Алдағы ойында Абат Айымбетовтың орнына кім шығатыны туралы шешім қабылдадыңыз ба?

– Ойын жоспары құрылды. Ертеңге дейін күтейік. Кейбір ойыншыларға қатысты сұрақтар бар. Біз соңғы жаттығудан кейін екі позицияны шешеміз.

– Арман Кеңесов және Әлібек Қасымның алдағы кездесулерде дебют жасау мүмкіндігі қандай?

– Олардың бәсекелестері бар және оны жеңіп шығу оңай емес. Командамыздағы ойыншылардың барлығына сенеміз. Бірақ мүмкіндіктері қаншалықты екенін нақты білмеймін. Ойын барлығын көрсетеді. Кейде жоспардан тыс шешімдер қабылданады. Ойламаған футболшы алаңға шығатын жағдайлар да болады.

– Зайнутдинов Ресей кубогының финалында ауыр матч өткізді. Ауыр ойын оның физикалық және эмоционалдық күшін тонады. Алдағы кездесулерде оның қалпына келуі қаншалықты қиын болмақ?

– Мен айтқан футболшылардың бірі –  Зайнутдинов. Ол өзін аздап жайсыз сезініп жүр. Баха өз елінің және ұлттық құраманың нағыз патриоты. ЦСКА ойыншысы ретінде алдағы ойынға қатысуға ниетті екенін жеткізді. Алайда жағдайды толықтай зерделеу маңызды. Солтүстік Ирландиямен ойын да күтіп тұр. Екі кездесуде де оң нәтиже әкелетін шешім қабылдау қажет. Сол себепті ол барлығымен бірдей жаттығу жасап жүр. Ол туралы бүгін кешке немесе ертең таңертең шешім қабылдаймыз. 

– Магомед Мұсаұлы, өзіңіз білесіз, жақында Абай өңірінде өрт болып, халықтың қазір көңіл-күйі жоқ деуге болады. Ұлттық құрама ойыншылары мұны біле және жеңіске жетіп, елімізге қуанышты жеңіс сыйлау мақсаты бар ма?

– Иә, әрине, біз Семейде, республикамызда болып жатқан оқиғалардың бәрінен хабардармыз. Барлығын жақсы түсінеміз. Командадағы жігіттер де біледі. Қиын жағдайға тап болған жандарға алаңдап, қолдан келгенше көмек көрсеткіміз келеді. Бұл туралы федерация президентімен де сөйлестім. Өрт сөндірушілер мен өз өмірлерін қатерге тіккен барша жандарға алғысымызды білдіреміз. Оларға күш-қуат тілеймін және қиын жағдайды еңсере алады деп үміттенемін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу