Магомед Адиев: Ел алдында жауапкершілік сезінемін

1579

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Беларусьпен болатын матч алдында баспасөз мәслихатына қатысып, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Магомед Адиев: Ел алдында жауапкершілік сезінемін

– Әдетте футболшылар қонақүйден шығып бірден стадионға баратын еді. Ертең Қазақстан құрамасы Нови Сад қаласындағы стадионға бару үшін біраз жол жүреді. Оның үстіне, Сіз ол жерге төрт сағат бұрын баратынымызды айттыңыз. Бұл ойыншыларға кері әсерін тигізбей ме?

– Дұрыс айтасыз. Біздің сапарымыз өте қиын болды. Нұр-Сұлтандағы матчтан кейін алты сағат ұшып, Словакиямен ауыр матч өткіздік. Одан кейін Сербияға келдік. Ертең стадионға бару үшін тағы бір жарым сағат жүруге тура келеді. Матчтан кейін Қазақстанға ұшуымыз қажет. Уақыт белдеуі өзгереді, ал келесі ойынымыз небәрі екі күннен кейін өтеді. Мұның бәрі оңай емес. Бірақ бұл сапардың өзін жаттығу ретінде қабылдауға болады. Біз ештеңені де өзгерте алмаймыз. Сондықтан бұл мәселеден шығудың оңтайлы жолын іздеуіміз қажет. Ертең де алаңда үздік команда ретінде көрінуге тырысамыз.

– Қазір біздің командадағы тоғыз ойыншыда сары қағаз бар. Олар ертең тағы бір ескерту қағазын алса, Словакиямен болатын ойынға қатыса алмайды. Сіз осы ойыншылармен сөйлестіңіз бе?

– Жағдай мәз емес. Біраз ойыншыны өз алаңымыздағы ойынға сақтап қалғым келеді. Бірақ "екі кеменің басын ұстаған суға кетеді" деген сөз бар емес пе? Екі матчта да жеңеміз деп, опық жеп қалуымыз ғажап емес. Ертеңгі құрам сары қағаз алған ойыншыларға байланысты жасақталмайды. Біз бірінші кезекте барлығының физикалық жағдайына мән береміз.

– Ертеңгі матчта кім капитан болады?

– Бұл міндетті Исламбек Қуатқа сеніп тапсырамыз. Оның командада болғанына өте қуаныштымыз.

– Беларусь құрамасы екі матчта да гол соққан жоқ. Бас бапкері қызметінен кетуі мүмкін деген де ақпарат бар. Бұл ертеңгі ойынға әсер ете ме?

– Мұны ескерсек, бұл ойын бізге екі есе қиын болады. Себебі олар ертең бар күшін салуға тырысады. Мен басқа команда жайлы сөз қозғағым келмейді. Өзімнің де атқарар жұмысым жеткілікті. Әркім өз ісімен айналыссын. Қайталап айтамын, бізді ертең қиын матч күтіп тұр. Мұны Словакиямен болған ойыннан кейін де айтқан едім.

– Қазақстан бұған дейін Беларусь құрамасын мүлдем жеңбеген екен. Ертең сізде тарихқа енетін мүмкіндік бар.

– Менің қоржынымда "бірінші болу" деген сөз жоқ. Мен үздік болуды қаламаймын. Себебі мұның қолымнан келмейтінін білемін. Мен тек өз жолыммен жүріп, айтқан сөзім мен жасаған әрекетіме жауап беремін. Ертең елдің алдындағы жауапкершілікті сезініп, команда ретіндегі ойнауға тырысамыз. Қолымыздан келіп жатса, тек қуанамыз, жолымыз болмаса, басымызды төмен салмай, келесі матчтарға дайындаламыз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу